• RUB:
    5.43
  • USD:
    472.62
  • EUR:
    513.22
Басты сайтқа өту
Тарих 21 Тамыз, 2023

Өлеңі мен өнері – ескерткіш

193 рет
көрсетілді

Азапты тағдырдың уын жұтып, сағыныштың запыранынан сарғайып, қорлықтың салмағынан көз жұмған Ақсұлу Орысбайқызының өмір жолынан қалың оқырман әлі де бейхабар. Қамшының сабындай қысқа ғұмырының ішінде ақын қыз соңына көп мұра қалдырған. Соның ішінде хатқа түскен туындылары бір төбе болса, айтыс өлеңдері бір төбе.

Ақсұлу 1873 жылы Жітіқара ауданына қарасты қазақ ауылында туған. Айтыста суреттелген кескін-келбетіне назар аударсақ, ақ құба, бидай өңді, қынай белді, қиғаш қас, сүмбіл шаш нағыз арудың бейнесін көреміз. Ақын қыздың өскен ортасы жағалбайлы ішіндегі Балқожа әулеті өлең-жыр десе ішкен асын жерге қояды екен. Әкесі Орысбайдың шағын дәулеті болған, жас күнінен сал-сері атанған. Араб жазуымен ерте хат таныған, көзі ашық ақын қыз­дың жан-жақты жетілуіне оның ұстазы Ақмолланың да көп әсері болған. Қазақ, башқұрт, татар халықтарының ортақ ақыны атанған Ақмолла Желқуарға келіп, қарағайдан қиып, үш бөлмелі мектеп үйін салғызған. Бұл ауыл қазіргі Жітіқара қаласының іргесінде болғаны белгілі. Ақмолла Орысбай ауылында Ақсұлудай зерек шәкірттеріне Құран аяттарын жаттатумен бірге орыс, араб, парсы тілдерін үйреткен, сонымен бірге өлең жазу тео­риясын да оқытқан. Ол өзінің Ақсұлу қызға арнаған өлеңінде де:

«Ақ бетің айдын көлдің алабындай,

Шаһирдың қасың сұлу қаламындай,

Қып-қызыл екі бетің алқызыл гүл,

Талқала, Троискінің қаласындай.

Топ жарған, үкілеген жүйрігімсің,

Оқытқан шәкіртімнің арасында-ай.

Еліңнің жақсыларын бір дәріптеп,

Сайрашы сандуғаштың баласындай», – деп шәкіртіне үлкен баға береді.

Ел еркесі болып, ешкім бетін қақпай өскен ақылды қыздың өмірі ерлік пен өрлікке, өкініш пен өксікке толы.

Қазіргі Орынбор мен Челябі облыс­тарының (Ресей) шекарасында, яғни, Ор суы мен Ақжайықтың екі ортасында орна­ласқан Мұқыр өлкесінің болысы Ермағамбет те елге белгілі ақын екен. Ол Орынбордың атты әскерін мыңда­ған жағалбайлы жылқысымен қамтамасыз етіп отырған атақты шонжар болған. Бірақ «жылқысын көптігінен баға алмайтын» жағалбайлының үйір-үйір жыл­қысы сол маңайға қоныстанған казак­тардың еккен егінін жиі-жиі таптап кететін болғандықтан, станицалар мен қазақ ауылдары арасында егес туа бас­таған. Осындай егеске болыстың өзі де араласып, жылқысын айдап алған атаманға қарымта қайтару мақсатымен Қызыл қаласына өрт салады. Екі елдің арасын ушықтырмас үшін Ақсұлу бір тойдың үстінде болысқа өзі соқтығып, әйгілі «Орыстың бетке соқпа орыстығын» деген жырын айтады. Бұл айтыста ақын қыз жеңіске жетеді.

