• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Өнер 17 Тамыз, 2023

Манеждегі мәнер

94 рет
көрсетілді

Аласа бойлы, ақсары жүзді балақай бастауыш сыныпта оқып жүрген кезінен-ақ ерекшелігімен көзге түсті. Мектепте жақсы оқумен қатар қазақша күреске қатысып, талай жарыстардың жүлдегері атанды. Спорт пен оқуды сабақтастырып, таразы басын тең ұстаған Әділет ортасынан оқ бойы озық тұратын. Талабы таудай өреннің сол шақта-ақ цирк колледжіне барғысы келетінін анасы жиі айтатын.

Білім ордасындағы мерекелік шараларда бишілер тобының құрамынан жиі көрінетін Әділеттің дене бітімінің иілгіштігі, үлкен өнерге деген икемділігін анық аңғартып тұратын-ды. Бойындағы ерте танылған бишілік қасиеті қазақ цирк өнерінің көгіне көтеріліп, шыңына шығуына алғашқы баспалдақ болғандай.

Әділеттің екі жасында әкесі дүниеден өтіп, анасы Света бауырындағы екі ұл, бір қызды «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай», оқып-тоқуына бар күш-қайратын жұмылдырады. Балаларының қамымен Райымбек ауданынан Алматыға келіп, пәтер жағалап, күн-түн демей жұмыс істеп қарабайыр тіршілік кешеді. Үйдің кенжесі болса да, еркелікке бой алдырмай, өз бетінше ізденіп, үнемі еңбектенуді әдетке айналдырған Әділет 9-сыныптан соң өзі армандаған Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада цирк колледжіне оқуға түсіп, 2016-2020 жылдар арасында цирк өнерінің қыр-сырын меңгеріп шықты. Тегеурінді талант цирк өнерінде өзіндік ойын өрнегін құрып, көркем гимнастиканың шеберіне айналуды мақсат тұтты. Мақсат өңге, арман ақиқатқа айналды, еңбек жанды деген осы емес пе?

– Цирк өнерінің құдіретін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Оның әр сәті қауіп-қатерге толы, бір әдісті дұрыс игере алмасақ құлап, жарақат алатын кездер болады. Сондықтан мүмкіндігінше қателеспеуге күш саламыз. Цирк манежіндегі жеңіс пен жетістік тек ерен еңбекпен ғана келеді, үнемі жаттығумен жүреміз. Ең қызығы, гастрольдік сапарларда жаңа достар та­уып, шетелдің мәдениетімен танысамыз. Бұл шығармашылығымызбен қоса рухани өсуімізге де себін тигізеді. Соның арқасында ағылшын тілін меңгеруіме мүмкіндік туды. Біздің басты ұстанымымыз – әр көрерменнің көңілінен шыға білу. Халықтың ыстық ықыласына бөленуден асқан қуаныш жоқ, – дейді  Әділет.

Көркем гимнастика шебері Адлет Тиканов жетекшілік ететін «Hassak» командасының құрамында өнер көрсететін Әділет Дүңгенбай бүгінде құлашын кеңге жайып, өнерінің жаңа қырларын ашуға күш салып келеді. Жарқын Бораздаев, Жалғас Қайнарбай, Махмуд Алмас, Дастан Бақытұлы, Нұрым Сағымхандармен бірге қазақ цирк  өнерінің өркендеуіне еңбек етіп жүр. «Томирис» атты ұжымдық қойылымдары арқылы цирк өнеріне соны леп әкелгені көпшілікке мәлім. Нәтижесінде, былтыр Мажарстанның Будапешт қаласында өткен халықаралық цирк фестивалінің лауреаты атанды. Сондай-ақ Испанияда өткен 10-халықаралық цирк мерейтойының лау­реаты атанған өнер ұжымы Францияға шақырту алғандығын айрықша атағымыз келеді.

Гастрольдік сапарлармен еліміздің цирк өнерін әлемнің әр қиырына, атап айтсақ, Швецария, Мажарстан, Испания, Португалия, Қырғызстан мен Ресей мемлекеттеріне танытқан талантты жас­тар келешекте төрткүл дүниеге танымал «Монте Карло» цирк фестиваліне қатысып, жүлделі орыннан көрінуді мақсат етіп отыр.

Көрерменнің таңдайын қақтырар сиқырлы цирк өнерінің жас буыны биыл Алматы қаласында өткен «Almaty Sirkus Festival» атты халықаралық цирк фестивалінде өнер көрсетті. Он бес елден арнайы келген цирк өнерпаздарының эквилибристер, акробаттар, арқанмен жүрушілер, сайқымазақтар мен жонглерлер жанры сарапқа салынған фестивальда «Hassak» өнер ұжымы гимнастика жанры бойынша жүлделі екінші орынды иеленіп, мерейі асты. Осылайша, өнер саңлақтары алдағы қыркүйек айында Петербургте өтетін «Без границ» атты цирк өнерінің фестиваліне шақырту алған болатын.

Міне, бүгінгі цирк өнерінің жарық жұлдызына айналған Әділет Дүңгенбай бастаған өнерпаздар алдағы халықаралық цирк фестиваліне даярлықтарын бастап та кетті.

 

Алматы облысы