Ұлттық банк кейінгі үш жылда алғаш рет базалық пайыздық мөлшерлемені төмендету туралы шешім қабылдады. Ставка 16,75 пайыздан 16,50 пайызға төмендетілді. Ұлттық банктің хабарлауынша, нақты инфляция мен оның орнықты бөлігі одан әрі бәсеңдеген сайын базалық мөлшерлемені біртіндеп және байыпты төмендету саясаты жалғасады.
Жыл басынан бері инфляциялық үдерістердің үздіксіз баяулауы байқалады. Ол 2023 жылдың шілдесінде 14 пайыз болды. Бірақ шілдеде айлық инфляция орташа тарихи көрсеткіштерден жоғары қалыптаса отырып, 0,6 пайызға дейін біршама жеделдеді.
«Базалық және маусымдық факторларды ескермейтін инфляция көрсеткіштері бір деңгейде тіркеліп, баяулаған жоқ. Бұл ішкі сұраныстан қолдау тапқан баға өсуінің тұрақты сипатын көрсетеді. Тауарлар мен қызметтердің құнына әсер ететін өндірістегі жоғары шығындардың сақталуы – қосымша фактор. Инфляциялық күтулер біршама төмендегеніне қарамастан, жоғары қалпында қалды және жекелеген тауарлар нарығындағы жағдайдың өзгеруіне сезімтал болып отыр. Сыртқы факторлардың инфляцияға әсері біртіндеп төмендеп келеді. Бірақ жағдай алдыңғы болжамдық раундпен салыстырғанда қолайсыздау бола бастады. Көптеген елде бағалардың шарықтауы орталық банктер жүргізіп отырған саясат нәтижесінде баяулап отыр. Бұл ретте базалық инфляцияның орнықтылығы және ортамерзімді перспективада таргеттерге қол жеткізбеудің жоғары ықтималдығы көптеген орталық банктің мөлшерлемелерді төмендету циклын бастау мерзімін кейінге жылжытты», деп түсіндірді Ұлттық банк.
Базалық сценарийге сәйкес биыл инфляция – 10-12 пайыз, 2024 жылы – 7,5-9,5 пайыз, 2025 жылы 5,5-7,5 пайыз шегінде болжанған.
«Біз өткен жылы базалық мөлшерлемені біртіндеп көтерген едік. Қазір соның экономикаға қалай әсер еткенін көріп отырмыз. Инфляцияның қарқыны біртіндеп баяулай бастады. Бұл біздің бағалау жүргізетін ісімізге сенімділікті арттырып, инфляцияның тұрақталу үрдісін күшейте түседі. Сыртқы орта дезинфляциялық әсерін сақтауда. Әлемдегі орталық банктердің ақша-кредит шарттарын қатаңдатуы, азық-түлік бағасының төмендеуі ішкі бағаны ұстап тұруға ықпал етті. Алайда инфляция тұрақтылығын жоғалтпағандықтан, дамыған елдерде мөлшерлемені төмендете бастау мерзімі кейінге қалып қойып отыр. Ресейде рубль бағамы әлсіреп, тұтынушылық сұраныс артуынан инфляциялық қысымның күшейе түскені байқала бастады», дейді ҰБ төрағасы Ғалымжан Пірматов.
Оның айтуынша, базалық мөлшерлемені төмендетуге мына факторлар әсер етті: бес ай қатарынан инфляцияның төмендеп келе жатқаны, экономикадағы негізгі салалардың өсуіне байланысты ішкі экономикада іскерлік белсенділіктің үздіксіз артуы және сыртқы экономикада жаһандық инфляцияның баяулау үрдісінің жалғасуы.
Қазіргі мақсат – 2025 жылдың соңына таман 5 пайыз инфляция нысанасына қол жеткізу. Ғ.Пірматовтың айтуынша, бұл мақсатқа жету үшін барынша қатаң ақша-кредит саясатын сақтауға дайын болу керек.
«Бұл ретте фискалдық саясат, жанар-жағармай бағасын және тұрғын үй-коммуналдық қызметтерінің тарифтерін белгілеу саласында қабылданып жатқан шаралар, экономикадағы тұтыну мен үнемдеу арасындағы балансы барынша маңызды болады. Нақты инфляцияның динамикасы мен оның тұрақты бөлігінің белсенді баяулауы біздің күтулерімізге сәйкес келген кезде Ұлттық банк базалық мөлшерлемені біртіндеп және байыппен төмендету саясатын жалғастырады. Бұған мүмкіндік бар, бірақ проинфляциялық тәуекелдерді, оның ішінде фискалдық қолдауды ескерсек, ол шектеулі және алдағы шешімдерді байыппен қабылдауды талап етеді. Бұдан әрі келіп түсетін деректер мен инфляция тәуекелдеріне байланысты базалық мөлшерлемені төмендету тоқтата тұруды қажет етуі мүмкін», деді ол.