Ақсұлу көпшіліктің өтініші бойынша өз ұстазы Ақмолла ақынмен бірне­ше мәрте айтысқаны туралы да деректер кездеседі. Бірақ бұл айтыстар да ел аузын­да түгел сақталмаған. Алайда осы айтыстардың бірінен кейін Ақмолла өз қолымен жасаған күмістеген ерін Ақ­сұлуға сыйға тартқанын, ал Ақсұлу өз қолымен әдіптеген қазақы шапанды ұста­зының иығына жапқанын қалың ел күні бүгінге дейін аңыз қылып айтады.

Ақмолла мен Ақсұлуды жастар бір тойдың үстінде айтыстырыпты. Ақсұлу әуелі айтыстан бас тартады. Ұстазымның алдында әдептен аспаймын деген уәж айтады. Сонда Ақмолла: «Сыйлағанына рақмет! Олай болса, айтыстың жаңа түрін ойлап шығарайық. Жиналған жұрт­тың көңілін көтерейік. Сіз қазақ елі­нің жақсылығын айтыңыз. Ақын үш нәрсені: адамгершілікті, батырлықты, сұлу­лықты міндетті түрде жырлауы керек. Адамгершілік – елдің ұйытқысы, батыр­лық – елдің қазынасы, сұлулық – ел­дің көркі», дейді. Осы айтыста Ақмол­ла ақын өзінің үш елдің баласы екенін жыр­ға қосып: «өз елің күншіл, қайын жұр­тың міншіл, нағашы жұртың сыншыл, жақсы болсаң, мақтанар, жаман болсаң, сақтанар», деп көсілсе, Ақсұлу башқұрт батыры Салауаттың жорығына қосылған Жантас батырды былайша жырлайды:

«Серігі Салауаттың батыр Жантас,

Тұлғасы болған дейді бейне жартас,

Жорықта неше түрлі ұлы-кіші,

Өткізген бір басынан талай айқас,

Көрсеткен найзагерім нағыз ерлік,

Болғанда Тройскіде үлкен шайқас,

Болыпты жалғыз түйе, жалғыз аты,

Сонда да ел көшкенде көштен қалмас,

Құлаштап Теміртаста кен қазғанда,

Білегі салдырамас, қары талмас,

Үйінде асар асы болмаса да,

Бас иіп, байға барып, күнін салмас.

Тапқанын ортақ бөліп, елге берген,

Дастарқан түңілмепті

жомарт ерден,

Сұрамай ешбір байдан бір де көмек,

Ер болған өз күшіне өзі сенген.

Бір азғын шен мен шекпен аламын деп,

Жантас пен Салауатты

сырттан сатқан,

Бес жүз ер Теміртасқа бет алғанда,

Оғынан сол азғынның қаза тапқан».

Ақсұлу-Кеншімбай айтысы барлық қазақ айтыстары ішінде ең шоқтығы биік сөз барымтасына жататынын айтулы ға­лым­дар да, белгілі ақын-жазушылар да әлде­қашан мойындаған.

Мәселен, С.Мұқанов «Айтыстар туралы» деген мақаласында XIX ғасырдың айтыстарын жасаушы ақындардың көп­шілігі тарихқа мәлім екенін айта келіп, ақын қыз-келіншектерден аты сақтал­ғандардың ішінде Ақсұлуды атап өтіп, оның Кеншімбаймен айтысына үлкен баға береді. Айтулы айтыстарды тілге тиек қылған Сәбең Біржан-Сара айтысынан кейін Ақсұлу-Кеншімбай айтысын екінші орынға қояды. Ақсұлудың құрдасы Ахмет Байтұрсынұлы да ақын өнерімен жақсы таныс болғанға ұқсайды. Ол «Әдебиет танытқыштың» «Көріктеу» деп аталған тарауында Ақсұлу мен Кеншімбайдың айтысынан үзінді алып:

«Жаппастың сап-сары алтын

жиған мүлкі,

Меймандос келсе қонақ,

барша жұрты,

Шығады қыз-бозбала серуенге,

Үстіне масаты мен киіп құлпы»,

деген өлеңін мысал қылады. Сонымен бірге Кеншімбайдың:

«Ақсұлу, айтар сөзді аңдамадың,

Аузыңа келген сөзді сандаладың.

