Қырғыз Республикасының Шолпан ата қаласында «Makin Asia» ІІІ халықаралық фестивалі ұйымдастырылды. «Рухорда» мәдени орталығында өткен әншілер байқауына Мәдениет және спорт министрлігінің ықпалымен, облыс әкімдігінің қолдауымен Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның солисі Айна Қалмағанбетова қатысып, жеңіспен оралды.
Үш күнге созылған өнер додасына Мажарстан, Түркия, Босния және Герцеговина, Болгария, Словения сынды елдердің өкілдерімен қатар Азия мемлекеттерінің де үкілі үміттері қатысып, өнерін ортаға салды. Жалпы, 18-35 жас аралығындағы 17 жас орындаушы топқа түсіп, жеңістің биік тұғырынан көрінуге ұмтылды.
13 мемлекеттің әншісі сынға түскен, Ыстықкөл жағасында өткен байқаудың алғашқы бөлімінде жамбылдық жас әнші А.Қалмағанбетова Төлеген Мұхамеджановтың «Құс жолы» әнін шырқап, Ыстықкөл жағалауына жиналған жергілікті өнерсүйер қауымның зор ықыласына бөленсе, байқаудың екінші кезеңінде Эрик Карменнің әйгілі «All by myself» әнін өте жоғары деңгейде орындап, қазылар алқасын таңғалдырды.
Байқау қорытындысында әулиеаталық әншінің кәсіби орындаушылық шеберлігін жоғары бағалаған қазылар алқасы Айна Қалмағанбетованы бас жүлдеге лайық деп таныды. Қысқасы, ол өнер додасында жеңімпаз атанып, 5 мың АҚШ долларының сертификатын иеленді.
«Makin Asia» музыка фестивалі алғаш рет 2013 жылы ұйымдастырылған болатын. Аталған байқауда бүгінде атағы жер жүзін шарлаған Димаш Құдайберген топ жарған. Үшінші рет өткізілген халықаралық фестивальда екінші мәрте қазақ әншісінің жеңіске жетуі зор табыс екені даусыз.
Тараз