Саяси редактор Ник Пауэлл 30 тамыз - Қазақстанның Конституциясы күніне орай Бельгияның EUReporter басылымына «Қазақстанда саяси реформа жалғасуда» деген тақырыпта саяси сараптамалық мақала жариялады.
«30 тамыз – Қазақстанның Конституциясы күні. Бұл күн - 1995 жылы Қазақстан Конституциясының қабылдануына арналған мерекелік іс-шаралар, концерттер мен көрмелер өтетін мемлекеттік мерекелер тізіміне енді. 28 жыл бұрын референдумда қабылданған демократиялық зайырлы мемлекет құру туралы шешім бостандық, теңдік пен келісім орнатудан туындаған еді. Десе де республиканың жоғарғы заң құжатына бес рет түзетулер енгізілді, оның соңғысы 2022 жылы жүзеге асырылды», деп жазады Ник Пауэлл.
Автордың жазуынша, екі жылға жуық уақыт аралығында Қазақстан Президенті мен ел үкіметі саяси реформаларды ілгерілетіп, шынайы демократиялық институттарды құрып, қоғамға тереңдеп, президент пен парламенттің рөлін арттыру жолында маңызды реформаларды жүзеге асырып келеді.
«Бастапқыда отын бағасына қатысты туындаған заңды наразылықтардың соңы заңсыздық пен зорлық-зомбылыққа ұласқан 2022 жылғы қаңтар айындағы оқиғалар еске түседі. Алайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың реакциясы бәз біреулер ойлағандай зорлық-зомбылықты үдетушілерді жоюға емес, демократиялық реформаларды жеделдетуге бағытталды. Жақында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин президенттік саяси реформалар аясында Қазақстан азаматтары қалаларда, ауылдарда және басқа да елді мекендерде 1668 әкімді (жергілікті билік органдарының басшыларын) халық өзі сайлағанын атап өтті. Олардың төрттен бірі - тәуелсіз кандидаттар, қалғандары саяси партиялардың өкілдері. Жаңадан сайланған әкімдердің жартысынан астамы өз лауазымдарын алғаш рет атқаруда, олардың көбі жас жергілікті саясаткерлердің жаңа буынын білдіреді, олардың орташа жасы 45 жасты құрайды. Адам құқықтары мен демократияны қорғау Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің, Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің және Мүгедектердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің рөлі мен мәртебесін арттыру есебінен күшейтілді», делінген мақалада.
Автор адам құқықтары мен бостандықтарын одан әрі қорғауды қамтамасыз ету мақсатында Конституциялық сот қайта құрылғанын да тілге тиек етті. Енді Қазақстан азаматтары Конституция принциптеріне қайшы келетін шараларды заңсыз деп тану үшін Конституциялық сотқа тікелей жүгіне алады.
«Конституцияға түзетулердің ықпалы 2023 жылғы наурызда өткен парламенттік және жергілікті сайлауларда ерекше байқалды. Саяси партияларды тіркеу рәсімін жеңілдетудің нәтижесінде «Республика» және «Байтақ» сияқты жаңа партиялардың сайлауға қатысуына мүкіндік берілді, олар көптеген отандық және шетелдік саяси сарапшылардың пікірінше, Қазақстанның қазіргі заманғы тарихындағы ең бәсекелі партияларға айналды. Алты партия парламентке өту үшін қажетті бес пайыздық межені еңсере алды, бұл шын мәнінде түрлі саяси көзқарастары бар көппартиялық өкілді орган құруға мүмкіндік берді. Бір жылда бес референдум мен сайлау науқаны өтті. Конституциялық түзетулер мен реформалардың арқасында қазақстандық қоғамда жаңа азаматтық және саяси мәдениет қалыптасты. Әлеуметтік, экономикалық және басқа да реформалар жүзеге асырылуда, өйткені Қазақстан жаһандық өзгерістерге, үрдістер мен сын-қатерлерге ден қояды. Конституция баптарының үштен бірін қайта жазған Қазақстан жаңа республикаға айналды, ол саяси тұрғыда жаңарған мемлекет саналады. Қазақстан азаматтарын толерантты деп атауға болады, онда әрбір азамат діни нанымына және этникалық тегіне қарамастан, өзін маңызды және еркін сезіне алады. Сөз, жиналыс және діни сенім бостандығын, сондай-ақ тұлғаның саяси алуан түрлілігі мен бостандығын қамтамасыз ете отырып, Конституция елдің әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуына негіз қалайды», деп пайымдайды Ник Пауэлл.
Таяуда Еуропарламент Сыртқы істер комитетінің делегациясы парламент депутаттарымен, мемлекеттік кеңесші Ерлан Қаринмен, Экономика министрімен және министрдің бірнеше орынбасарларымен, сондай-ақ азаматтық қоғам өкілдерімен және Адам құқықтары жөніндегі уәкілмен кездескенін айта кету керек. Комитетті басқаратын Германиядан келген Еуропарламент депутаты Дэвид Макаллистер Қазақстанға және көршілес Қырғызстанға сапары барысында Еуропалық Одақтың Орталық Азияның стратегиялық маңызды аймағы елдерімен қарым-қатынасты жандандыру қажет екенін айтты.
«Бұл біздің қарым-қатынастарымызды дамытуға мүмкіндік беретін сын-қатерлер кезеңі», деді Д.Макаллистер.
Макалистер мырза екі ел үкіметтерінің өз елдерінің Ресей мен Беларуське қарсы санкцияларды айналып өту үшін пайдаланылуы мүмкін деген қатерді жою үшін ЕО-мен ынтымақтасуға дайындығын құптады. Ол санкциялар Орталық Азия елдеріне емес, Украинаға қатысты агрессорларға қарсы бағытталғанын жеткізді. Еуропарламентарийлер Қазақстан мен Еуропа арасындағы көлік қатынасын жақсарту мүмкіндіктеріне үлкен қызығушылық танытты. «Транскаспий дәлізі Орталық Азия мен Еуропа арасындағы маңызды баламалы байланыс болып табылады және санкция арқалаған елдер арқылы өтпей-ақ әлемдік нарықтарға тікелей қол жеткізуді жеңілдетеді», деп мәлімдеді Дэвид Макалистер.
Сондай-ақ ЕО мен Қазақстан арасындағы шикізаттың маңызды түрлерімен қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастықты нығайту қосымша елеулі өзара ықпалдастық әкелуі мүмкін екенін де алға тартты. Еуропарламент депутаттары Қазақстандағы саяси және экономикалық реформаларды қолдап, олардың жалғасатынына сенім білдірді. Олар азаматтық қоғам мен тәуелсіз БАҚ-тың маңыздылығынна тоқталып, адам құқықтары мен іргелі бостандықты құрметтейтін бағытты ұстануды құптайтындарын жеткізді.