Президент Жолдауында баршаны толғандырған бірқатар проблеманы қозғады. Оның ішінде ел экономикасын одан әрі өркендету, халықтың әлеуметтік әл-ауқатын жақсартуға басымдық беру, аймақтарды дамыту, қоршаған ортаны қорғау секілді қадау-қадау мәселелер бар.
Халқымыздың ғасырлар бойғы арман-мақсаты – әділетті мемлекет құру. Әсіресе қазіргі жаһандану кезеңінде ұлтымыздың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың маңызы зор. Ал мұның негізгі діңгегі – демократиялық қоғам қағидаттарын енгізу. Бұл үшін әр деңгейде басшылық лауазымды атқаратын мамандарға ашықтық пен адалдық принципін ұстану талабы жүктелді. Өйткені қазір бізге нағыз дамыған ел болу қажеттігі туындап отыр. Ал бұл мақсатқа қол жеткізу үшін нендей мәселеге назар аудару қажет?
Біріншіден, кейінгі жылдары елімізде қолға алынған саяси өзгерістерді түбегейлі және жан-жақты әлеуметтік-экономикалық реформамен ұштастырудың орайы келгенін ескерген жөн. Өйткені әлем елдері әлі де қырғи қабақ көзқарастан арылмай келеді. Мұндай өзара дүрдараздықтың соңы жаһандағы геосаяси ахуалды одан әрі ушықтырып жіберуі мүмкін.
Екіншіден, барлық ел шикізатқа тәуелділіктен арылуға, бәсекеге қабілетті өнім өндіруге бет бұрды. Демек жаһандық экономикада жаңа өнімдер мен бұйымдар, инновациялық жобалар бұрынғыдан да көбейе түседі. Мұндай ұмтылыс технологиялық бәсекені, табиғи ресурстарды игеруге таласты арттыра түсетіні даусыз.
Үшіншіден, адамзатты климаттың өзгеріп, ғаламдық жылынудың үдегені, қоршаған ортаның ластанғаны алаңдатып отыр. Бұл проблема елімізге тән.
Төртіншіден, азық-түлік қауіпсіздігін қалыптастыруға баса мән берудің өзектілігі айқындала бастады. Оның үстіне қазақ қоғамын синтетикалық есірткімен байланысты қылмыстың кең етек жайғаны алаңдатпай қоймайды.
Міне, осындай проблеманың бәрі сын-қатерге төтеп беретіндей түбегейлі өзгерісті талап етіп отыр. Бұл қиындықты еңсеру үшін Әділетті Қазақстан қоғамын құрудың іргетасы қаланып, жаңарған елдің бағыты айқындалды. Ендігі міндет – Әділетті Қазақстанның экономикалық бағытын іске асыру.
Елімізде Жолдауда қамтылған міндеттерді іске асыруға, жаңа экономикалық үлгіге өтуге қажеттінің бәрі бар. Тек нақты қадам жасауға негіз болатын ұлттық бағдарлама қажет. Өмір де, уақыт та бір орнында тұрмайтынын ескеріп, асықпасақ та, аптықпасақ та байыпты бағдарлама түзуді кешеуілдетпеген жөн.
Ал ұлттық бағдарламада алдағы үш жылда нақты іске асырылатын жобалар қамтылғанын қалар едім. Әрине, алдымен халықтың тұрмыс сапасын жақсартудың тиімді жолдары, еліміздің бәсекелік артықшылығы ескерілуге тиіс.
Біріншіден, өнімді терең өңдеуге баса назар аударылуы керек. Мәселен, ауыл шаруашылығы өнімдері кластері құрылса, азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға серпін берер еді.
Екіншіден, елімізде шетелдік туристерді қызықтыратын тарихи, табиғи орындардың әлеуетін арттыра алмай отырмыз. Өйткені туристер жиі барғысы келетін кейбір орындарда инфрақұрылым мәселесі толық шешілмеген.
Үшіншіден, отандық экономиканы еңселендіретін кәсіпкерлік саласына жаңа бағыт қажет. Қазір олардың дені мейрамхана, дүкен, шаштараз секілді сервистік қызметпен шектеледі. Енді олар бәсекеге қабілетті өнім өндіру үшін жаңа экономикалық үлгіге бет бұрғаны жөн.
Аққали АХМЕТ,
Х.Досмұхамедов атындағы
Атырау университетінің профессоры