Электронды коммерцияның дамуымен елдер арасында сауда-саттық бұрынғыдан да тиімді бола түсті. Қазір жаһандық электронды сауда нарығының көлемі 3,5 трлн теңгені құрайды. Ел азаматтары қытайлық электронды коммерция өнімдерін жаппай сатып алып жатыр. Басты себеп – тартымды баға және ауқымды ассортимент.
Қытайлық интернет-дүкендер арқылы электроника мен киімнен бастап тұрмыстық техника мен аксессуарларға дейін әртүрлі санаттағы өнімдерге қол жеткізуге болады.
Жалпы, Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда айналымы 2022 жылы 31 млрд долларды құраған еді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда айналымы 40 млрд долларға жетеді деп межелеген еді. Осының ішінде электронды сауданың үлесі зор. Осы орайда елдер арасындағы сауда-саттықты өрістетуге себеп болып тұрған танымал маркетплейстерге тоқталып өткеніміз жөн болар.
AliExpress. Қытайдан бөлшек сауда үшін ең танымал маркетплейстердің бірі болып қала береді. Бұл платформадан көтерме және бөлшек саудада сатып алуға болатын түрлі санаттағы тауарлардың кең ассортиментін табуға болады.
Taobao. Ең алдымен Қытайдың ішкі нарығына бағытталған танымал маркетплейс. Taobao пайдаланатын біздің азаматтар ондағы тауарларды сатып алу және жеткізу үшін делдалдық компаниялар көмегіне жүгінеді.
JD.com. Тауарлардың кең таңдауы бар тағы бір ірі қытайлық онлайн нарық. Ең ірі интернет-дүкен болғандықтан, ол жерден сенімді сатушылардың жоғары сапалы өнімдерін табуға болады. Жақында осы сайтта қазақстандық өнімдердің топтама павильоны ашылды.
Alibaba.com. Көтерме саудадағы ең үлкен және танымал маркетплейс.
Dhgate. Қытайдан көтерме және бөлшек сауда жасауға арналған танымал маркетплейс.
1688.com. Alibaba Group-қа тиесілі бұл қытайлық маркетплейс отандық кәсіпкерлер арасында тауарларды көтерме сатып алуға болатындығымен танымал.
Pinduoduo.com. Электронды коммерция бойынша ірі Қытай кәсіпорны. Әлемнің ең ірі онлайн-дискуантер және маркетплейсі. Қолданысы жағынан жеңіл болған соң, қазіргі уақытта елімізде кеңінен танымал.
Жоғарыда кейбір қытайлық маркетплейстерді пайдалану үшін делдал компаниялар көмегіне жүгіну қажет болатынын айттық. Taobao-дан бөлек, 1688.com-нан тауар алу үшін делдал компания іздеуге тура келеді. Оны ел арасында «карго» деп атап кеткен. «Карго» тауарларды қытайлық сайттардан сатып алып, оларды Қазақстанға жөнелткен кезде әуе поштасы, теңіз контейнерлері немесе халықаралық курьерлік қызметтер сияқты әртүрлі жүк әдістерін пайдаланады. Қайсы маркетплейстің де жеткізу мерзімі шамамен бірдей – бір аптадан бір айға дейінгі аралықта тапсырыс берген тауарыңыз келіп жетеді.
«Мен Pinduoduo сайтынан тауар алып-сатумен бір жарым жылдан бері айналысып келемін. Тауардың келуі «каргоға» байланысты, дегенмен өзім 8-10 күн аралығында тапсырысымды аламын. Өте арзан және сапалы заттар сатып алуға мүмкіндік бар. Соның нәтижесінде Қытайдан шар сатып алып, Алматыда әртүрлі фотоаймақ, шарлар, түрлі мерекелік декорация жасаумен айналысып жүрмін», дейді маркетплейстер игілігін көрген кәсіпкер Жанна Қанатқызы.
Аружан МӘУЛЕНБАЙ,
Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының 4-курс студенті