Мұхтар Мағауиннің «Өмір жыры» хикаясы кімге болсын әсер етпей қоймайтын шығар, сірә. Тілінің жатықтығы, бәлен-түген демей-ақ қоялық, оқиғаларының тартысты, табиғилығы, жанға жақындығынан болса керек. Сәулелі сезімге оранған сәттерінде кім де болсын кешетін күй ортақ. Самал қай жағыңнан соғып, қалай тербейді?..
Әркімге әртүрлі әсер еткенімен, бастапқы сезімдер ұқсас. Оны әсірелеп жазуды көксей ме жазушы, бірақ. Жоқ, әрине. Қасиетті өмір жырының өзегі махаббат сезімі бойыңызды биледі ме, Алланың қиған ең ұлы сезімін сіз қаншалықты сезіне алдыңыз? «Ғашықтық құмарлық пен ол екі жол, құмарлық бір нәпсі үшін болады сол» деді Абай. Сіз қайсымен жөнелдіңіз? Егер шын махаббат болса, оны қастерлеп, адалдық таныта білдіңіз бе? «Саған құрбан мал мен бас» деп! Мұның бәрі айтуға жеңіл болғанымен, адам өмір бойы іздесе таппайтын, душар болған күннің өзінде, бәлкім кейбіреулер болмашы ұшқындарының өзінен тайқып кете баратын ең ұлы, ең азап әрі ғажап сезімдер емес пе?
Сондықтан «Өмір жырының» тереңіне екінің бірі үңіле бере алмасы хақ. Біз де соның бірі едік. Кейін Таласбек Әсемқұлдың «Абайдың ұлы жұмбағы» атты мақаласын оқу барысында ептеп маңайлағандай болдық па, оның өзіне аса сенімді емеспіз. Десек те, оқырманға сілтемесін қалдырып, із тастаған лазым. Кейіпкерлерінің өзі асау. Әуелгісі – суретші, ғашықтық дертіне душар болған және соны өмірінің өзегіне айналдырған өзгеше жан, тағдыр иесі. Әлемдік бейнелеу өнерінде қолтаңбасын қалдырған Ван Гог, Поль Гогендердің биігін мұрат тұтқан таланттың сүюі де, кездесуі де, қоштасуы да қызық. Меніңше, ол қырсықтығына бақпағанда... Онда сурет өнерінде арқау тауып, «Алғашқы махаббатты» салып шығуы... Мүмкін одан да биіктерге құлаш ұрар ма еді? Осы екі арада Тәңірдің ұлы жұмбағы тұрғандай сезіледі... Түйеріміз, қол жетпеген махаббат түйірінің өзі шығармашылыққа айналса, елдің аузын аштырады, мәңгілік бейнеге айналары сөзсіз.
Ал екінші кейіпкер – қатардағы жүргізуші, ол да осал жан емес. Махаббат дертіне ұшырағандықтан және сол жолда тәуекелге бара алғанынан. Бірақ мұнда адам жанының психологиялық терең қатпарлары бір сұрақтан келесіге жетелеп, әрі-сәрі күйге түсіреді. Шығармадағы әйел Әсияның қылықтары Абайдың «Сұрғылт тұман дым бүркіп» деп басталар өлең яки аудармасын еске салады. Алғашқы суретшінің махаббаты шығармада үш жақтан талданады, аздап болса да шет жағасына жақындайсыз. Бірақ онда да жасырулы жұмбақ аз емес. Таласбек терең пайымдайды оны:
«Автор махаббаттың қилы тағдырын аша отырып, үлкен ізгілік сауалдарын көтерген. Бірінші новелладағы суретші – шын сүйген адам. Әрине, повесті алғашқы оқығанда кейіпкердің түсініксіз қатыгездігіне таңғалар едіңіз. Трамвайда кездейсоқ кездескен қыздың көзіне ғашық болған суретші арада бірнеше ай тынымсыз іздеудің нәтижесінде сүйгенін табады. Бірақ одан кейін сөзден жаңылып, ғашығын азаптап қинай бастайды. Араға апта салып, ай салып, тіпті жыл салып, махаббатын сынаған суретшінің жалғыз ғана мақсаты – қызға сүйем деген сөзді айтқызу. Мұндай қатыгездікке сұхбаттас жазушы да таңғалады», дейді. Мұнда «сұхбаттас жазушы» автор емес, шығармада суретші, жазушы, композитор – үшеуі алғашқы махаббаттары туралы баяндап отырғандағы кейіпкер.
