• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 16 Тамыз, 2023

Хостел жатақхананы алмастыра ала ма?

223 рет
көрсетілді

Кейінгі жылдары жатақхана жетіспеушілігі Астана, Алматы сияқты ірі агломерация орталықтарында білім алатын студенттер үшін басты мәселеге айналды. Биыл да біршама студенттің жайлы орынға жайғасуы қиынға соғатын түрі бар.

Жуырда Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұр­бек жоспарланып отырған төрт жатақхананың берілмей қалуы мүмкін екенін айтқан еді. Яғни 1,4 мың орындық төрт нысанды пайдалануға беру мерзімі өзгереді. Құ­рылыс жұмыстарының ке­шеуілдегеніне алаңдау­шылық біл­дірген Үкімет басшысы Әлихан Смайылов республикалық штаб отырысында білім алуға дайындықтың орнына жатақхана іздеп әбігерге түсетін студенттердің жағдайын айтып, тұрғынжаймен қамтамасыз етуден қашқақтап отыр­ған бірқатар университет бас­­шысы мен осы істі қажетті деңгей­де бақылай алмай отыр­ған министр­ліктің, жергілікті әкімдіктердің ісін сынға алғанын білеміз. Оның айтуынша, мәселе дер кезінде шешілмесе, жағдай ушыға бермек.

Сондықтан жоспарланып отырған 11 мың орынға арнал­ған 37 нысанды толықтай іске қосу қажет. Оны қатаң бақы­лау – аймақтағы әкімдердің жауап­кер­ші­лігінде.

Ал ендігі кезекте «Білім туралы» жаңа заңның редакциясына сәйкес, жоғары оқу орны мен колледждің барлығы өз студенттерін жатақханамен қам­тамасыз етуге тиіс. С.Нұрбек жо­ғары оқу орындары ректор­ла­рының қатысуымен өткен кеңейтілген алқа отырысында барлық студентті жатақ­ха­на­мен қамтамасыз етудің мүм­кін еме­сін алға тартты. Ми­­нистр атап өткендей, бұл ке­шенді мәселе. Бұл бағыттағы жұмыс­тар­ды қолға алған ведомство студенттерге жатақханадан орын алуға кө­мек­тесетін ахуал­дық ор­та­лық­тың жұмысын бастады. Оған +77002551443 нөмірі бо­йынша ха­барласуға болады. Call-орталық тәу­лік бойы жұмыс істейді.

Министр орын тапшылығына қа­тыс­ты проблемаларды жүйелі шешу үшін биыл Алматы мен Астанада жатақ­ханалар салу бо­йынша жобалық кеңселер ашыл­ға­нын еске салды. Өйт­кені орын тапшылығының 70 па­йызы осы қалаларға тиесілі.

– Оқу жылы басталғанша оқу орын­дарының бірінші басшылары жатақ­ха­налардың санитарлық және техникалық талаптарға сәй­кестігіне ерекше назар аударуы қажет. Жатақханаларда орын жет­пеген студенттер мәселе шеші­мін тап­қанша хостелдер мен қонақ­үй­­лерге орналастырылады. Қазіргі таңда мәселені шешу мақсатында үш ба­ғыт бойынша жұмыстар атқарылып жа­тыр. Біріншісі – құрылыс бағыты. Студенттер үйін салу үшін субсидиялық нормативтер өзгер­тіліп, жекеменшік құрылыс компанияларымен белсенді түр­­де жұмыс жүргізіледі. Екін­ші бағыт – хостелдермен, қонақүйлермен арнайы ке­лісімшартқа отыру. Бүгінде Алматы қаласында 60-қа жуық хос­тел­мен келісімшартқа қол қойылды. Үшінші бағыт бойынша әр университетте ахуалдық орталық құрылып, бел­сен­ді жұмыс жүргізілу үстінде, – деді С.Нұрбек.

