• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Тарих 29 Тамыз, 2023

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Сабыр Біләлұлы Ниязбеков

670 рет
көрсетілді

Кеңестік Қазақстан тарихы соңғы 30 жылдағы зерттеулерде сынға ұшырап келгендігі мәлім. Оған мысалдар да, дәлелдер де жеткілікті. Соған қарамастан, Кеңестік дәуірде мемлекеттік қызметте болған қайраткерлердің ұлт мүддесіне сіңірген еңбектері ұмытыла қойған жоқ. Оған Ж.Шаяхметов, Д.Қонаев, Ж.Тәшенев, Н.Оңдасынов, Б.Әшімовтің қоғамдағы рөлін тұлғалық болмысымен қатар таныстыратын мемуарлардың,  ғылыми-зерттеу жұмыстарының және мақалалардың шыққаны дәлел. Осы тұлғалармен замандас, үзеңгілес қызмет атқарған көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, саясаткер әрі дипломат Сабыр Біләлұлы Ниязбековтің туғанына биыл 111 жыл толады.  Өмірден өткеніне 29 тамызда 34 жыл болады.

Әр заманның өзіндік маңызды оқиғалары бар және әр мемлекеттің өз заманына сәйкес талаптары бар екені белгілі. ХХ ғасырға шегіне көз салсақ, осы күрделі кезеңде Ниязбеков Сабыр Біләлұлы 1938 жылдан бастап партия жұмысында жүріп, 43 жыл жауапты басшылық қызметтер  атқарды. 1928-1945 жылдар аралығында  ауылсовет хатшысынан бастап, аудандық комсомол хатшысы, бірнеше мекемелерде инспектор, редактор, мекемелердегі комсомол, партия ұйымдарының нұсқаушысы, 1935-1937 жылдары Қызыл әскер қатарында, 1943-1945 жылдары КОПК жанындағы партия мектебінің тыңдаушысы болды.

1967. Мәскеу. Қазақ өнерінің күндері. Кантемировшілермен бірге.

Отан тарихына өзінің биік мақсатын және бірегей миссиясын ұғына отырып, өз үлесін қосты. 30 жыл Қазақстанның аймақтары мен облыстарының бірінші және екінші хатшысы ретінде С.Б.Ниязбеков Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Целиноград, Оңтүстік Қазақстан аймағын және Алматы облыстық партия комитетін басқарды.

С.Б.Ниязбеков 1965-1978 жылдар аралығында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының председателі және КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының председателінің орынбасары болды. Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің 6 мәрте, КСРО Жоғарғы Кеңесіне 3 мәрте депутат болып сайланды. Қазақстан Компартиясының Пленум және бюро мүшесі болды, бірнеше рет республикалық, Одақтық ХХІ, ХХІІ, ХХІІІ, ХХІV партия съездерінің делегаты және құрамына сайланды. ХХІІІ съезде КОКП ОК мүшелігіне кандидат, ХХІV съезде КОКП ОК  мүшелігіне қабылданды. 3 мәрте Ленин (1971, 1973, 1976 ж.ж.), 2 мәрте Еңбек Қызыл Ту (1957, 1962 ж.ж.) ордендерімен, ондаған медальдармен марапатталды.

Сабыр Біләлұлы Ниязбеков 1912 жылдың 15 желтоқсанында Ақмола облысына қарасты Астрахань ауданының «Өрнек» ауылында дүниеге келген. С.Ниязбековтің шежіре тарихын терең білетін аталас туыстарының айтуынша атасының аты Ниязмұхамбет болса керек. Кеңестік саясаттың салқыны діни ұстанымдар мен дінге қатысты атауларға тигендіктен ресми құжаттарға Ниязбеков деп тіркелген деседі.

