• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
05 Маусым, 2010

ЖОМАРТТЫҢ ӘЗІЛХАНҒА ХАТЫ

671 рет
көрсетілді

Адам қолына еріккеннен қалам алмайды. Ұлт зиялысы, жаратылысынан жорналшы, ойшыл қаламгер Жомарт Әбдіхалық сондайдың сойынан еді. Айтып, жазатыны қиялы мен күмбір кеудесінде мелдектеп тұрғаны өңінен де, көзінен де ұшқынданатын. Ауызекі жеткізсе, бабымен тарамдап, бипаз қамшылап, ұғынықты жұтындырып, әр байламын талғаммен түйіндеп, зерек зейінімен тәнті етер. Ондай әңгіменің құлы болмассың ба? Әлқисса, жанын шыжғырып жазғанына үңілсек ше? Қай дүниесі де көлеміне қарамастан, табиғи реңкімен, түрленіп, таранып тұрар. Мөлтек сыр, терең пайым арқылы қоғамның , адамның парқы мен нарқын безбендеп берер. Әр сөй­ле­мі қаққан қазықтай. Шымыр, нық. Босбелбеуліктен ада. Ой мен са­наға шұғылалы сәуле шашады. Мәселенки, оның “Шарболат се­нім” аталатын философиялық-пуб­ли­цистикалық кітабын оқып кө­ріңіз. Тұшымды дүние. Онда бүгінгі қоғам мен адам проблемалары та­рихи жаңа мүмкіндіктер мен нақты өмір аясында шебер қиюлас­ты­рыл­ған. Одан қалды, Жомарттың әлем­дік және қазақстандық фило­со­фия­ның қазақ тіліндегі көп томдық жобасының, атап айтқанда, соның ал­ғашқы қарлығашы – ХХ ғасыр бе­деріндегі “Ой-қазына ан­то­ло­гиясын” парақтап, саралап көріңіз. Айызыңыз қанады. Бұл әлем ой­шылдарының мұрасында өзі ау­дар­машы ретінде де ерен қы­рынан дараланады. Еңбектің ерекшелігі сол, мәдени-рухани өміріміздегі алғашқы да айтулы қадам еді. Әт­тең, ұзын-сонар мәуелі ойын енді қаузай бастағанда, қолынан қаламы сусып түсті ғой... Ойшыл адам орман тек­тес. Сырын оңайлықпен алдырмайтын әлем. Құпиясы болжамсыз. Зәуімде тұңғиығынан шөліңді басқызар-ақ, бірақ шыңырауынан шыңына өрмелеу – алаөкпе қып діңкелетері хақ. Төзу парыз. Құндылыққа құ­марту – қапысыз, мінсіз құн­дақ­тал­ған ойдың інжу-маржанын сүз­бе­леумен пара-пар тегеурінді тірлік. Осыған ден қойсаңыз, Жомарттың келесі бір келелі сөз төресі – “101 тол­ғам, 1001 түйін” таза фи­ло­со­фия­лық кітабына аңсарыңыз ауса, қа­неки. Өкінбейсіз. Өмілдірікті, өмір­шең еңбек. Адам, Қоғам, За­ман төрелігін тап басып бе­дер­леген, тарихи тағдыр, өркениет ая­сындағы болмыс туралы идеялық дәйегі мол, алуан астарлы дүр дүние. Көзмайын таусып еді, өзі қуанышын көре алмай кетті. Өз­генің кәдесіне жараған кәделі еңбек – Жомартқа деген ыссы іңкәрлікті жеңбек! ... Қай заманда да қандай ойшыл, ұлы жазушы да жаны қалаған адамымен хаттасуға бейілді болған. Рабайсыз тірлік, жазу т­е­пе­ріші, өмір өксігі, тұрмыс тауқыметі, т.