Еліміздің бірінші ракеткасы Елена Рыбакина АҚШ-тың Цинциннати қаласында өтіп жатқан WTA-1000 турнирінің үшінші кезеңіне шықты.
Жүлде қоры 2 788 468 АҚШ долларын құрайтын жарыстың алғашқы айналымында Елена бос болды. Екінші кезеңде оның жолы Елена Остапенкомен қиысты. 26 жастағы латвиялық теннисші 2017 жылы Ролан Гарростың бас жүлдесін олжалап, 2018 жылы Уимблдонның жартылай финалына дейін жеткен. WTA турнирлерін бес рет ұтты. Қазіргі кезде ол әлемдік рейтингте 20 орынды иеленіп отыр. Бұған дейін екеуі төрт рет кездескен. Алғашқы екі кездесуде Остапенко жеңіске жетсе, соңғы екеуінде Рыбакинаның мерейі үстем болды. 2 сағат 19 минутқа созылған қос Еленаның осы жолғы кездесуі 6:7 (6:8), 6:2, 6:4 есебімен біздің теннисшінің пайдасына шешілді.
Үшінші кезеңде Рыбакина WTA рейтингінде 43 орында тұрған италиялық Ясмин Паолинимен шеберлік байқасады.