2019 жылы «Фолиант» баспасынан «Әулиелер ордасы» атты үлкен кітап жарық көрген болатын, онда Ақмола облысы, Астрахан ауданының территориясында заманының озық ойлы «Хұтып заман» ғұламаларының жерленгендігі туралы жазылған. Кітап авторы, теолог М.Смағұлов осы әулиелердің шежіресін тарқата келе, Жақып Молда туралы аңызға бергісіз тарихқа тоқталған. Қошқарбай батырдың ұлы болып саналатын Жақып Молданың ұрпақтарының ішіндегі ел басқарған һәм танымал тұлға болған Ыбырай Жайықбаев пен Сабыр Ниязбековті атап өтеді. Онда, «Мемлекет және қоғам қайраткері Сабыр Біләлұлы Ниязбеков (шежіреде Ниязмұхамбет), ол өмір бойы шыққан тегін жасыруға мәжбүр болды», делінген.

Қазан төңкерісінен кейін, ел ішінде большевиктер өкіметі орнаған кезде «Өндіріс» ауылында 1922 жылдан төтеше оқытатын мектеп жұмысын бастайды. 1924 жылы Сабыр Біләлұлы «Өндіріс» ауылының бір бөлімшесі «Төбе» деген жерде Тілеуғабылов деген мұғалімнен сауатын ашып, оқуды бастайды. Бастауыш сыныптан соң, 1926/27 оқу жылын Есіл болыстығының орталығы «Қарабай» деген жердегі жетіжылдық мектебінде, одан кейін Ақмола қаласындағы алғашқы мұсылман мектебінде жалғастырды. Бұл мектепте, 1909 жылы Мұсылман мектептерінде зайырлы пәндерден дәріс беру үшін Ақмолаға Уфа губерниясынан келген белгілі татар мұғалімі, Орынбор семинариясының түлегі Ғалымжан Шәкірзянұлы Құрмашевтан оқыған. Құрмашевтың күш-жігерінің арқасында Ақмоладан басқа кейінірек Тайтөбе, Майбалық ауылдарында, Ерейментау, Атбасар қалаларында ауыл мектептері ашылды. Құрмашев қазақ ұлтының көптеген танымал өкілдері: Рахымжан Қошқарбаев, Жұмабек Тәшенев, Сабыр Ниязбеков, Талғат Бигелдинов, Ілияс Есенберлиннің ұстазы болғандығын  ғалым М.Әпсәметов жазған.

Әкесі  Ниязмұхамбетұлы Біләл 1924 жылы қайтыс болғанда, Сабыр Біләлұлы 12 жаста болған. Әкесінің байсалды мінезін, балажан көңілін, діни сауаттылығын мамыражай, ынтымақты отбасының тірегі болғандығын және  анасы Сүлейменова Жібек туралы Сабыр Біләлұлы естелігінде қадір тұта жазған. Әкесі адал еңбекпен егін егіп, өз ісіне мұқият болса керек-ті. Соның арқасында отбасы таршылық көрмеген. Ауылдағы бірден-бір орысша тіл білген адам екен. Әкесі қайтыс болған соң,  анасы Жібек қазақтың әмеңгерлік жолымен қайнысына (Ниязмұхамбеттің інісінің ұлы) тұрмысқа шығады.  Сабыр Біләлұлы 13 жасынан бастап ағасы Рахметпен бірге эстон кулагына  жалданып жұмыс істейді. 

1928-1930 жылдар аралығында Ақмола және Атбасар уездерінің аумағында Ақмола округы құрылды. Оның құрамына 15 аудан кірді. 1931 жылдың басында аудандар нығайтылып, тікелей республикалық орталыққа бағынды. Еңбек жолын 1928 жылы, 16 жасында  Қарағанды облысының Ақмола ауданындағы №7 ауылсовет хатшысынан бастаған.

