Семей қаласында Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Ұлы ақын, ағартушы Абай Құнанбайұлының ескерткішіне ғалымдар, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым, депутаттар, жастар гүл шоқтарын қойды. Салтанатты шараға Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев қатысты.
Өңір басшысы бұл шара ұлы тұлғаға тағзым ету ғана емес, ел тарихында баға жетпес мұра қалдырып, өшпес із қалдырған ақынның өмірі мен шығармашылығын насихаттауға да құрмет көрсетіліп отырғанын атап өтті.
«Заманалар ауысып, дүние дидары, күнде өзгерсе де, халқымыздың Абайға деген, құрмет сезімі, еш кемімейді! Үкіметтің қаулысымен белгіленген осы күн де – соның айғағы. Ақынның мол мұрасы – баға жетпес, рухани асыл қазынамыз болып қала береді. Қалың елін, қайран жұртын «жеті қараңғы түнде» адастырмай, «бес дұшпаннан» бой суытып, «бес асыл іске» асықтырған Ұлы Абай – туған халқымен мәңгі жасайды! Себебі – осынау алмағайып заманда, сүйенеріміз де, табынарымыз да – Абай!», деді облыс басшысы.
Естеріңізге салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында Абай мұрасы - ұлт болып бірлесуімізге, ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылық екендігін атап өткен болатын. Осылайша 10 тамыз бүкіл Қазақстанда «Абай күні» болып белгіленгені мәлім.
Айта кетелік, мерекеге орай 8 тамыздан бастап Абай облысының барлық қала мен аудандарында 50-ден астам мәдени-танымдық іс-шаралар өткізілуде.