Қоғамның тыныс-тіршілігіне бейжай қарамайтын, бір мұқтаждың кәдесіне жарасақ деген ақеділ ниеттегі педагогтер «Жүректен жүрекке» атты еріктілер қозғалысын құрып, талай игілікті іске ұйытқы болып келеді. Алматы Мемлекеттік бизнес колледжі жанынан құрылған қозғалыс балалар үйінде бірнеше іс-шара ұйымдастырып, қаланың экологиялық мәселесін реттеуге де белсенді атсалысып жүр.
Бұл қозғалыстың бастамаларын аталған оқу орны директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айдар Күнтубай мен Назгүл Бұтабаева, Баян Шоқанова, Үміт Тұрсынбекқызы, Данагүл Чайнусипова, Қазына Шөкенова сынды оқытушылар ұйымдастырады.
Еріктілер бұған дейін №1 облыстық балалар үйінде көптеген іс-шара өткізіп, балалар мен мекеме қызметкерлеріне үлкен қуаныш сыйлады. Сондай-ақ қоқыс жинау сияқты акцияларды да өткізіп, азаматтардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға үлес қосып жүр. Сонымен қатар саламатты өмір салтын ұстануға шақыратын спорттық волонтерлік жұмыстарды белсенді түрде жүргізіп келеді.
Мұғалімдерден құралған «Жүректен жүрекке» еріктілер қозғалысының тағы бір ерекшелігі – үй-күйсіз, қаңғыбас жануарларға көмектесуден де қалыс қалмайды. Күн сайын мыңдаған жануар көше кезіп, уақытша ұстау изоляторына қамалады. Осы ретте олар көпшілікті жануарларға жауапкершілікпен қарауға шақырып, қорғансыз тіршілік иелерінің қатыгез ортаның құрбанына айналудан құтқарады.
Шәкірт тәрбиелейтін мамандардың осындай игі істері – жастарға өнеге. Қалай дегенмен жақсылық жасап үлгі көрсеткен бұл қозғалыстың қолға алған жұмысы жалғасады деп сенеміз.
Аружан Талапқызы,
М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің 4-курс студенті