Қазіргі кезде Алматыдағы жо­ғары оқу орындары студент­тері үшін жатақ­ха­налардың же­тіс­пеушілігі жеке хос­телдер есе­бінен шешіліп жатыр. Уни­­вер­ситеттер 60-қа жуық ғима­рат ие­ле­рімен келісімшарт жа­сап, бір студент үшін айы­на 30-50 мың теңгеге дейін тұру ақысы белгіленді. Ғылым және жоғары білім министрлігі Жо­ғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төраға­сының орынбасары Ақерке Абы­лайханның ай­туынша, хос­телдермен келісімшарттар жасау ісі жал­ғасады. Қазіргі кезде жұмыс тобы Хостелдер қауымдастығы бас­шы­лы­ғымен кездесіп, студенттер ор­на­ласқан мекенжайлардағы ахуалды сараптау үстінде.

– Хостелдермен келісім­шарт­та са­ни­­тар­лық нормалар, сту­денттердің және де өрт қауіп­сіз­дігінің сақталуына қа­тысты талаптар қамтылған. Бұл іс-ша­ра­лар өз кезегінде бизнестің әлеуметтік жа­уапкершілігін кү­шей­тіп, қоғам өмі­рі­не белсене араласуға ықпал етеді. Еліміз бойынша жатақханаға мұқ­таждар саны былтыр 84 мыңды құраса, биыл 70 мыңға жуықтап отыр. Қазіргі кезде рес­публикада 20 мыңға жуық, ал Алматы қаласы бойынша 10 мың студент хос­телдерге орналастырылды. Хос­тел­дердегі тамақтану орындарына да бақылау жалғасу үстінде. Алдағы уа­қытта оқу залдарын ашу мәселесі жүй­е­ле­нетін болады. Бұл келісімшарттар университеттер үшін ғана емес, хос­тел иелері үшін де тиімді. Өйт­кені Алматы сияқты ірі қала үшін айына 30 мың теңге тиім­сіз болғанымен, он ай оқу мерзімі бойы студенттердің тұ­рақты ақы төлеп отыруы баға саясатына да оң әсерін тигізбек. Сонымен қатар қаладағы хос­телдер тізімі жасалып, цифрланып жатыр. Студенттерді орналастыруда хостелдер мен оқу орны арасындағы арақашықтық, қоғамдық көліктердің тұ­рақты қатынауы ескерілді. Бір хостелге 50-100 студентке дейін орналаса алады, – деді А.Абылайхан.

Жоғары оқу орындарының басшы­лығы алдағы уақытта да хостелдермен ынтымақтастықты нығайта түсуді көздеп отыр. Ал келісімшартты бұзған хос­тел­дер қара тізімге енеді. А.Абы­лай­хан атап өткендей, тиісті министрлік барлық ақпаратты ашық жариялауға мүдделі. Өйт­кені қазір туындап отырған жа­тақхана тапшылығының бір себебі – елдегі демографиялық, геосаяси жағдай­лармен де байланысты. Сондықтан жатақхана мәселесін 2025 жылға қарай шешу жоспарда тұр. Бүгінде республика бойынша жа­тақ­ханаларда 104 мың орын болса, оның 37 мыңы Алматы қаласында орналасқан. Биыл Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Логистика және көлік академиясы жатақ­ха­насынан 666 орын алып отыр. Осы үш жылда ұлттық университетке 12 мың орын, ал Қа­зақ-британ техникалық уни­вер­ситеті студенттері үшін биыл желтоқсанда 980 орын беріледі. Сонымен қатар осы жылы қыр­күйек айында Алматыда 1 570 орынға арналған 4 ғимарат жөн­деуден өтіп, 1 жатақхана құ­ры­лысы аяқталады. Ал жыл­дың соңына дейін 2 076 орындық 4 нысан пайдалануға беріледі.

Биыл жоғары оқу орындарына 88 мың грант бөлінгені белгілі. Десек те, қазіргі кезде республикадағы оқу орындарына ақылы оқуға құжаттар әлі қабылданып жатыр. Сондықтан оқуға қабылданған студенттердің нақты саны тамыз айының соңына қарай нақтыланады. Қазіргі кезде барлық университеттің базасында ахуалдық орталықтар жұмыс істеп тұр. Өңірлерден келген студенттер тәуліктің қай мезгілінде болсын осы орталыққа хабарласып, жатақхана мәселесін шеше алады. Министр­лік өкі­лі­нің айтуынша, жатақхана алуда бірінші кезекте бірінші курс студенттеріне басымдық беріледі. Сонымен қатар әлеу­меттік қорғалмаған топтар қам­тылады. Бүгінде жоғары оқу орындарында осы санаттар бо­­­йынша студенттер саны 4 541-ді құрайды. Жоғары оқу орын­да­рының жатақханаларында тұру­дың орташа құны айына 10 мың теңгені, яғни жылына 29 айлық есептік көрсеткішті құрайтын болса, аталған санат­тағы студенттер үшін төлем бюд­жеттен субсидия есебінен өтеледі.

