Түркістанда еліміздегі діни тұрақтылықты қамтамасыз ету, халықтың дәстүрлі рухани мәдениетін ілгерілету, дін саласындағы мемлекеттік саясатты кеңінен түсіндіру және ортақ адамгершілік қағидаларын насихаттау мақсатында дөңгелек үстел өтті.
Алқалы жиынға Ақпарат және қоғамдық даму министрі Д.Қыдырәлі, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Н.Тағанұлы, Түркістан облысының әкімі Д.Сатыбалды, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Д.Закиева, құқық қорғау органдарының өкілдері, дін қызметкерлері, дін саласындағы ақпараттық-түсіндіру топтары мүшелері, оңалту саласына жауапты дінтанушы-теолог мамандар, қала, аудан әкім орынбасарлары, БАҚ өкілдері қатысты.
Жиында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Мысыр, Шам, Құдыс қалаларында Байбарыс бабамызға қатысты іс-шаралар жөнінде айтып өтті. «Күллі мұсылман әлеміне әмірін жүргізген, өзін қос құбыланың сардары атаған Байбарыс бабамыздың Ясауи ілімінен сусындағанын жаңа деректер айғақтап отыр. Бұл тақырыпта жаңа зерттеулерге толы ауқымды еңбек жуықта жарық көреді. Алдағы уақытта «Ислам энциклопедиясы» атты көлемді еңбек дайындалып жатыр. Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында Президентіміз ортаға салған сындарлы тұжырымдарын, сарабдал ойлары мен тапсырмалары бүгінгі басқосуда тереңнен талқыланады деген ойдамыз. Діннің өзегі тәрбие екенін ескерсек, жастарымыз тура жолдан тайқып, жат ағымдардың жетегіне ермеуі үшін отбасы құндылықтары ұлттық тәрбиенің негізі болуға тиіс. Бұл ретте қаймағы бұзылмаған Оңтүстік өңірі дәстүр мен дінді берік сақтап, ұлттық болмысымыздың алтын арқауын үзбей келеді. Отан отбасынан басталатындығын ескеретін болсақ, қоғамда әулет құндылықтарын дәріптеу дін қызметшілері жұмысының басым бағыты болуға тиіс. Бүгінгі жиын Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» тұжырымы аясында қоғамда ізгілік құндылықтарын қалыптастыруда өз септігін тигізеді деп сенеміз», деді Дархан Қыдырәлі.
Әл-Фарабидің қайырымды қоғам тұжырымы, Жүсіп Баласағұн негіздеген мемлекет ұстыны, Қожа Ахмет Ясауидің кемел мұсылманы, Абай өлеңдеріндегі 5 асыл іс – мұның бәрі де әділетті мемлекет, ізгі қоғам, адал адам үштағанының іргетасы. Сондай-ақ министр кейінгі кездері жастардың белсенді рухани ізденістері айқын байқалатынын, діннің қоғамдағы орны мен маңызы артып келетінін атап өтті. Бұл бағытта мүфтияттың заман мен қоғам талаптарына сай шығарып жатқан пәтуалары мен ғылыми ізденістері, жастардың талпынысы артып келе жатқанын мәлімдеді.
Ал Түркістан облысының әкімі Д.Сатыбалды Ясауидің өмірі мен шығармашылығы туралы тарихшылар арасында зерттеу әдістемелерін дамытумен ауқымды ғылыми базаны қалыптастырудың қажет екенін мәлім етті. Мемлекет басшысының Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру бойынша тапсырмасын іске асыру бағытында тиісті заң жобасы әзірленгенін жеткізді.
«Түркістан қаласына берілетін жаңа мәртебе қаламыздың одан әрі дамуына жаңа серпін беретіні сөзсіз. Сан ғасыр Орталық Азия, одан әрі бүкіл түркі дүниесінің киелі шаһары болған Түркістан қаласы, қазіргі өркениеттің де маңызды орталығына айналып отыр. Бұл шаһармен халқымыздың ондаған ғасырлық тарихы сабақтасып жатыр. Ел тағдыры үшін маңызды шешімдер қабылдаған киелі шаһардың әлі де ашылмаған сырлары көп. Бұл тұрғыда біз Қожа Ахмет Ясауидің мұрасын зерттеуді жалғастыруымыз керек. Ұлы дала данасы «Диуани хикмет» еңбегі арқылы күллі мұсылмандар үшін қасиетті Құран кітабын түркі тілінде сөйлете алды. Президентіміз айтқандай, Түркістанды Ясауисіз елестету мүмкін емес. Биыл ұлы ойшылдың туғанына 930 жыл толып отыр. Осы орайда ғұламаның еңбектерін жан-жақты зерттеп, «Ясауитану» ғылыми орталығын немесе институтын құру мәселесін қозғаған болатын. Міне, бүгін осы залда отырған әрбіріміз – бұл іске өз үлесімізді қосуымыз қажет деп санаймын. Ясауидің өмірі мен шығармашылығы туралы тарихшылар арасында зерттеу әдістемелерін дамытумен ауқымды ғылыми базаны қалыптастыру қажет деп естептеймін. Сонымен қатар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдері, ғалымдары ғұлама бабамыздың еңбектерін жаңа қырынан танытуға зор үлес қосады деп білемін. Біз оған барынша қолдау көрсетуге дайын екенімізді жеткізгім келеді. Сондықтан киелі Түркістанның тарихы мен Ясауидің мұрасы және Кесененің тұрғызылуы туралы тарихи фильм түсіруді ұсынамын. Осы фильм арқылы біз келешек ұрпаққа аса үлкен мұраны аманат етіп жеткіземіз. Біз өз тарапымыздан тиісті жұмыстарды атқаруға дайынбыз», деді облыс әкімі. Сондай-ақ дөңгелек үстелге қатысушылар дін саласындағы өзекті мәселелер, діни экстремизге қарсы күрес жайында пікір алмасты.
ТҮРКІСТАН