С.Б. Ниязбековтің жеке іс парағының 17 пункітінде білімі жетіжылдық деп көрсетілген, яғни жетіжылдық мектепте 1922-1927 аралығында оқып, бітіргендігі және 1930-31 жылдары Орал қаласындағы Кеңес партия мектебінде, 1943-45 жылдары Мәскеудегі ВКП(б) ОК партия ұйымдарының Жоғары мектебінде (ВШПО) оқығандығы көрсетілген.

Кеңестік партия мектептері - КПСС (1952 жылға дейін ВКП(б)) ауылдық жерлердегі партия және кеңес үгіт-насихат қызметкерлері кадрларын даярлайтын оқу орындары болды. Коммунистік университет бағдарламасында негізгі орынды қоғамдық-саяси пәндер алды. Маркстік-лениндік теорияны зерттеуге көп көңіл бөлінгені белгілі. Марксизм – Карл Маркс пен Фридрих Энгельс негізін салған философиялық, экономикалық және саяси ілім. Маркс ілімінің әлеуметтік ой мен саяси тәжірибеде әртүрлі саяси партиялар, қоғамдық қозғалыстармен  және мәдениет философиясына байланысты әртүрлі түсіндірмелері бар.

«Екінші мыңжылдық Адамы» атанған К.Маркс идеяларына бүгінгі таңда көптеген ғалымдар Ресей ҒА жанындағы экономика институтының  ғылыми жетекшісі Руслан Гринберг, өзін марксист санайтын Тибет буддизмінің лидері Далай Лама XIV (Нгагванг Ловзанг Тэнцзин Гьямцхо),   мәдениеттанушы Вадим Межуев, Йоран Терборн, Славо Жижек, Франк Руда және Агон Хамза және т.б. жаңаша пікір айтуда. Олар Маркс идеяларын «ленинизмнің» бұрмалауына қатысты, Лениннің жоспарын Сталиннің бұрмалауы, Сталинді Хрущевтің «жеке басқа табынушылықты жою» науқаны, Хрущевтің реформасының қателіктері, Брежневтің де дара билікке ұмтылысы және саяси көзқарастарының Маркс идеясынан тысқары жатқандығын дәлелдеуде.    

Мәдениет философиясы – бұл өзге елдер қол жеткізген мәдениет деңгейін бағалай білу үшін, ең алдымен өз ұлтының мәдени болмысын білуден басталады. С.Ниязбековтің Кеңестік дәуірдегі коммунистік партияның идеологиялық бағытына үйлестіре Қазақстандағы ұлттық тарихи–мәдени ескерткіштерді сақтау қоғамын құруы елдің өткені мен болашағын үйлестіру үшін жасалған игі шара екендігі даусыз. Бұл орайда, С.Б.Ниязбеков өз елінің тарихи-мәдени нысандары–Ескерткіштерді қорғау қоғамын құрып, төрағалық етуі және бұл Кеңестік дәуірдегі ізгі бастаманың бүгінгі Қазақстанда «Ұлттық рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша жалғасып келе жатқаны ерекше ескерілуі тиісті мәселе.

С.Б.Ниязбеков 1971 жылы қоғамдық негізде республикалық Ескерткіштерді қорғау қоғамын құрып, оны зейнеткерлікке шыққаннан кейін де 1989 жылға дейін өзі басқарды. 

1971 жылы Жоғары Кеңес сессиясында «Тарих пен мәдениет ескерткіштерін қорғау туралы» Қазақ Советтік Социалистік Республикасының Заңы қабылданды. Заң 5 бөлімнен, 24 статьядан тұрады. Заң Жобасының әлқиссасында Қазақ КСР-інің территориясында тарих пен мәдениеттің сан алуан ескерткіштері бар екендігі және бұлар қазақ даласының даналығын, оның тұрмысын, мәдениетін, өнерін, революциялық дәстүрлерін, КСРО-ның басқа халықтарымен бірге Отанымыздың бостандығы мен тәуелсіздігі жолындағы қаһармандық күресін бейнелейтіндігі, бұл ескерткіштердің ғылыми, көркемдік және мәдени-тәрбиелік маңызы зор екендігі айтылады. Тарих пен мәдениет ескерткіштерінің сақталуын қамтамасыз ету, оларды еңбекшілерге патриоттық әрі эстетикалық тәрбие беру, ғылыми-зерттеу және шаруашылық қажеттері үшін орынды және тиімді пайдалану мақсатымен Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі қабылдаған қаулы мынадай бөлімдерден тұрады:

1-Бөлім: Тарих пен мәдениет ескерткіштері – тарихи ескерткіштер, археология ескерткіштері, архитектура ескерткіштері, өнер ескерткіштері және әдебиет ескерткіштеріне 1 статьяда түсініктеме берілген;

2-Бөлім: Тарих пен мәдениет ескерткіштерін есепке алу және қорғау туралы 2-13 статьяларда қарастырылған; 

3-Бөлім: Тарих пен мәдениет ескерткіштерін есепке алу және қорғау органдарына жүктелетін және жүзеге асырылатын жұмыстар 14-17 статьяларда көрсетілген;

4-Бөлім: Тарих пен мәдениет ескерткіштерінің праволық режимі және оларды пайдалану мәселелері 18-22 статьяларда белгіленген;

5-Бөлім: Тарих пен мәдениет ескерткіштеріне зиян келтіргені үшін жауаптылық шаралары 23 статьяда баса айтылып, 24 статьяда Қазақ КСР Министрлер Кеңесіне тарих пен мәдениет ескерткіштерін есепке алу және сақтау Ережесін бекіту тапсырылған. (Сегізінші сайланған Қазақ ССР Жоғарғы Советінің екінші сессиясында ұсынылған «Тарих пен мәдениет ескерткіштерін қорғау туралы» Қазақ ССР Заң Жобасының қаулысы. -желтоқсан, 1971 ж.).

Ескерткіштерді қорғау мәселесіне белгілі ғалым Әлкей Марғұлан, Ақжан Машани, мүсінші Шота Уәлиханов, Өзбекәлі Жәнібеков, Болат Сарыбаев және басқа да қоғам мүшелерінің атқарған жұмыстарының қаншалықты маңызды болғаны көпке мәлім. С.Ниязбеков бірінші кезекте Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесін қалпына келтіруді қолға алды. Жұмыстарды қаржыландыру Мәдениет министрлігі арқылы жүргізілді, сол жылдары Министрлер Мүсілім Базарбаев пен Жексембек Еркімбеков болды. Жобаларды іске асыру үрдісінде С.Ниязбеков ұлтына жанашыр Ө.Жәнібеков, музыкатанушы Б.Сарыбаев сынды кадрларға қазақ халқының тарихи-мәдени дәрежесін көтеруді сеніп тапсырды. Нәтижесінде, қазіргі Қабанбай батыр мен Қонаев көшелері қиылысқан жерінен тұрақты ғимарат беріліп, облыстарға арнайы экспедициялар жіберілді. Көптеген жәдігерлер жинақталып, Қазақстанның бірнеше қалалары мен аудандарында этнографиялық музейлер ашылды. Тарихи ескерткіштерге арналған ғылыми конференциялар өтті, кітаптар, буклеттер шықты. Тарихи мұралардың суреттері түрлі-түсті открыткалар мен пошта маркаларына басылды. Қожа Ахмет Яссауидің кесенесі күрделі жөндеуден өтті.

С.Ниязбеков Қазақстанның тарихи және мәдени ескерткіштерін қорғау туралы заңды құруға және қабылдауға бастама көтергендігі жөнінде сол кездердегі Одақтық, республикалық деңгейде өткізілген іс-шаралар легі мен бірнеше сұхбаттары (интервью), баяндамалары жарық көрген.