– Мемлекеттік бағдарла­ма­­лар­дың дені тиімсіз жұмыс істейді. Жатақханалар салуға ин­вестор тарту мәселесіне де жете көңіл бөлінбей отыр. Бір ғана жатақхана салу үшін мил­лиардтаған қаражат қажет. Кә­сіп­кер үшін басты мәселе – пайда табу болса, құрылысқа сал­ған қаражатты қайтару мер­зімі де қолайсыз. Субсидия көлемі де аз мөлшерде. Жер жоғары оқу орнының меншігі болып есептеледі әрі жатақхана салу әлеуметтік бизнес болғандықтан, кәсіпкер одан пайда таба алмайтыны анық. Сондықтан ин­вес­тор үшін қаражатты қай­тару мерзімін жеделдетіп, мемлекеттік субсиядиялау жа­ғын қайта қарастырған жөн. Студенттерге жағдай жасау үшін мегаполис әкімшілігі же­ке­меншік әріптестікке қаты­са­тын инвесторлардың жағ­дайын жасап, жоғары оқу орындары басшыларымен тікелей жұмыс істеуі керек. Осыған орай негізгі себептерді нақтылап, оны шешудің тетіктерін жекелеген тармақтарды жетілдірген жөн. Егер инвесторсыз жұмыс істеу қажет болса, онда жоғары оқу орындарына арнайы қара­жат қарастырып, сондай-ақ екінші деңгейлі банктерден жеңіл­де­тілген несие беру жағына да көңіл бөлу керек, – дейді экономист Мақсат Серәлі.

Оның айтуынша, бұл жерде ескеретін басты мәселе – құ­рылыс компания­л­а­рының имиджі. Жо­ғарыда аталған жатақ­­хана құ­ры­лыстарының дер ке­зін­де аяқ­тал­май қалуына құрылыс компанияларына қатыс­ты себептер де әсер етуі мүмкін. Себе­бі бюджет субсидиясы аз болғандықтан, бұл іске баруға ірі құрылыс компаниялары ықы­лас­сыз. Ал мемлекеттік сатып алуға қатысатын компания­лар на­рықта белгісіз әрі бюджет қар­­жысымен ғана жұмыс істеп отыруы мүмкін. Сондықтан нор­мативтік талаптарға жауап бере алатын әрі сапалы ғимарат­тарды өз қаржысы есебінен салатын ірі ин­вестор компанияларды тарту маңызды.

«Осы орайда мемлекеттен грант алатын жоғары оқу орны ак­ционерлерінің де табыс тауып отырғанына назар аудару қажет. Жоғары оқу орындарында ақылы бөлімдердегі оқу ақысы да төмен дей алмаймыз. Олар да меценат ретінде жатақхана салуға мүдделі болуы қажет. Ол үшін министрлік батыл қадамдарға барып, жоғары оқу орындарымен жұмысты күшейтіп, сту­дент­тердің белгілі бір бөлігін жа­тақханамен қамту мәселесіне басты назар аударғаны жөн. Ал жекеменшік оқу орындары үшін мемлекеттік лицензия алу барысында студенттерді елу пайыз жатақханамен қамтамасыз ету туралы тармақ енгізу қажет», дейді ол.

Ірі қалаларға деген сұраныс артқан сайын, онда өмір сүру де қымбат­тай­ды. М.Серәлі атап өткендей, студент­тер­дің қалаға қарай көптеп ағылуы эко­но­ми­калық ахуалға, тұрғын үй нары­ғына ықпал ететіні сөзсіз. Сұраныс артқан сайын пәтерақы бағасы да шарықтайды. «Пәтер бағасының өсуі қаладағы жұ­мыс­шылардың, жас отбасылардың қал­­тасына едәуір салмақ түсіре­ді. Сал­дарынан тұрғын үй нары­ғын­дағы өзге де ойыншылар бағаны көтере бастайды. Ал жатақхана мәселесін хостелдер, тіптен қонақүйлерге орналастыру арқылы шешу білім ізденушіге жасалған қия­нат. Мұндай ғимараттарда білім алу­ға қолайлы жағдай қарас­ты­рылмаған. Мұның сыртында студенттің қауіпсіздігі тағы бар. Хостел иесі үшін тиімді бол­ғанымен, студент өз-өзін студент ретінде сезінбеуі де мүмкін. Мұны уақытша тетік дей тұрғанмен, оның болашақтағы себеп-сал­дарын да жоққа шығара алмаймыз», дейді экономист.