б. кірбің-кетіктер сол ашық сырласуға, көңіл кірін шайқап кетіруге молынан тұнып жатыр. Бәрінікі кілең аққаптал тірлік емес-ті... Ал, Жомарттың көрнекті жазушы Әзілхан Нұршайықовқа жаз­ған мына хатынан “Адам ба­ғы­ның” терең қыртысты қат­пар­ла­ры­на зор аңсармен үңілудің ынтызар кө­ңіл-хошы әуезді һәм әуенді бипаздалыпты. Қадірлі Әзаға! Хат пен кітабыңызды алып, өзіңіз туралы түсінік-түйгенімді ке­ңей­те, тиянақтай түстім. Екі алып тұл­ғамыз – Мұхтар Әуезов пен Сә­бит Мұқанов туралы “Екі есте­лік” – айтса-айтқандай-ақ, ба­ры­мыз бен нарымызға ізгілік ілти­пат­пен, адал да айнымас құр­мет­пен қа­раудың бір айтар ескерткіші екен. Жақсыда “мін болмайтындай” табынып оның жаңсақ көрініп тұрған тұстарының өзі “жарас­ты­лық­қа” жорылып жататыны сияқты қабылдау-түсініктер кең пейілді, ке­шірімді мінезімізді таныт­қа­ны­мен, сырт жұрт кейбір мәселелерге мұ­рын шүйіре қараудан да ада емес. Бұл неліктен десем, біздің өз іші­міздегі түсінік-құрметте адал­дық, бірізділік жоқ екен. Ал оның болмауы неліктен? Осы жер ең бір шилі тұсымыз... Әрине, көп нәрсе зердеміздің жеткен жеріне келіп тіреледі. Ой-сананың “биігінде” жүргендей-ақ көрінетін бірқатар “тәуірлеріміздің” ісі мен істеп жүрген қылығында қы­руар алшақтық бар. Олар айдалада тұрып-ақ жаныңды ке­йі­теді, жігеріңді жасытады! (Бұлар кімдер дегенде – атын атап, түсін түстеді деп есептеңіз. – Сіз бағам­дап жүрген төңіректен онша алыс кетпеспін). Бұл – әрдайым түйткіл ойға ба­тыратын, көңілдегі бір алаң жай. Шын адамгершілік мейіріммен, ұлы мүдде, үлкен іс тұрғысынан ойлап, бір-бірімізге кешірімді, төзімді болу тәкаппар емес, тәлімгер болу кісілігіміз жетіспей жүр-ау, Әз-аға!? Мен бір нәрсеге айрықша се­кем­мен қараймын: осы астаналық өмір жағдайында тіршілік кешкен интеллигенция өкілдерінің бір­қа­та­ры­ның арасында кісіге арлы жүзбен қарай алмайтын сырдаң, су­сыма мінезді пәтуасыздық бар. Бұл да түпке жететін кесел. Әсіресе, твор­честволық топқа қосыл­ған­дар­дың көбі – абырой, ар-ұяттан аттап, өте бір келеңсіз жолға түс­кендер. Олардың шала-жансар өнер­пазшылдығын былай қойғанда, Отан­шыл да, партияшыл да, па­триот та өздері сияқты, бірақ түптеп келгенде, олар мұндай қа­сиет­тің бір­де-бірінен жұрдай. Ал кей­бі­реу­лерге тақ беріліп, “бақ” келген соң, мүлдем “естен ай­ырыл­ған” ғұмыр кешетіндерін қайтерсіз. Мұны кейбір саяси жетек­ші­ле­рі­міз­дің де рухани, “азаматтық” көр­со­қыр­лығынан кәміл аңғаруға бо­лады. Сонда “қылмыскер, қа­ны­пе­зер жүрексіздің халықтық (пар­тия­лық) қызыл үстел басында отырып санат шақыруға қандай хақысы бар? Жауызды дер кезінде жа­за­лау­ға қалың ел қашан да дәрменсіз-ау... “Уақыт бәрінің бет пердесін аша­ды” дейді, – әрине, бұл – әл­сіздік үміті, шарасыздың шынтағын шай­нағаны деп білемін. Тая соғып, тайқып сөйлеп, шындыққа жа­нас­қан боламыз, жармасқан боламыз. Ақиқат дер кезінде тізгін ұс­тат­пай­ды: құбылған заман, бүлінген адам... адамгершілігіміз