• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Сұхбат 28 Тамыз, 2023

Айдар Сайтбеков: Полиция қызметкерлері жан-жақты болуы керек

426 рет
көрсетілді

Жаңа Қазақстанға жаңа форматтағы жоғары білікті полиция кадрлары қажет. Бұл ретте физикалық және интеллектуалдық жағынан дамыған, ашық, коммуникативті, сындарлы сәтте жол тауып шыға алатын және кез келген мәселеде қажетті шешім қабылдай алатын бәсекеге қабілетті, білікті мамандарды даярлау басты міндет болып отыр. Осы үдеден шығуға М.Есболатов атындағы ІІМ Алматы академиясының қосып жатқан үлесі зор. Бұл туралы бізге аталған академияның бастығы, полиция генерал-майоры Айдар Сайтбеков кеңінен айтып берді.

– Айдар Мүтәлікұлы, өзіңіз бас­қаратын оқу орнында маман даяр­лаудың қандай ерекшеліктері бар?

– Жалпы, біздің академия ішкі істер органдарын қылмысқа қарсы іс-қимыл және қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде озық білім мен кәсіби құзыреттілікке ие жаңа форматтағы жоғары кәсіби кадрлармен толықтырудың жетекші орталығына айналуы үшін барлық күш-жігерін жұмсап жатыр. Бұл жағдайда түлектердің бойында атал­ған қасиеттерді дамытуға көп жа­ғынан спорт көмектесетінін айт­қым келеді. Себебі спортпен шұғыл­дану арқылы адам, ең алдымен, өз дене мүшесінің қозғалысын басқару қабілетін жетілдіріп, нығайтатыны анық. Сондай-ақ спорт физикалық қасиеттерді дамытумен қатар, адам­ның интеллектуалдық қабілетін де қалыптастырады. Осыған дәлел ретін­де шахмат ойынын айтар едім. Бұл ойын – интеллект пен стратегиялық ойлауды дамытуға арналған спорт түрі. Шахмат ойыны тек интеллект пен логиканы ғана емес, полицейлер үшін зейінді шоғырландыру, өз стратегиясын талдау және әзірлеу, байсалдылықты жоғалтпау, әртүрлі қиын жағдайда тез және дұрыс шешім қабылдау, ақылға қонымды тәуекелге бару немесе тәуекелден бас тарту сияқты маңызды қасиеттерді дамытуға көмектеседі.

– Сөзіңіз аузыңызда, шахмат ойыны академияда жақсы дамы­ғанын білеміз. Сол жайында аз-кем тоқталып өтсеңіз...

– Биыл академияда шахмат спортын насихаттау үшін бірқатар іс-шара өткіздік. Мәселен, алғаш рет академияда қазақстандық шахмат федерациясы және «Freedom Holding Corp» компаниясымен бірлесіп, құ­қық қорғау, арнаулы мемлекеттік орган­дардың қызметкерлері мен әскери қызметшілер арасында шахматтан Ішкі істер министрінің кубогі республикалық турнирін өткіздік. Турнирге Қорғаныс министрлігінің, Ұлттық ұланның, Төтенше жағдайлар министрлігінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, ҰҚК Шекара қызметі­нің, қаржы мониторингі агенттігінің, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің, сондай-ақ ішкі істер министрлігінің өкілдері қатысты.

Сондай-ақ Халықаралық шахмат күнінде Алматы академиясына бакалавриат бағдарламасы бойынша оқуға түсетін талапкерлер үшін турнир ұйымдастырдық. Шахмат турнирі жастарға өздерінің зияткерлік деңгейін көрсетуге мүмкіндік берді. Жүлделі орындарға ие болған үш жеңімпаздың барлығы конкурстық іріктеу нәтижелері бойынша біздің академияға түскені назар аудартады.

– Интеллектуалдық ойындардан бөлек, тағы қандай спорт түрлеріне ерекше мән бересіздер және осы салада қандай жетістіктеріңіз бар?

