Адам және оның тағдыры – Оралхан Бөкей шығармашылығының басты лейтмотиві. Ол жазу әлеміне «мал, малшы, өндіріс, жұмысшы» деп күбірлеп, сыбырлап келген жоқ, бар даусымен айқайлап «Адам!» деп келді. Адам, Адамның тағдыры дейтін үлкен гуманистік мұраттарға ұмтылды. Жазушының алғашқы шығармаларының бірі – «Мұзтау» повесінен (1974) бастап соңғы жарық көрген «Атау кере» романына (1989) дейінгі аралықтағы қай туындысында да кейіпкерлер – «адам орманда» адасқан жандар немесе сол «орман» қиындығын жеңгісі келіп, жол іздеген пенделер.
Суреткер адамдар арасындағы теңсіздіктің себебін, тіршілік философиясын олардың қоршаған ортамен қарым-қатынасы арқылы түсінгісі һәм түсіндіргісі келеді. Сондықтан да Оралхан Бөкейдің көркемдік әлемі адамның жан дүние қатпарындай құпияға толы, мәңгілік мұраттармен астасып жатады. Академик, сыншы Серік Қирабаевша айтсақ, адамды ардақтау, оның ұлылығын жырлау – Оралхан повестерінің негізгі тақырыбы.
ХХ ғасырдың екінші жартысында әдебиет пен мәдениет, жалпы, әлемдік руханият саласында «постмодернизм» аталатын жаңа әдеби ағым пайда болды. Міне, әлемдік әдебиеттің осы бір тың толқынын қазақ әдебиеті мен драматургиясына тұңғыш әкелушінің есімі – Оралхан Бөкей десек, титтей де артық айтқанымыз емес. Ол – «ішкі» және «сыртқы» тақырыптарды меңгеріп, адам санасының табиғатпен екі арадағы «қос жарылуын» (раздвоение личности) қазақ сөз өнеріне алып келген жазушы.
Дулат Исабеков Оралхан Бөкейдің кейіпкер характерін берудегі романтикалық екіұдайлық тәсілін бізге берген сұхбатында: «Оралханның өмірден ерте кетуінің өзі қазақ әдебиетіндегі философиялық романтиканың жойылуына әкеліп соқтырды. Символикалық ойнату тәсілдері орыс әдебиетінің поэзиясында болмаса, драматургиясында бола қойған жоқ. Міне, Брюсов, Блок, Есенин, Бальмонттардың өлеңдегі сол өрнегін бірінші болып драматургияда даралаған Оралхан болатын. Оны біз кейіннен постмодернизм деп жүрміз. Оралхан сол постмодернизміңіздің классикалық үлгісін салып беріп кетті», деп қорытқан болатын.
Шынымен де, Оралхан Бөкей шығармашылығында қарама-қарсылық (конфликт) романтикалық қасиетімен ерекшеленеді. Қаламгердің романтикалық дүниетанымында Жақсылық пен Жамандық – бір-бірінен ажырағысыз егіз ұғымдар. Айтулы диалектикалық бірлік Оралхан шығармаларының өзегі десе де болғандай. Бұлардың арасында ішкі байланыс бар, екеуі қатар өмір сүреді, бірінсіз бірі жоқ. Мұндай екіұдайлық өмірдің өзіндегі қайшылықтан келіп туындайды. Яғни Оралхан Бөкейдің суреткерлік әлемі негізінен контрасты түрде екі дүниеден: ақ пен қара, күн мен түн, жарық пен қараңғы, қаталдық пен қайырымдылық, жақсылық пен жамандықтан тұрады. Бірақ бұл қарама-қарсылықтар бүтіннің бөлшегіндей бөлінбес бірлікте, бірі арқылы екіншісінің қадірін білуге үндейді. Сол арқылы қарама-қарсылық өрісі жалқыдан жалпыға кеңейе келе, енді адамдар арасындағы екіжақтылық қоғамдық ортаға баға беру үшін де қолданылады. Яғни қарама-қарсы екі образдың, екі түрлі рухани әлемнің қақтығысын суреттеу авторға өмір құбылыстарындағы қайшылықтарды нақтырақ, айқынырақ бейнелеуге мүмкіндік бергенін байқаймыз.
Контраст тәсілінің ұтымды тұсы бас кейіпкердің қадір-қасиеті, рухы, ішкі жан дүниесі оған қарама-қарсы кейіпкердің жанында айқындалып, ашыла түсетінінде, біздіңше. Мұндай кейіпкерлер өзара кереғар болғанымен, бірге жүреді, бірге тұрады. Мәселен, «Қар қызындағы» Нұржан мен Аманжан дос, Қоңқай бар жерде әрқашан Шал да бар. «Сайтан көпірдегі» Анаудың арамдығы арқылы Аспан рухының асқақтығын аңғарамыз.
Оқиғаны дамыта, сюжетті ширата келе жазушы ішкі қарама-қайшылықты одан әрі тереңдетіп, тіпті кейбір тұста бір кейіпкердің өзін қақ жарады: Ақтанның бойынан өзіне кереғар Аңшының бөлініп шығуы немесе бір ғана Ақтан кейіпкердің Ақтан 1, Ақтан 2 болып жарылуы, сондай-ақ бір адамның бойында екі дауыс, екі әлем – ақылы мен сезімі, әлсіздігі мен мықтылығы қатар жүруі және тағы басқа. Сол секілді бас кейіпкердің Сайтан көпірден өтердегі оның басындағы сайтаны мен періштесінің тайталасқа түсуі немесе енді бірде болмыс жұмбағын шешіп, әлдебір құпиялыққа деген құлшынысы қаламгер шығармашылығындағы романтикалық фантастикаға қуатты екпін дарытып, оқиға динамикасын жандандыра түсетінін байқауға болады. Мәселен, бір қарағанда «Сайтан көпірдегі» Аспан шал – нақты адам, қарапайым еңбек адамы – жылқышы болып көрінгенімен, бірақ Аман көпір-сынақтан өтерде Аспан баласына көмекке келген тылсым күш бейнесінде «күркіреген даусымен» көктен үңіліп дем беруі, ал көміп тастаған екі аяғы баласын аман алып шығуы немесе «Қар қызы» повесіндегі Қар қызы алғашында малшының қызы Алмажандай әсер етсе, енді бір тұста кім екені белгісіз жұмбақ бейне болып тіл қатады. Бұл жердегі адам жанынан бөлініп шығар тылсым күштің адам өміріне әсер етуін соңғы кезде ғалымдар екіұдайлық (двоемирие) идеясымен байланыстырып жүр. Бұл жөнінде қаламгердің өзі «Ел мен жер» эссесінде былай деп түсіндіріп өтіпті: «Әр адамның бойында екі «мен» бар. Өмір бойы бірі жақсылыққа, бірі жамандыққа бастайды. Қайсысы жеңеді – сол үстемдігін құрады. Тартыс жеке адамның өз басында туып, бір пиғылы сыртқа тебеді».
Демек олай болса, біз қазақ модернизмі мен постмодернизмінің бір бастауында Оралхан Бөкей прозасы тұр деп батыл айта аламыз. Сөйтіп, бүгінде әдеби айналысқа постмодернизм деген атаумен енген шығармашылық ағымды қазақ әдебиеті мен драматургиясына тұңғыш әкелушінің есімі тікелей Оралхан Бөкеймен байланысты екеніне көз жеткіземіз.