• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Құрылыс 13 Тамыз, 2023

Әскери құрылысшылар кәсіби мерекесін атап өтті

173 рет
көрсетілді

Құрылысшылар күніне орай гарнизондарда әскери қызметшілердің, азаматтық персоналдың және сала ардагерлерінің қатысуымен салтанатты іс-шаралар өтті, деп хабарлайды Egemen.kz Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл күндері Әскери инфрақұрылым бас басқармасына 19 аудандық пайдалану бөлімі мен 6 жол-пайдалану учаскесі қарайды. Бөлімшелер объектілерді салумен және оларды күтіп ұстаумен, қолда бар қорды күрделі және ағымдағы жөндеумен айналысады.

Тәуелсіздік алған жылдарда Қарулы күштердің құрылыс бөлімшелері біраз әскери қалашықтар мен нысандар салды. Оның ішінде Қорғаныс министрлігінің әкімшілік ғимараты, Астанадағы Ұлттық қорғаныс университеті мен Щучинск қаласындағы Кадет корпусы ғимараттарының кешендері, Ақтау, Шымкент қалаларындағы әскери қалашықтар, Маңғыстау облысының Бейнеу ауылындағы әскери қалашықтар бар.

Құрылысшылардың жасампаз еңбегінің арқасында оқу-жаттығу полигондары мен орталықтары, атап айтқанда, Ақтау, Гвардейск және Приозерск қалалары да қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілді. Қарағанды, Ақтау және Астана қалалары әуеайлақтарының әскери секторларында объектілер салынды. Шымкент, Талдықорған, Балқаш қалаларындағы әуеайлақтар күрделі жөндеулерден өтті.

Әскери құрылысшылардың күшімен модульдік конструкцияларға негізделген жылжымалы тұрғын үйлер, казармалар, асханалар, штабтар, оқу, әкімшілік және техникалық ғимараттар салынып жатыр. Әскери қалашықтар жоспарлы түрде абаттандырылып тұрады, кіреберіс жолдар да жөнделуде, балалар және спорт алаңдары жабдықталып жатыр.

Қарулы күштердің құрылысы мен оны дамытудың жаңа тұжырымдамасы шеңберіндегі іс-шараларды жүзеге асыруға ерекше назар аударылып отыр, оқ-дәрі қоймалары, әскери қоймалар салынуда. Оларды жетілдіру және қажетті жабдықтармен жарақтандыру жұмыстары жүргізілуде.

Жаңадан құрылған Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарында және Түркістан қаласында қорғаныс істері жөніндегі департаменттерінің штабы мен қызметтік-техникалық үй-жайларын салу жоспарланып отыр.

Кәсіби мерекеге орай Қарулы Күштердің ардагерлері, белсенді әскери қызметшілер және бөлімшелердің азаматтық персоналы еліміздің әскери-құрылыс саласын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін медальдармен, естелік белгілермен, грамоталармен және алғыс хаттармен марапатталды.