Бизнес-сарапшы Ақнұр Бүбе­құ­ло­­ва­ның айтуынша, 2030 жылға қарай Алматы агломерациясы 5 мил­лионға жуықтайды. Сәй­кесінше, студенттер саны да артады. Алайда азық-түлік, басқа да тауарлардың қымбатшылығын ескеретін болсақ, қазіргі кезде белгіленген жатақхана құны сту­дент­тің қалтасына салмақ салып отыр. Қала­лық жерде тұру үшін студент қо­сым­ша табыс табуға мәжбүр. Ал оның білім сапасына да, болашақ маманның ден­саулығына да кері әсері бар екенін де ұмыт­пауымыз керек. Сондықтан қолайлы ке­ңістік қалыптастыру үшін серіктес қа­ла­­ларды дамыту мәселесіне де көңіл бөлу қажет.

– Алматы қаласына жақын ор­на­ласқан Талғар, Есік, Қас­келең, Шелек сияқты орта­лық­­тардан жылдам қатынай­тын көліктерді дамыту, жолдарды жақсарту да қалаға түсетін сал­­мақты жеңілдетеді. Қалаға жету уақыты қысқаратын болса, студенттердің көпшілігі 100-200 ша­қы­рым қашықтықтан қатынап оқитын болады. Бүгінде озық елдер тәжірибесінде жемі­сін беріп отырған жоба көп. Жатақ­ха­налардың заманауи үлгіде салынуы, студент сұра­ны­сын өтеуі де білім сапасына оң ықпалын тигізеді. Тіптен, психолог маман­дар­дың пікірінше, элиталы корпустарда тұратын студенттер болашақта белді ком­панияларға жұмысқа орналасып, бизнес саласына да жылдам бейімделіп кетеді. Сон­дық­тан көптеген шетелдік оқу орындарының студенттердің жатақханада тұруына мүд­делі болып, соған сай қатаң талаптар қо­йып отырғанын да қаперге алған жөн. Өз елінде жағдай жасалмайтын болса, білікті мамандардың шетелдерге кетіп қалуына да тос­қауыл қоя алмаймыз. Ең бас­тысы, студенттің баспана мәсе­лесін шешуге көңіл бөлу уни­верситет басшыларының жауап­­кершілігінде болуы керек, – дейді сарапшы.

Ал кейбір елдер тәжірибесінде сту­­дент­тер жатақханаларын са­лу­­да жеке серіктес компания­лар арнайы мар­ке­тингтік талдау жүргізіп, коммерциялан­ды­ру мақсатында жобалау кезінде қо­­сым­ша қабаттар салады. Мы­салы, жатақ­ханаларда кітап дү­кен­дері, кір жуатын орындар, шағын және супермаркеттер, киім бутиктері, спортзалдары, косме­ти­калық салондар, кинотеатрлар және тағы басқа нысандар студенттер тарапынан үлкен сұранысқа ие. Мұның инвес­тор үшін пайдасы бар екенін ескерсек, бюджет қаржысына салмақ түсірмей, дайын ғимараттарды жатақхана үлгісіне бейімдеуді тәжірибесінде ұтымды пайдаланатын елдер де бар екен.

Мамандар айтса айтқандай, бір ғана жатақ­хана түйткілінің астарында елдік һәм геосаяси мәселе қылаң бере­ді. Сту­­денттерді жатақханамен дер ке­­зін­де қамтамасыз ету сапалы білімді ғана қамтамасыз етіп қоймай, қауіпсіз орта, алаң­сыз отбасы, саламатты маман тәр­биесі сияқты қоғам тұрақтылығына негіз­делген құндылықтардың беріктігін қам­тамасыз етсе керек.