Қыз бала елдің жайын қайдан білсін,

Білмесе қыз бен жайын бозбаланың», дейтін шумағын да мысалға алып, сөзді ашып айтпай, ұшығын ғана көрсеткен жырға бүкпелеу деген анықтама береді. Ахмет осы кітаптың «Тарихи жыр» тарауында «Кеншімбай мен Ақсұлу айтысында елдеріндегі кемшілік, осалдық жағын айтып, бас адамдарының осал мінезін айтып, мүдіртпек болған», дейді.

Бір қызығы, «Айтыс» кітабының 1965 жылы «Жазушы» баспасынан жа­рық көрген бірінші томында біз айтып отырған Ақаң мысалға келтірген алғашқы шумақтың екінші жолы «меймандос келеді оның барша жұрты» деп жазылса, екінші шумақтағы екінші жол: «аузыңа келген сөзді талғамадың» деп берілген. Біздің ойымызша, не кітап редакторы, не нұсқасын ел аузынан жазып алушы немесе осы жырды айтушы адам айтыс мәтініне өзгеріс енгізгенге ұқсайды. Ал мағынасына, сөздің қисынына қарайтын болсақ, басқа да көңілге күдік туғыза­тын дүдәмал тұстар кездеседі. Өйткені Ақсұлу мен Кеншімбай айтысы қазан төңкерісіне дейін де мерзімді баспасөз бетінде жарияланған және кең-байтақ қазақ жерінде көп жырланған айтыс. Айтыстың алғашқы нұсқасының бірін көрнекті фольклоршы ғалым, этнограф Әбубәкір Диваев жазып алған. «Жағал­байлының қызы Ақсұлу дегеннің жаппас Кеншімбаймен айтысқаны» деп ат қо­йылған бұл айтыс:

«Бісіміллә, әуелі айтар сөздің басы,

Келмейді бісімілләсіз сөз ыңғасы.

Ер жігіт тарта соғып,

тартынбайды,

Бар болса қабырғалы қарындасы.

Пайдасын ақыреттің кім ойлайды,

Мал, шіркін, азаматтың көңіл қошы,

Жеті ру жағалбайлы, аты Ақсұлу,

Айтысқан Кеншімбаймен кеңес осы.

Шықтым да сиыр жылы,

келдім Орға,

Хат жаздым темір қалам алып қолға,

Хакімге жұрт иесі писарь болып,

Атандым төрт аяғы бірдей жорға,

Ауылында жағалбайлы ақын қыздың,

Естідім Ақсұлудың даңқын сонда», деген Кеншімбай аузымен айтылған сөз­дерден басталады. Ал қазіргі уақытта жарық көріп жүрген айтыс кітаптарына енгізіліп жүрген екінші нұсқасын Қазақ­стан ғылым академиясының ғылыми қызметкері, ғалым Мардан Байділдаев ел аузынан жазып алған.

Айтыстың негізгі өзегі екі нұсқада да түгел сақталғанымен, айырмашылық­тары бар. Мәселен, Мардан Байділдаев нұсқасында:

«Әлемге әл білмеген таң болады,

Сен бота ойнақтаған от басқандай»

деген жолдар бар. Әбубәкір Диваев нұсқасында бота емес, бұзаудай деп айтылады. Ақсұлу іле-шала берген жауабында Мардан Байділдаев нұсқасында: «Әлемге әл білмеген таң болады, ер жігіт әлін білген болмайды қор», деп жауап қайырады. Осындағы Кеншімбай айтқан жолды Ақсұлудай сөз қадірін білетін ақын сол күйінде сөзбе-сөз қайталамаса керек еді. Сол секілді Кеншімбайдың бер­ген жауабында екі нұсқада екі түрлі айтылған жолдар да бар:

«Кемітер ерді әйел деген сөзбен,

Бұл жерде өтірік айтып,

дұшпан болма».

(М. Байділдаев нұсқасы)

«Кемітер әйел ерді деген сөз бар,

Аллаға өтірік айтып, дұшпан болма».