1972 жылы, Алматыда Қазақ КСР тарихи-мәдени ескерткіштерін қорғау қоғамының бірінші съезі өтті. Оны С.Ниязбеков ашып, «Мәдени ескерткіштерді қорғау – барша халықтың міндеті» («Охрана памятников культуры-всенародное дело») деген тақырыпта баяндама жасады.          Осы баяндамада өткеннің тарихи мұрасы тарих саласындағы білімді тереңдетудің сарқылмас қайнар көзі ғана емес, сонымен бірге қазіргі мәдениетіміздің барлық салалары: ғылыммен, біліммен, әдебиетпен және өнермен біте қайнасып өскен іргетасы екендігіне назар аудартты. Мәселен, -қазақ жерінде алғашқы қауымдық құрылыс дәуіріндегі жәдігерлерден бастап орта ғасырлық құрылыстарға жататын көптеген мәдени ескерткіштердің күні бүгінге дейін сақталғандығын;- Қазақстанда жартас беттеріне салынған петроглифтердің көп екендігіне;- Қаратуда, Хан-Тауда, Тарбағатай мен Алтайда, Солтүстік Балқаш өңірінің орталық бөлігінде, Тесіктас пен Қараүңгір тауларында, Бетпақдала мен Жетісуда кездесетінін; - бұл суреттердің техникасы мен орындалу тәсілі, сюжеттері өлке тарихының және ата-бабаларымыздың тарихи-мәдени дамуының ең керемет түрлері екендігіне назар аудартты.         Сөз соңында Сабыр Біләлұлы:  «Адамзаттың осы салалардағы білімі мен жетістіктері қаншалықты биік болса, соғұрлым ілгерідегі жасалған материалдық және рухани құндылықтарды зерделеп, меңгеру қажеттігі арта түсетінін айтуым керек», деген.           1976 жылдың 8-9 маусымында Алматыда Қазақ КСР тарихи-мәдени ескерткіштерін қорғау қоғамының екінші съезі өтті. Съезді С.Б.Ниязбеков ашып, баяндама жасады. Онда, бұл қоғам өз қатарларында бір жарым миллионға дейін адамды біріктіргендігін, алты мыңнан асатын ұжым мүшелері әр саланың қызметкерлері екендігі және тұрғылықты жерлері де Қазақстанның колхоз, совхоздары, аудан орталықтары мен оқу орындары, кәсіпорындарда жұмыс істейтін адамдар екендігін мәлімдеген. Ғалымдар мен қайраткерлердің көмегімен мәдени мұраны сақтау жолында жалпы халықты және патриоттық іс-шараларды тарту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын айта келе, «Бүгінгі таңда республика аумағында он бір мыңға жуық археология, өнер, тарих және сәулет ескерткіштері тіркелген», деп атап көрсеткен. Съезде Орталық тексеру комиссиясының есебі тыңдалып, Қоғамның Жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.        Съезде қаралған мәселелер бойынша қоғамның орталық кеңесі мен орталық тексеру комиссиясының құрамы жаңартылып, төрағасы болып Қазақ КСР Жоғары Кеңесі Президиумының төрағасы С.Б.Ниязбеков бірауыздан қайта тағайындалды.          Сабыр Біләлұлы сонымен қоса осы жылдары Қазақстандағы Табиғатты қорғау Орталық кеңесін қоса басқарды.

