Өңірдегі балаларға арналған бірден-бір мемлекеттік жалғыз өнер ордасы – Қуыршақ театрының құрылғанына биыл 40 жыл! Көрермен көзайымы болған театрда отандық және шетелдік авторлардың қазақ және орыс тілдерінде 150-ге жуық қойылымы сахналанған. Қазіргі репертуарда 60-қа жуық қойылым бар.
Дегенмен, театрдың бүгінгі күрделі проблемасы – өнер ұжымына берілген ғимараттың ескіріп, тозуы болып отыр.
Жақында Шымкент қаласының әкімі аталған театрға арнайы барып, жұмысымен танысып қайтқан. Қала басшысымен кездесуде негізінен осы тақырып жайлы әңгіме қозғалды. Өз кезегінде әкім алдағы уақытта ғимарат мәселесін шешетінін жеткізді. Ол үшін қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына қажетті ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.
Айта кеткен жөн, мәдениет, өнер саласындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында театр 17 шетелдік, оның ішінде Перу, Эстония, Латвия, Италия, Франция, Түркия, Қытай, Оңтүстік Корея, Иран мемлекеттерімен және Алматы, Ақтөбе, Қостанай қалалары, сондай-ақ Маңғыстау облыстық қуыршақ театрымен екіжақты меморандумға қол қойған. Алдағы уақытта мегаполисте театрдың 40 жылдық мерейтойына орай халықаралық қуыршақ театрлары фестивалі өтпек.
Бұған қоса, өнер ұжымы Қарағанды қаласындағы «Куклияндия» халықаралық қуыршақ театрларының фестивалінде үздік балалар қойылымы аталымын жеңіп алған. Осыдан біраз күн бұрын театр жергілікті режиссер Қ.Исаевтың «Саяхатшы тасбақа» қойылымымен биылғы маусымды аяқтаған еді. Мейірімділік, бауырмалдық, жанашырлық, қайсарлық пен табандылық қасиеттерді дәріптейтін сахналық шығарма Алматы қаласындағы халықаралық «Ортеке» фестивалінде жоғары бағаланды. Қуыршақтарға жан бітірген өнер ордасы балдырғандармен бірге жасөспірімдер мен ересектердің де сүйікті театры. Соның бірден-бір дәлелі биыл әртістер 18 мыңға жуық көрерменге 200-ден аса қойылым ұсыныпты. Солардың ішіндегі алтауы жаңа премьера. «Биыл сахналаған 6 қойылымның үшеуі кішкентай балдырғандарға арналса, қалған үшеуі жасөспірімдер танымындағы шығармалар болды. 4 қойылымға сырттан режиссер тарттық. Қуыршақ театры өнерін кәсіби тұрғыда өрлету, дарынды әртістер мен режиссерлерді таңдау, олардың актерлік шеберліктерін арттыру, сондай-ақ өнерімізді шетелде тамашалатып қайту негізгі міндет пен мақсатымыз саналады. Шығармашылық табыстарымыз халықаралық «Құралай» қуыршақ театрлар фестиваліндегі «Балаларға арналған үздік қойылым» мен «Үздік драматургия» аталымдарын иемденуіміз», деді театр басшысы Самат Алтай.
Театр алдағы маусымда классикалық шығармалардан қойылым қоймақшы. Әртістер Г.Х.Андерсеннің «Ұсқынсыз үйрек» пен Гауфтың «Ергежейлі мұрын» туындысын сахнаға алып шығуға дайындалып жатыр.
ШЫМКЕНТ