Алматыда мектепке жетуі қиын оқушыларды тасымалдау үшін 100 мектеп автобусы сатып алынды. «Мектеп автобусы» жобасы қала әкімі Ерболат Досаевтың бастамасымен Алматыда алғаш рет жүзеге асырылып отыр. Жоба мектептен шалғайда тұратын кішкентай оқушыларға арналған, деп хабарлайды Egemen.kz.
Алматы қаласы әкімдігінің мәліметінше, автобустар халықаралық қауіпсіздік стандарттарына сәйкес келеді, автобустарда авариялық шығу жолы, қауіпсіздік белдіктері, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған пандус бар. Балалар мұғалімнің қарауымен және балаларды тасымалдау ережелеріне сәйкес тасымалданады.
«Бірқатар мемлекеттік мектептер 1 қыркүйектен бастап жүретін мектеп автобустарымен қамтылады. 20 орындық автобустар жолдары тар тауларға қарай жүреді. Мектептер бағыттарды, балаларды алып кету уақыты мен аялдамалар санын әзірлеп қойған. 1 балаға бір орын қарастырылған, бәрі отырып барады», деді Бостандық аудандық білім бөлімінің басшысы Айгүл Қасымбек.