(Ә. Диваев нұсқасы)

Шамасы, осы айтыстағы Алла, бісі­міл­лә секілді сөздер кейбір «қырағы» редак­торлардың қолымен сызылып тас­талуы ғажап емес. Оның үстіне кей­­бір шала-шарпы ұйқасқан жолдар, тү­сіп қалған сөздер де редактордың және құрас­тыру­шының көп сөзге жіті қара­мағанын дәлел­дейді. Мәселен, «Жазушы» баспа­сынан 1965 жылы жарық көрген үш­томдық «Айтыстың» алғашқы томының өзінде Ақсұлу-Кеншімбай айтысында: «Қаштым да Ақмешіттен Арқа келдім, алыстан арып-ашып, зорға келдім», деген жолдар бар. Дұрысы: Арқа емес, Орға келдің болуы керек.

Айтыс өнеріне терең талдау жаса­ған Мұхтар Әуезов үлгілі айтыстар қата­рына Ақсұлу-Кеншімбай айтысын да жатқы­зады. Ақсұлу жырлары мен айтыс­тарын терең үңіліп оқыған адам оның парасат жағынан өз заманындағы көп ақыннан озық болғанын аңғарады. Сол тұста ауыл өміріне дендеп ене бастаған алыпсатарлық пен парақорлық секілді жағымсыз қылықтарды әшкерелеуімен, әйел тағдырына ерекше мән беруімен Ақсұлудың сол кездегі көршілес орыс, татар, башқұрт халықтары тұрмыс-сал­тымен, мәдениетімен жақсы таныс бол­ғанын, олардың жақсысынан үйреніп, жа­манынан жиренуге шақырғанын бай­қаймыз.

Ақсұлудың ет жақын туысының бірі Құрамыс Орысбаев Ақсұлу-Кеншімбай айтысын жатқа біледі екен. Ақсақалдың жадында қалған айтыс нұсқасы да Әбу­бәкір мен Мардан ағалар жазып алған айтыс­пен сәйкес келеді. Қария Ақсұлу мен Кен­шімбай айтыс аяқталғаннан кейін Төлеміс мырзаның үйінде тағы да сөз қағысқанын баян қылды.

Енді бір ел құлағына салатын жайт. Қазан қаласында төңкеріске дейін ба­сыл­ған кітаптарға сүйеніп, Ақсұлудың туған жері Жітіқара ауданына қарасты Тас­қарасу ауылы деп жазылып келген бола­тын. Ал айтыс Төлеміс мырзаның ауы­лында өткені белгілі. Оған айтыста Кеншімбай аузымен айтылатын:

«Баласы Балқожаның Төлеміс-ті,

Жігітке өнер деген керек іс-ті.

Айтысын екі ақынның көреміз деп,

Үш жігіт төрт-бес қызбен жөнелісті.

Үш жігіт төрт-бес қызбен

барып келді,

Ақынды Ақсұлудай алып келді.

Қызығын екі ақынның көреміз деп,

Жиылып тамашаға халық келді», – деген жолдар да дәлел бола алады.

Ал осы Төлеміс мырзаның ауылы қайсы десек, бұған дейін «Милютин» кеңшарының бөлімшесі болып келген, орыстар Белоаул деп кеткен елді мекен екен. Ақсұлуды алып келген ауыл да осы маңайда болса керек еді, алайда Тасқарасу атауы бұл маңайда мүлдем кездеспейді. Төлеміс мырзаның ауылынан он бес шақырымдай ғана қашықтық­та орналасқан Басқарасу – қазіргі «Шев­ченко» кеңшарының орталығы. Араб әрбімен танбаланған сөздерде «т» және «б» әріптері бірдей таңбаланғанын, айыр­машылығы осы әріптердің асты-үстіне қойылған ноқаттарда ғана екенін ескерсек, Ақсұлудың туған жері – Тасқарасу емес, Басқарасу деген батыл болжам айтуға болады. Жағалбайлының аққожа және балқожа руына жататын ағайындар да осы ауылда аз емес.