де әлжуаз­да­нып барады. Осындай заң­ды­лық­тардың жігін іздейсің: “Таптым!.. Таптым!..” деп айтар шындықтың да шырқы жетісіп тұрған жоқ, – “қата тимесе бата тиіп, бүйректен сирақ шығар” жайы бар. Дегенмен, қайта құру өрісі бірсыдырғы үн-әуеннің естілуіне дес беріп тұр. Мұның бәрі іс жүзін­дегі ұйымдастыру шараларымен, оның орындалуын қатаң бақы­лау­мен дәйектелмесе, әрине, мұрын астынан шыққан міңгірдің әсер-құны қанша?.. Сөзбұйда саяса­ты­мыз­ға айдардан жел есіп тұрғандай “ес танып” қарау сорымызға сор жа­мамай қайтеді?.. Тайсақтық, жал­тақтық, сайып келгенде, қорқақтық неден туындайды?.. Әзаға, осындай топшылау ой­ларымды емеуріндеп айта отырып, Сіздің “басыңызды қатырғанда” мақсат біреу: ол – мендегі ой ындыны, творчестволық беталысы өмірлік позицияның аңсарынан хабар беру. Осынша “кіжініп” құ­лын­даған дауыс құраққа шыққанда, менің өз тарапымнан рухани да­муы­мызға қосқан үлес, біткен іс бол­май жатқанын ұят болса да және айту. Енді бұл сырды Сізге анығырақ ашуға тура келді деп ойлаймын. Ұзақ жылдан бері мен “Адам бағы” деген атпен бір идеяның шы­лауында жүрмін. Бұл көркем дүние емес, бірақ қажет кітап болуға тиіс. Мен өз тұрғыластарымның (жалпы алғанда ағалардың да, біз­ден кейінгі ұрпақтың да) бір осал­ды­ғын байқаймын: олар жетілген диалектикалық ойлау тәсілінің мүмкіндіктерін өте аз пайдаланады. Сондықтан да көп жағдайда өмір­дегі, қоғамдағы қайшы­лық­тардың тінін тауып, терең бойлап іс өр­істете алмайды, –ойлау келте бол­ған соң қанша ұзайды. Мол мә­лімет, көп дерек, қыруар тарихи, табиғи оқиғалардан хабардар, сол білгендерін жақсы әңгімелеп бере алатын кісілердің өзі арқандаулы ат тәрізді онша алысқа ұзамайды. Көп шырмалады. Дегенмен, таным процесіндегі “Өмірдің, практиканың...” құдіретті күші біраз жайды ұқтырғаннан кейін барып ілуде бір адамдардың нағыз творчестволық көбірек көзі ашылады, даңғыл сара жолға түседі, сөйтіп олардың әрекетшіл ойы қайткен күнде де іс болып тынбай, тыным таппайды. Мұндай бағы жанғандардың мысалына, бәлкім, Нұрмолда Алдабергенов, Ыбырай Жақаев, Жазылбек Қуанышбаев... тіпті Қалибек Қуанышбаев, Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов... тағы-тағы әр саладан осындай он­да­ған адамдар жатады. Ал біздің жа­зушы ағайындардан “таза” өмір­дің ғана сабағымен сомдалғандарға Сәбең, Ғабиден ақсақал... одан кейінгі лектен, университеттік білім алғаныңызбен, Сізді де осы ерекше топқа жатқызуға болады. Мұндай тұлғалар қай заман, қай жұртта да баршылық. Енді не керек дейсіз ғой? Керегі: осындай аздаған шоғыр емес, неғұрлым көп адамды не­ғұр­лым алғашқы өмір кезең­дерінен бастап дұрыс танымға негізделген тіршілік әрекетіне көшуіне көмек­тесу, олардың азаматтық мінез, бі­тімді тұлға