Монреальдағы турнирдің жартылай финалына дейін жеткен еліміздің бірінші ракеткасы Елена Рыбакина жаңартылған әлемдік рейтингте өзінің төртінші орнын сақтап қалды.
Әзірге бұл – отандық теннисшілер арасындағы ең үздік көрсеткіш. Юлия Путинцева бірден 18 сатыға төмендеп, қазіргі кезде 79-орынды қанағат тұтуда. Жібек Құламбаева 436-орынды еншілеуде. Ал ТОП-3 ойыншының арасында еш өзгеріс жоқ. Польшалық Ига Швентек жеке-дара көш бастап тұр. Екінші және үшінші орындарда – беларусьтік Арина Соболенко мен америкалық Джессика Пегула.
Ерлер арасында ТОП-10 теннисші мыналар: Карлос Алькарас (Испания), Новак Джокович (Сербия), Даниил Медведев (Ресей), Хольгер Руне (Дания), Каспер Рууд (Норвегия), Янник Синнер (Италия), Андрей Рублев (Ресей), Стефанос Циципас (Грекия), Тэйлор Фритц пен Фрэнсис Тиафо (АҚШ). Қазақстанның үздігі Александр Бублик 27-орынды иеленсе, Тимофей Скатов 132-сатыға табан тіреді. Өзге отандастарымыз мынадай орындарды еншілеуде: Михаил Кукушкин – 243, Бейбіт Жұқаев – 261, Денис Евсеев – 307 және Дмитрий Попко – 374.