Білім күніне орай елімізде 39 жаңа мектеп есігін айқара ашты. Оқу-ағарту министрлігінің хабарлауынша, жаңадан ашылған оқу ордалары 55 мың оқушыға арналған. Ал жыл соңына дейін барлығы 132 мың орындық білім беру ұйымдарын пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Министрліктің мәліметінше, Білім күні пайдалануға берілген 25 мың орындық 13 мектеп Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының демеушілігімен, ал 30 мың орындық 26 мектеп жергілікті бюджет және жеке инвестиция есебінен салынды. Бұған қоса «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. Аталған жобаның аясында 740 мың оқушыға арналған 369 мектеп салу жоспарланған.
– Биыл 130 мыңнан астам оқушы су жаңа мектепте оқуды бастайды. Ауылдық жерлердегі білім деңгейін дамытуға да ерекше көңіл бөлініп отыр. Осы жылы 1 мың ауыл мектебі қайта жаңғыртылып, пәндік кабинеттер ашылады, кітапханалар мен асханалары, жиһаздары жаңартылады. Алғаш рет ауыл мектептері арасында республикалық олимпиада ұйымдастырылады. Мұның бәрі отандық білім сапасын арттыру үшін, балаларға қауіпсіз әрі қолайлы жағдай жасау мақсатында қолға алынды, – деді Қосшы қаласындағы мектеп-гимназияның ашылуына қатысқан Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.
Министрліктің ақпаратына сүйенсек, елімізде жаңадан салынып, білім мерекесінде пайдалануға берілген 39 мектепке қосымша тағы 194 білім беру ұйымында күрделі жөндеу жұмысы аяқталды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жыл соңына дейін шағын қалаларда, аудан орталықтарында, ауылдарда орналасқан 1 000 мектеп алты бағыт бойынша жаңғыртудан өтеді. Яғни күрделі жөндеу, пән кабинеттерін жабдықтау, мектеп жиһаздарын, кітапханаларды, асханаларды жаңарту, сондай-ақ балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіледі. 1 000 пәндік кабинет ашылмақ, сонымен қатар тағы 749 пәндік кабинет сатып алынады.
Айта кетерлігі, мемлекет жыл сайын мектептердің құрылысы мен жаңғырту жұмыстарына қаржы бөліп келеді. Соңғы үш жыл ішінде 340 мың орындық 626 мектеп пайдалануға берілді.