Тіл саясаты комитеті Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырған қызмет көрсету саласындағы өзге этнос өкілдері арасындағы «Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздік символы» атты республикалық байқауының жеңімпаздары анықталды.
Тұңғыш рет Петропавл қаласында ұйымдастырылған бұл байқауды Тіл саясаты комитеті Мемлекеттік тілді дамыту және лингвистикалық жұмыстар басқармасының басшысы Гүлфариза Мұқан құттықтау сөзбен ашып: «Әлемдегі жаһандану үдерісі әр халықтың алдына өздерінің ұлттық рухани-мәдени құндылықтарын жандандыру міндетін қойып отыр. Осы ретте біз үшін қазақ тілінің әлеуметтік мәртебесін жоғарылату, мемлекеттік тілді рухани-мәдени құндылық ретінде дәріптеу аса маңызды. Биылғы байқау қызмет көрсету саласы бойынша өткізіліп отыр», деді ол.
Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мақсатында ұйымдастырылған байқау «Жұлдызды сәт», «Сөздің көркі», «Ой ұшқыны», «Ұшқыр сұрақ, ұтқыр жауап» деп аталатын төрт кезеңнен құралып, оған өңірлерден іріктеліп келген үздіктер қатысты.
Үздіктерді саралаған филология ғылымдарының докторы Қасиет Кәкенұлы бастаған қазылар алқасының шешімімен бас жүлде Павлодар қаласы Халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкері Гросс Ингаға бұйырса, бірінші орынға Орта Азия Инновациялық университетінің «Аударма ісі» мамандығы бойынша 4-курс студенті Интизора Нусратуллаева лайықты деп танылды. Екінші орынды Ұлытау облысы, Қаражал қаласы Жәйрем кен байыту комбинатының бас маманы Максим Ентальцев жеңіп алды. Үшінші орын «Қазақтелком» АҚ филиалының корпоративтік бизнес жөніндегі сату үдерістерін қолдау секторының маманы Аделя Мурзинаға бұйырды. Қалған қатысушылар ынталандыру сыйлығына ие болды.