«Біз естіген хикаяда сүйген бір-ақ адам – Әлия деп ойлаймын. Жарайды, шығарып салмасын. Сол күні не жағдай болғанын қайдан білдіңіз? Қалыпты өмір ағысын бұзатын кездейсоқ оқиғалар өмірде аз ба? Мейлі, біздікі тек жорамал. Одан кейінгі күндер ше? Хабар күткені күмәнсіз. Ынтыға, зарыға күтті. Бәлки, тіпті сізбен еріп кетпегеніне өкінді. Сіз ойлануға да мұрша берген жоқсыз ғой. Сөздің түйіні, кінәлі бір-ақ адам – сіз. Сүйген бір-ақ адам – ол», дейді жазушы.
Өкінішке қарай, жазушы (кейіпкер) хикаяны тыңдап отырып, ештеңе ұғынбаған. Әрине, ол өзі ойлағандай, адам жанының білгірі болса, бұл жерде ешқандай қатыгездіктің жоқ екенін, суретшінің тентек қалжыңдары немесе садизм, (...) махаббаттың сублимациясы екенін аңдар еді. Араға пәленбай уақыт салып, асығып-аптығып жеткен суретшіге сүйген қызы өзінің басқа адамға тұрмысқа шыққанын жайбарақат қана баян етеді.
«Ақыл тоқтатқан кезімде ойлап отырсам, ол мені ешқашан да сүймепті. Ұнатуы, теріс көрмеуі мүмкін. Ал махаббат жоқ. Мүмкін емес», дейді суретші.
Повестегі үшінші новелла – жазушыға пойызда кездесіп қалған кездейсоқ жүргіншінің махаббатын баяндайды. Өзінен бірнеше жас үлкен, өмір көрген әйелге ғашық болған, осы жолда талай қасірет шеккен кейіпкердің өртене отырып айтқан әңгімесі оқырманын қатты тебірентеді. Махаббаттың от-жалын стихиясында заңнан, әдептен үстем шығатын асқақ шындық бар. Жігіттің сол өңірге аты шығып қалған, есік көрген әйелге ғашық болуы – ессіздік, бірақ өзінің қайталанбас сыры бар ессіздік. Шын асықтық – құпия және заңсыз. Екі ғашық туған елді көрмей кетуі, заңды түрде некеге тұрмауы – осының барлығы жазушы шебер пайдаланған жанама кеп. Дүниедегі ең үлкен қайғы – басқамен бөлісе алмаған махаббат. Арада қанша уақыт өтсе де, кемерінен бір елі төмен түспеген, күйіп-жанған асықтық ақыр соңында әйелді үркіте бастайды. Екеуінің бір-біріне лайық емес екенін сезесіз. Шын махаббат – кездесу кездейсоқ болмағанда ғана, Тәңірі қосқан екі жардың арасында ғана болады. Бірақ көп жағдайда адамдар дәм айдап, кездейсоқ кездеседі. Басқа жағдайда адам өзіне лайықтырақ басқа біреуді табар еді. Көп адамның арасындағы сиықсыз неке осындай кездейсоқ кездесуден. Әңгіменің аяғында ғашық жігіт жалғыз үйлі разъезден түседі. Оны ешкім қарсы алмайды. Бұл – бүкіл хикаяның логикасымен дайындалған жалғыздықтың символы.
«Махаббат сырын тауысу мүмкін емес» деген ой түйеді автор. Себебі әр адам – махаббаттағы жеке тағдыр» деп аяқтайды Таласбек Әсемқұл.
Шығарманы оқыған сіз мүлде басқаша түсінуіңіз мүмкін.