Ақсұлу жасынан әкесінің жанында жүріп, ел билігіне де араласқан. Жастай атастырған күйеуі мезгілсіз қаза тауып, әмең­герлік заңымен оның қаты­гез ағасына қосақталған қыз тағдыр шынжырын тас-талқан бұзып шығуға әрекет жасайды. Жесір дауында өзін өзі қорғауға шыққан ақын қыздың өткір сөзі ел-жұртын елжі­реткенімен, елге әңгіртаяқ ойнатып, қожа болып отырған бай-болыстарға әсер етпейді. Ақсұлу болса, өзімен айтысып, айтыста қыз басынан басқа мін таппай, атастырған күйеуін бетіне салық қылған, бірақ Ақсұлудың өз басын ер жігіттен кем көрмеген Кеншімбайды өзіне тең санап, астыртын сөз байласады. Ару қыздың тағдырына араласуды мәрттік көрген Кеншімбай Ақсұлуды бір түнде алып қашады. Олардың бұл қызығы да ұзаққа бармайды. Кеншімбай алыс сапарда жүргенде қыздың жасырынып жүрген ауылын жансыздары арқылы біліп алған әмеңгері – атақты Адай байдың баласы Қойкелді мырза Ақсұлуды байлап-матап, ауылына алып кетеді. Келе сала айықпас ауыр дертке ұшырап, құсадан қамыққан Ақсұлудың тұла бойына біткен перзенті Құлматайды да туған анасына еміздірмей, бәйбішенің бауырына салады. Сөйтіп, босанғанына үш күн өткен­нен кейін барып, тұла бойы тұңғышын еміреніп емізіп, иіскей де алмаған есіл ақын, ару ана жиырма жасында өмірмен қоштасады.

Ақсұлудың баласы Құлматай Адаев өз анасы секілді ел қорғаны болған, қазақтан шыққан тұңғыш заңгерлердің бірі. Құлматай Троицк қаласында орыс арасында округтік сотта адвокат болып қызмет істеген, «Айқап» журналының тірекші, тілектестерінің бірі болып, Сұлтанмахмұт Торайғыровпен және Мұхамеджан Серәлинмен жақын дос болған.

Қойкелді үйінде қапаста өткен бір жылдың ішінде Ақсұлу қаламынан бір дәптер өлең туған. Өкінішке қарай, ақын қыз «Қара дәптер» деп атаған, оның көз жасымен, жүрек қанымен жазылған бұл қолжазбаның қай арада қалғандығы белгісіз.

Қазақ халқының қасиетті бір қызының қасіретті тағдыры осылай болған. Ақын қыз Челябі облысының Ноғайбақ ауданына қарасты Александра-Невка деп аталатын елді мекеннің жанындағы қорымда жерленген. 1993 жылы ақынның туғанына 120 жыл, қайтыс болғанына 100 жыл толуын атап өткен жерлестері оның басына қойылған құлпытасқа:

«Ізгіліктің, иншалла, бастап ісін,

Ақсұлуға қойылған тастан мүсін.

Әруақты қадірлеу үлгі болсын,

Әсіресе, кейінгі жастар үшін»,

деген жазу жаздырған.

Ақсұлу туралы алғаш қалам тербеген – Ресейде тұратын әдебиетші, педагогика ғылымдарының кандидаты Әмірбек Байниязов. Оның бірнеше мақаласы «Жұлдыз» журналында жарық көрді.

Ақсұлу ақын есімі ел есінде. Менің «Ақсұлу» деп аталған драмалық дас­таным бұдан 30 жыл бұрын Қазақ радиосының алтын қорына қабылданды. Радиопьесада басты рөлді әйгілі әртіс Лидия Кәденова ойнады.

 

Ақылбек ШАЯХМЕТ,

А.Байтұрсынұлы атындағы

Қостанай өңірлік университетінің профессоры, халықаралық

М.Қашқари сыйлығының лауреаты