қалыптас­тыруына жәрдемдесу. Бұл еңбектің мақсаты – қайт­кен күнде де адамның бағын жан­дыр­уға қол ұшын беру мұраты. Сонымен “Адам бағы” – бірін­ші­ден, адамзат әулетінің өмір сүру, тір­шілік кешу, игілікке жету кү­ре­сінен, ішінара тарихынан қадау-қа­дау мәуелі баққа ұласқан бәй­те­рек­терді көзге шалдырса, екіншіден, әр адам үшін бағы жанатын жүйелі таным жолын меңзеу. Бұл – ойлау мүмкіндіктерін ашу арқылы ғана баянды болатын іс. Ал мұның жаңалық немесе “болмағанды ашып отыр екенсің” деп қарайтын ештеңесі жоқ, – бір сенімім осында. Онда тек өмірдің өз дидарындай айқын шындық­тарды жүйелеп тарату, жинақтау, түйіндеу арқылы Адамның тууынан өм­ір­ден өтер шағына дейінгі ара­лықта әртүрлі алдамшы жолға бой алдырып, бөгеліп қалмай, арналы, түпкі нәтижесі айқын – әйтеуір бағы жанбай қоймайтын кең өріске шы­ғу мүм­кін­дігі желі болып тартылады. “Адам бағы” деп отырғаным ендігі бір орайда кәдуілгі бақ-орманның бітімі тәріздес адамдар тағдырын елестету. Онда бәрі бар: Еңбек, Өнер, Ғылым, Махаббат, ғадауат... тегіс. Тұтастай алғанда, қоғам деген­нің өзі – сондай тіршіліктен тұ­ратын адам бағы. Бірақ ондағы жан иесінің әрқайсысы потенциалды түр­де гүлдеуге, мәуелі жеміс беруге тиіс болғанымен, олар қыруар ке­дергі қауіп-қатерге ұрынады. Және мұндағы қуаңшылық, алапат сой­қандар табиғат дүлейінен басқаша – Адам-құдірет, адам-хайуан болмысының заңынан туындайды... Соны қалай “бір тарының қауызына сыйғандай” жинақтасам екен деп көп сенделдім. Қазақ жұртының төл туын­ды­ларында өмірдің қыбын аңдау, сырын болжау әр кезде-ақ айтылып отырған. Шағын шеңберде үзік-үзік, нақпа-нақ, дәлме-дәл па­йым­далған, ешбір заманда ескірмейтін нақыл, қағида тұжырымдап біздің халқымызда да тіршіліктің (қо­ғам­ның) диалектикалық болмысын тап басып отырады. Бірақ жүйелі, қа­рымы ауқымды қалыпқа түсе қоймаған, әттең. Тіршілік тарихи кезеңдердегі жағдайларға сәйкес түрліше дидар түзе­генімен, сан түрлі пиғыл, үміт, аң­сарлардың ықпалында құ­был­ға­ны­мен, адам ең бір сенімді, берік дің­гекке табан тіреп, содан бағыт, қуат ала беруі керек. Сол діңгекті кезінде тап баса алмайды екенбіз. Өмірінің табиғи соңғы ширегіне қарай бағы жанбаған қыруар адамды көріп, кісілер қандай әрі-сәрі, тек “тағдырдың тәлкегімен” ғұмыр кешеді деп жаның ауырады. Қоғамдағы белгілі “Қамыттан” ешкім де құтылмайды, сөйте тұра мәселе – әркім үшін бар мүм­кін­дікті пайдаланып, бағыт түзеуде. Кім бұған ертерек іліксе, соның шырағы жанады. Әзаға, өзіңіз айтатын “бағыттың түзу болуы...” адамдардың бағы жануының ең бір берік арқауы. Бұл дүниетанымның өзекті негізден нәр алуына, ауқымдылығына, дәйек­ті­лі­гіне тікелей байланысты. Мар­кс­тік-лениндік ілімнің, әсіресе, та­ным теориясының (диалек­ти­касының) мүм­кіндіктерін, мүлдем