– Әрине, біз ұлттық спорт түр­лерін дамытуға ерекше бейілдіміз. Мәселен, биыл Отан қорғаушылар күніне арналған құқық қорғау орган­дарының әскери және арнаулы оқу орындарының қызметкерлері арасында Қазақ күресінен «Қауымдастық барысы» турнирін өткіздік. Сондай-ақ ІІМ М.Есболатов атындағы Алматы академиясының 65 жылдығына орай­ластырылған академияның тұрақты құрамы арасында «Академия барысы» турнирі өтті. Бұл да – ұлттық спортты дамытудағы маңызды қадамдардың бірі.

Біздің оқу орнында көптеген танымал боксшы жұмыс істеп, сабақ берді. Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, кәсіпқой бокс­шы, IBA нұсқасы бойынша әлем чемпионы, WBO нұсқасы бойынша құрлықаралық әлем чемпионы болған айтулы азаматтар және тағы басқа спорт шеберлері қызмет атқарды. Ерекше тоқталатын дүние – академияда олимпиадалық стандарттағы бокс рингі бар. Мұнда халықаралық, республикалық және өңірлік жарыстар өткізіледі. Мәселен, өткен жылы біз оны Алматы қаласы күніне арналған кадеттер мен жасөспірімдер арасында кикбоксингтен Алматы қаласының чемпионатын өткізуді ұсындық.

Қолданбалы спорт түрлерінен бас­қа, біз командалық жұмыс пен ойлауды, стратегия дағдыларды, үйлестіру мен ептілікті, коммуникативті және командалық рухты дамытатын спорт түрлерін қолдауға және дамытуға тырысып жатырмыз. Мәселен, керлингті айтуға болады. Мұны «мұздағы шахмат» деп те атайды, өйткені керлинг физикалық тұрғыдан ғана емес, сонымен қатар назар аудару, үйлестіру, реакция жылдамдығы, ерекше ойлау, стратегия құру және жедел шешім қабылдау қабілеттерін дамытады. Міне, осындай спорттың түрінен өз командамыз құрылды және бұл – бірегей команда. Өйткені бұл – Қазақстанның әскери, арнайы және құқық қорғау органдары арасындағы керлинг бойынша жалғыз команда.

Сондай-ақ кейінгі уақытта ака­де­­мияда петанк сияқты спорт түрі қар­қынды дамып келеді. Бұл спорт түрін Дүниежүзілік Олимпиада коми­теті мойындайды және бүкіл әлемде кең таралған спорттың түрі. Петанкты жеке немесе командада ойнауға болады, бұл стратегиялық ойлау мен интеллекті, төзімділік пен үйлестіруді, командалық және ком­муникациялық дағдыларды дамытады. Академияда барлық ха­лық­аралық стандарт бойын­ша жа­салған және Қазақстан петанк феде­рациясының сертификатын алған петанк ойнауға арналған алаң бар. Биыл 8 шілдеде «Динамо» ФСО ҚБ-мен бірлесіп, петанктан алғаш рет Ішкі істер министрінің кубогін өткіздік. Жарысқа журналистер мен полиция қызметкерлерінен құралған командалар қатысты.

Академия қызметкерлерінің спортта жеткен жетістігі көп. Бүгінде академияда самбо, бокс, еркін күрес, қазақша күрес, армрестлинг, пауэрлифтинг, волейбол, керлинг, петанк және басқа да спорт түрлері бойынша 15 спорт шебері және 24 спорт шеберлігіне үміткер бар. Жалпы, академия қабырғасында Әлем және Азия чемпионаттарының, халықаралық және республикалық жарыстардың мың­нан аса жеңімпаздары мен жүл­дегерлері дайындалды. Академия қызметкерлері түрлі жарысқа бел­сен­ді түрде қатысып тұрады. Мысалы, жа­қында дене шынықтыру даярлы­ғы кафедрасының бастығы К.Мырза­бе­ков Алматы қаласында дзюдодан өткен ардагерлер арасындағы ел чемпионатының жеңімпазы атанды. Оқу орнында кәсіби деңгейде де, әуесқой да көптеген құрама командалар бар, атап айтқанда, академия қызметкерлері футбол, волейбол, шахмат, петанк, тағы басқа спорт түрлері бойынша жыл сайын Алматы марафонына да белсенді қатысады.

– Әңгімеңізге рахмет.