Вашингтондағы мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері ауа райының қолайсыздығына байланысты жұмыстан босатылды. Тағы алты штатта торнадо дауылы туралы ескерту жарияланды, деп хабарлайды Egemen.kz The Hill ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
АҚШ-тың Адам ресурстары басқармасы мемлекеттік қызметкерлерге жұмыс күнін белгіленген уақыттан екі сағат бұрын аяқтау және ғимараттарды 15:00-ден кешіктірмей эвакуациялау туралы бұйрық шығарды, кейін үкіметтік ғимараттар да уақытша жабылды. Жұмыс орындарында төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері ғана қалды. АҚШ астанасының тұрғындарына 4-деңгейдегі дауылды ескерту жарияланды.
7 тамыз күні кешке АҚШ-тың Ұлттық метеорологиялық бюросы Вашингтонда және елдің шығыс бөлігінде торнадо қаупіне байланысты дауылды ескерту жариялады. Синоптиктер АҚШ-тың бірнеше штатында қатты дауыл соғып, бұршақ жауады деп болжады. Шығыс штаттардың тұрғындарына ұзақ сапарға шықпауға және үйде болуға кеңес берілді.
Торнадо қаупі Вашингтоннан басқа Мэриленд, Солтүстік Каролина, Вирджиния және Батыс Вирджиния, Теннесси және Кентукки штаттарында сақталады.
Айта кетейік, төртінші деңгейлі дауыл туралы ескерту АҚШ астанасында он жылдан бері жарияланбаған, ол соңғы рет 2013 жылы, штаттардың шығыс бөлігін бірден алты торнадо соққан кезде жарияланған еді.