ес­кер­­мей­тіндер, ал кейбіреулер схема бо­йынша ескерген болып оты­рып, шын­дықты белінен басатыны бұл күнде айдан анық. Қазақи бол­мыстың “бақсыздығын” дер кезінде неге тап баса алмай жүрміз? Оның бір себебі, – біздің дог­ма­шыл­ды­ғымыз, сыртқы бірдеңелерге мәз бо­латындығымыз, ойлаудағы тоң­мо­йындығымыз. Бұдан мінез-құлық, іс-әрекетіміз ақсайды. Ғы­лым қолда, білімді де алғандай алып жатырмыз (про­центпен есеп­тесе, тіпті “шырқап” кеткен), бірақ жалпы халық бітіміндегі ой-санамызда кенделік, “қой бас­тылық” әр жағдайдан-ақ көзге ұрып тұрған жоқ па?!. Демек, ой қорыту машы­ғымызда, ойлау-түсінігімізде ақау бар және ол біздің ағайындардың басым көпшілігіне тән. Көрсек иек астындағыны ғана көреміз. Содан да қаусап жатырмыз... Адамды “өмір билейді”, “тұр­мыс билейді”, “қоршаған ортасы билейді” деп мойындаймыз, ол рас. Сол билеушілердің қол астында жүріп-ақ жол тапқандар, жөнді жер­ден шыққандар, сөйтіп Дүние-Көшті дұрыс аяқтап кеткендер қаншама?.. Бұлай ету көп адам­дар­дың қолынан келер еді. Бірақ, өкі­ніш­тісі сол, олар осы жолды таба алмай дал болады, басын тауға-тасқа соғумен өтеді. ... Адам бағы, шіркін-ай, неге жанбай кетті екен дегенде, менің тапқан бір тиянағым – оларға дұ­рыс дүниетанымның негізі, бағыт-баяны қалай сайласатынын айтып беру. Қалай шығатынын қайдам?.. Бұл жартылай философиялық еңбек. Қандай іс істесең де адам өмі­рінің мәнін бірінші кезекке шы­ғару тұрғысынан келу керек. Қазіргі күрделі тіршілікте ол тікелей мә­селе болып қойылуы қажет. Өйтпеген күнде... Оңбаймыз!.. Әзаға, мен “Адам бағының” идеясын Сізге толығырақ жеткізе ал­май жатырмын, дегенмен ұзын сарыны, ең негізгісі осы. Бір ыңғайда, айтарын айтсам да, өзіңізден жасқанғандай рет бар: “ананы істегім келеді, мынаны көр­сем қайтеді” деген сияқты баланың мінезіне сайып жатыр мұның бәрі, екіншіден, біздің қазақ ақыл-ой еңбектерінде адам тіршілігінің мәніне арнайы бағытталып жа­зыл­ған төл туынды жоқтың қасы. Кей­бір профессионал философтар бол­ға­нымен, Қазақ жұртының бол­мы­сын бағамдауға, әсіресе бұқара қазақ үшін онша еңбек сіңіріп жүрген жоқ. Немесе мұқтаж-мүд­де­міз­ді талдап, идеологиялық прак­ти­каға қосқан теориялық ұсыныстары да шамалы. Олар “академиялық ко­ридорда” канондық заказ-тақ­ы­рып­т­арды шиырлауда. Оның өзі үлкен ғылымда анық жайлар... Мен қазақ жұртындағы ақыл-ой тоқырауының бір себебін мынадан деп білемін: ойлау жүйесін да­мы­тып, жетілдіретін фило­софиялық еңбектердің бәрі орыс тілінде – оны бізден тек санаулылар ғана оқиды: ал ана тілімізде шыққан аздаған әлжуаз, жеңіл-желпі басылымдарға қазақтар, әсіресе, жоғары білімді маман болып кеуде қағып жүргендер ден қойып, сонда бірдеңе бар-ау деп әсте ойламайды әрі