ХХ ғасырдағы Қазақ КСР-ның «кемелденген социализм» қоғамындағы тарихи-мәдени тыныс-тіршілігі Қазақстан, Ресей, Франция, Канада  Иран, Германия, Моңғолия және басқа да бүгінгі ТМД елдерінің көптеген газет-журналдарында жарияланған. С.Б.Ниязбековтің жеке архивінде сақталған қолжазбалары мен тарихи-құжаттық фактілер (еңбек кітапшасы, дипломатиялық паспорты, әскери билетіндегі жазбалар, фотоальбомдары, баяндамалары, фотосуреттері,  белгілі журналистерге берген сұхбаттары) және Б.Рамазанованың  «Елім деп соққан жүректер. Ойтолғау» атты 2006 жылы шыққан кітабындағы «Нардың жүгін көтеріп өткен азамат» деген С.Б. Ниязбековке арнаған  естелігі аксиологиялық көзқараспен ой түюге жетелейді. С.Б.Ниязбеков туралы естеліктердің көңілге қонымды тұстарының мол екендігі қуантады. Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаев «Әке туралы толғаныс» кітабында  С.Ниязбеков туралы былай жазған: «Ұзақ уақыт Жоғарғы Кеңес Президиумына Сабыр Ниязбеков жетекшілік жасады. Ол ұстамды, іскер және қарамағындағы қызметкерлеріне әркез қамқорлық жасайтын басшы еді. Әкем Сабыр Біләлұлын өз қызметіне лайық деп санады. Ұжымның ішіндегі іскерлік, адамгершілік ахуал ең алдымен бірінші басшыға байланысты ғой. С.Ниязбеков құжаттардың қазақша-орысша мәтіні сапалы дайындалуына үлкен мән беретін. Әкей өзге әріптестерімен бірге заң жобалары мен қараулардың мәтінімен жұмыс істеп, қызметтен тым кеш оралатын күндері менің әлі күнге есімде».

Сабыр Біләлұлының әлі жарық көрмеген қолжазбалары бар. Онда өзінің ата -тегін, өмірден түйгендерін, араласқан дос-жарандары туралы естеліктер қалдырған. Сары дәптерлердің бірінде «Адамдар өздерінің әл-ауқатын жақсартуға ұмтыла ма,  ғылым заңдарын ашуға ынталы ма, әлде бар әлеуметтік және саяси жүйені өзгертуді армандай ма - барлық мотивтерді тек шындық ұсынуы мүмкін. Олар қиялындағы бақытты болудың үлгісін,  өмірден алынған тәжірибе мен ақпарат, білімнің ауқымында синтездейді. Сондықтан, өз жоспарын жүзеге асыруға кіріспес бұрын, олар бұрыннан білетін, білмегені жоспардың объектісі бола алмайтын материалдар мен құралдарды ескере отырып қана, өздерінің қиялындағы бақытының үлгісін жасайды. Өйткені, адамдарды өздері білмейтін, түсініксіз әлемдердің үмітке жетелеуі мүмкін емес. Сондықтан да, адамдардың арман-тілектері өздерінің шынайы өміріндегі ең жақсы үміттері мен ұмтылыстарына байланысты орындалады» деп жазған екен.                                                                

Сондай-ақ, Ресейлік журналист һәм жазушы А.М.Букаловтың «В зеркалах воспоминаний» атты кітабында, «Советская понарама» деп аталатын саяси ғылымдар агенттігінің (АПН) журналында Қазақстандағы Табиғатты қорғау Орталық кеңесінің атқарып жатқан жұмыстары жайлы («КАЗАХСТАНСКИЙ ПОДХОД К ЭКОЛОГИИ» айдарымен шыққан) агенттіктің меншікті корреспонденті Равиль Биктагировке  берген  сұхбатында  Сабыр Біләлұлы Ниязбеков ағымдағы бес жылда Қазақстандағы қоршаған ортаны қорғау шараларына мемлекет тарапынан кәсіпорын қорына 200 миллион сом қаражат бөлінгенін, «Казахстанская правда» газетінде табиғатты қорғау жөніндегі арнайы рубрика құрылғанын және онда энтузиасттардың қатары көбейіп (2 миллионнан аса), олардың тың идеяларын насихаттауға платформа берілгеніне тоқталды. Бұдан өзге облыстық, аудандық баспасөзде, радио мен телехабарлар арнайы қоршаған ортаны қорғауға байланысты жылына 4-5 мың корреспонденция таратылатынын мәлімдеді. Сонымен қатар, Қазақстанда табиғат жанашырларының халық университеттері, мектептері мен клубтарында жылына 12 000-ға дейін өткізілетін әңгімелер мен кеңестері де бұл қоғамның үлкен танымалдыққа ие болуына игі әсерін тигізген. Қазақстандағы қоршаған ортаны қорғау қоғамы сегіз секция бойынша жұмыс істеп, оған әртүрлі білім саласындағы мамандар, партия, кеңес шаруашылық басшылары және белсенді студенттердің арасынан туған жерді қорғау үшін қоғамдық инспекторлар тағайындалған. Олардың тікелей қатысуымен Қоғамның Орталық Кеңесі ғылыми-әдістемелік конференциялар ұйымдастырып, ұсыныстар әзірлейді, плакаттар шығарады, рейдтер жүргізеді, бастауыш ұйымдардың есебі тыңдалып, үкіметке түрлі ұсыныстар енгізуге мүдделі екендіктері ескерілген. С.Ниязбеков әріптестерімен. 1978 жыл.

