• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 18 Тамыз, 2023

Жасөспірімді жазалаудан алар сабақ қайсы?

98 рет
көрсетілді

Шығысты ғана емес, күллі қазақ елін дүрліктірген қыз­дар­дың төбелесіне қатысты сот үкімі күшіне енді. Естеріңізге сала кетейік, Өске­мендегі ADK сауда үйінің әжетханасында құр­дастарын аяусыз соқ­қы­ға жыққан қыздардың видеосы қоғамдық резонанс тудырған. Алайда тер­геуге алынғандардың үшеуіне ғана айып тағылды. Оның екеуін үш жылға бас бостан­дықтарынан айырса, үшінші қызға бір жыл бас бостан­дығын шектеу жазасы кесіл­ген.

Үкім шықты. Өрімдей қазақ қыздарының сотты болуы қандай ауыр? Десек те, қолмен істегенді мойнымен көтеру деген бар. Заң ортақ. Жәбір көрген қызға да оңай соқпағаны анық. Оның үс­тіне, оқып жатқан оқу орнының бас­шы­лы­ғы «құжаттарыңды жинап алып, ауы­лыңа бар» деп, қуып жатқан да көрі­неді.

– 1 қыркүйекте Анель Досы­мо­ва оқуын жалғастырады. Құл­шынысы жақсы. Алайда кол­ледж­­дің тәрбие ісі жөніндегі мең­ге­ру­шісі «Құжаттарыңды жинап алып, өз ауылыңа бар. Бізге проблема керек емес» депті. Оқу орны басшылығының осы сөзіне уа­йымдаймын. Қорғауымдағы қыз бұл колледжде әлі бір жыл, он ай оқуы керек. Осы уақыт ішінде қысым болмаса екен. Төртінші билік – БАҚ өкілдері, сіздер де на­зарларыңызда ұстасаңыздар, – деген адвокат Саида Сүлейменова тағы бір проблеманың ұшын шы­ғар­ғандай болды...

Сот отырысы өте сала Шығыс Қа­зақстан облысы бойын­ша қыл­мыс­тық істер жөнін­дегі сот кол­ле­гиясының төраға­сы Әділ Бакин­мен тілдестік. Ай­туын­ша, 5 шілде күні Шығыс Қазақ­стан облысының кәмелетке тол­мағандар істері жө­­ніндегі ма­ман­дан­дырылған ауданаралық сотында кәмелетке тол­­маған Ақпанова, Төлеуханова, Ома­роваға қатысты сот үкімі шық­қан.

– Қыздарға қатысты қылмыстық істі Қылмыстық кодекстің 293-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы, Қылмыстық кодекстің 194-бабы 2-бөлігінің 1,2-тармағы бойынша жүргізген болатын. Нәтижесінде, күдікті деп танылған 2 қызға үш жылға бас бостандығынан айыру жазасы, ал үшінші қызға бір жылға бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалған. Бірақ сотты болған тарап сот үкіміне қатысты шағымданды. Бүгін, 14 тамыз сот коллегиясы істі қайта қарап, үкімді өзгеріссіз қалдырды. Ақпанова және Төлеухановаға минималды жаза кесілді. Ал Омароваға бас бостандығынан шектеу жазасы кесілді, – деді ШҚО бойынша қыл­мыстық істер жөніндегі сот кол­ле­гиясының төрағасы Әділ Бакин.

Сондай-ақ сот хабарламасында жәбірленушінің пайдасына 9 000 000 теңге сомасында моральдық зиянды өтеу өндірілуге тиіс екен. Десе де, жәбірленуші қыздың адвокаты Саида Сүлейменованың айтуынша, заң талаптары толық орындалмаған көрінеді.

– Тергеу кезінде бұзақылыққа басқа да оқу орны студенттерінің қатысы бары белгілі болған. Оның ішінде кәмелеттік жасқа толған ұлдар да бар екен. Алайда олар куәгер ретінде ғана шақырылып, үш-ақ қыз жауапқа тартылды. Біз бірінші сот отырысында жеке қаулы шығаруды сұрадық. Себе­бі сотталғандардың бірі жәбірленушінің ұялы телефон алып, бір күннен кейін қайтарған. Оның өзінде қолына емес, өзі оқыған колледж қызметкеріне берген. Бұл факт бопсалауды растайды. Содан кейін тергеу барысында ақша ұрланғаны белгілі болды. Тергеу жалғасын тапса, бұл мәселе әлі де зерттелетін шығар. Жауапсыз сұрақтар көп. Мәселен, бейнежазбаны таратқан адам кәмелетке толмағандықтан, іс тоқтатылды. Енді біріне шартты түрде жаза кесілді, бірақ оқуын жалғастыра бермек. Біз оны оқудан шығаруды сұрадық. Ал қалғаны бостандықта. Айта берсек, «сахна артында» қалған сәттер аз емес, – дейді қорғаушы Саида Сүлейменова.

Сонымен қатар оқушылар арасында шулы оқиға болып жатқанда Білім басқармасының да қол қусырып отырғанын тілге тиек етті.

– Облыстық білім басқар­ма­сы­ның басшысы И.Чернышева жәбірленуші қызға ешқандай психологиялық көмек көрсетпеген. Сабақтан алып кетуді, жеткізуді қам­тамасыз етпеген. Бірақ БАҚ өкілдеріне көмек көрсеттік деп сұхбат берген. Ескерте кетер жағ­дай, тергеу кезінде осы сот­талушы тарап бұрындары басқа да қыздарға қоқан-лоқы көрсет­ке­ні белгілі болды. Егер солардан жапа шеккен қыздар болса, қорықпай айтуларына болады. Сот үкімі заңды күшіне енді. Сон­дық­тан да қорықпаңыздар, батыл айтыңыздар, – деп қосты адвокат Саида Сүлейменова.

Резонанс тудырған оқиғаға бай­ланысты сұрақ көп. Алайда сот үкімі шыққан соң да БАҚ өкіл­дері арасында ешқандай баспа­сөз мәслихаты өткен жоқ. Ұйым­дас­тырылған жағдайда құқық қорғаушы тарапқа сұрақтың қарша борайтыны белгілі. Мысалы, жә­бір­­ленуші қызды зорлау әре­кеті де ұйымдастырмақ болыпты. Әрине, қыз кәмелеттік жасқа тол­ма­ғандығын ескерсек, аса ауыр қыл­мысқа жатар еді. Ол туралы қыздың анасы айтып берді.

– Сот отырысында қы­зым­ды зорламақ болғаны белгілі болды. Яғни ұйымдастырушылар алдын ала пәтер жалдап, ішіне бейне камера орнатқан. Содан кейін қызымды сонда шақырып, кәмелеттік жастағы ұл балаларға зорлау әрекетін жасатпақ болыпты. Осы жағынан да іс қозғалуы керек, – дейді жәбірленуші қыздың анасы Альмира Досымова.

Пікір білдірген қыздың анасы қиын сәттерде жұбату айтып, байланыста болған халыққа ризашылығын білдірді. Қолдау көр­сет­кен қоғамдық қорға, қорғауына алған адвокатқа аналық алғысын жаудырды.

 

Шығыс Қазақстан облысы