26 тамыз бен 17 қыркүйек аралығында велоспорттағы ең белді жарыстардың бірі – «Испания Вуэльтасы» көпкүндігінің жалауы желбірейді.
Пиреней түбегіндегі және Андорра мен Франция аумақтарында өтетін жарыс Барселонадан бастау алып, Мадридте өз мәресіне жетеді. 23 тәулік аралығында велошабандоздар 3156,5 шақырымды жүріп өтуге тиіс. Биылғы жарыста 22 команда бақ сынайды. Олардың қатарында «Астана» да бар. Еліміз велоклубының сапында Давид де ла Крус (Испания), Луис Леон Санчес (Испания), Хавьер Ромо (Испания), Джо Домбровски (АҚШ), Самуэле Баттистелла (Италия), Фабио Феллине (Италия), Андрей Зейц (Қазақстан) және Вадим Пронский (Қазақстан) өнер көрсетеді.
Естеріңізге сала кетейік, былтыр Испаниямен қоса, Нидерланд пен Бельгия аумақтарында ұйымдастырылған жарыс «Soudal Quick-Step» клубының серкесі, 22 жастағы бельгиялық Ремко Эвенепулдің жеңісімен аяқталды.