шала түсінген соң, жоламайды. Олар жалпы философияның аты аталған жерден үркіп жүреді. Есей­ген сайын адам неғұрлым дұрыс ойлауға машықтануы керек қой десең, ертоқымын бауырға алып, әптер-тәптері шығып намыс­танады. Өмірдегі көзге көрініп тұрған (эмпирикалық, прагматикалық...) қайшылықтар шеңберіндегі мысалдарға тұсалып, одан әрі ой тереңдетуге бара алмайды. Бағыт­тың айқындығына демеу беретін қорытынды да шығара алмайды... Тіршілік... Қоғам өмірі – де­мек, адамдардың ұдайы кешетіні – мәңгілік ауысып (жаңарып), түрленіп отыратын және үздіксіз қайшылықтар қақтығысы. Бүкіл ғұмырында әркімнің қыр жел­кесінде қылға ілініп тұрған Дамокл қанжары осы. Принципінде бұдан “құтылғысы” келмейтін адам жоқ деп айтуға болады. Бірақ, қалай?.. Шындық мынау: қайшы­лық­тар­ды тап басып анықтай білуге, бағдарлап отыруға, шама келсе, шешу тенденциясына көшуге ша­ла­ғаймыз, шорқақпыз... Содан келіп құр “мә, маған – мә, саған” деген келте шешімдер жасаймыз. Міне, терең ойлау пәнінен сауат­сыздық. Кейбір қазақша жазғыш­тарымыз (сыншылар) бұл үлкен пән­ді өзінің анық ғылыми дәре­же­сінде игермеген, олар ең қара­пайым категориялардың өзін ұғым­дық шеңберінде орынды қолдана алмай шатыстырады, ал фи­ло­софиялық білімі барлар қазақша жазуға, қазақ халқының болмысын түсініп білуге шорқақ. Жалпы алғанда осындай екі­ұдай­лық біздің табиғи фи­ло­со­фия­лық ойлау қабілетіміздің шың­да­луына өте өкінішті нұқсан келтірді. Жоғымызды жұрттың деңгейінде ойлауға жете алмадық: барымыз – өзімізге жат күй кештік, – міне, тағдыр! “Орнында бар оңалар” дегенге өте сенеміз бірақ, амал қанша! Сау-сәлемет болыңыз. Сәлеммен Жомарт. 14 сәуір, 1988 ж. Қайсар ӘЛІМ. АҚМОЛА. ... Байқаған боларсыз, қадірлі оқырман, Жомарт Әбдіхалық хат жебесін еріккеннен ұшырмаған сыңайлы. Толғанысының тұрпаты Әзағаңа “наздың” сипатынан айқын есіп тұрғандай. Автордың азаматтық ұстанымы салмақты әрі өркешті. Сөз әуенінен ұзаққа сілтер шабыс, алмас тұяқ серпіні сезіледі. Табысы ше? Иә, табыс, өзі көз жұмған 2004 жылдан соң, келесі жылдың белесінде оқырман қолына тиген “101 толғам, 1001 түйін” философиялық еңбегімен тиянақталғандай. Аталмыш хатта әңгіме нысанына айналған, болашақ жазылатын “Адам бағының” (кейінгі түпкі атауы – “101 толғам, 1001 түйін” болып тиянақталған сияқты – Қ.Ә.) мәуелі жемісі де, қаламгердің жеңісі де осы дәмді дүниесімен ой кәусарының тұма бұлағы көзін ашыпты. Жомарттың бұл өз оқырманына аманаттаған ақырғы әпсаналық мұрасы, сом сыйы екен-ау. Он алты жыл бойғы ойын кернеп, жүрегін тырнаған ақтық ақық жыры – соңғы демі іспетті. Мазмұны күнібұрын хатпен әспеттеліп, Әзағамен сыр бөлісіп ақылдасқаны, жазылатын дүниесінің жаратылысын мінсіз жөндемдеп алуды күйттеген жөн-жосығы болса керек!