Сабыр Біләлұлының ғұмырнамасы Мемлекеттің Басқару қызметін  Отанды сүю мен патриоттық рухта сабақтастырған дербес тұлғаның ғұмырнамасын толықтай тануға мүмкіндік беретін жеке архивіндегі құжаттық, баяндаушылық материалдар легі Қазақстанның ХХ ғасырдағы тарихи-мәдени, тарихи-саяси даму динамикасының көрсеткіші және бірнеше бағытта ауқымды зерттеу көздеріне негіз бола алады деп санаймыз. С.Б.Ниязбековтің тек баяндамаларының өзі ғана бірнеше томдарға жүк болатындығына көңіл бөлсек, Мемлекеттік деңгейде атқарған қызметі бойынша мынадай  фактілерге назар аудартады:

- С.Б.Ниязбековтің ғұмырнамасы мен еңбек жолының хронологиялық көрсеткішіне;

- С.Б.Ниязбековтің баяндамаларында ескерілген Қазақ КСР аймақтарындағы ауыл шаруашылығы,  экономикалық және оқу-ағарту және т.б. салалардағы жетістіктердің статистикалық көрсеткіштеріне;

- Қазақстандағы тарихи-мәдени нысандарды қорғауға алу мәселесіне;

- Қ.Яссауи кесенесіне қатысты мәселені мемлекеттік деңгейде көтеруі;

- Адам құқығына қатысты сот отырыстарына қатысып, қадағалауы;

- КСРО және Қазақ КСР-ның Заңдарын бекітуге және қабылдауға шешім шығаруға төрағалық етуі;  

- КСРО және Қазақ КСР-ның марапаттарын табыстауы;

- Дипломаттық рөлі (шетелдерге КСРО делегациясын бастап апаруы және ресми және достық сапарымен келген шетел Елшілерін, басшыларын қабылдауы).

1975 жыл.

Сондықтан да, осы мақалаға Қазақ КСР және Қазақстан қоғамындағы тарихи-мәдени даму динамикасының ерекшеліктерін салыстыра отырып, қаперінде қазақ елінің рухын жоғары ұстап, болашақ ұрпаққа тарихи-мәдени жәдігерлердің мирас болуына  ықыласы ауған,  қазақтың патриот ұлы Сабыр Ниязбековтің ХХ ғасырдағы Қазақ КСР тарихы негізінде ұлттық мүддеге сіңірген еңбегін, қайраткерлік келбетін байыппен бағамдауға ниеттендік. Әсілінде, дербес тұлғаның өзі өмір сүрген кезеңдердегі атқарған істерінің оның мәнді де мағыналы болуы қоғам тынысымен тікелей байланыста болып, туған жеріне, елінің мүддесіне еткен еңбегімен құрметті болатыны шындық. 

С. АХМЕТОВА,

ниязбековтанушы, тарих ғылымдарының магистрі, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ, «Білім тарихы» музейінің меңгерушісі

Астана қаласы