Қазыналы қазақ әдебиеті – толқыннан толқынға ауысып, дәуірден дәуірге өткен сайын байып-байыптанып, кемелденіп-толысып келе жатқан үздіксіз қозғалыс пен даму жолындағы өміршең әлем. Өткен ғасыр басындағы Мұхтар Әуезов пен Жүсіпбек Аймауытовтар бастаған салқар керуеннің шаңырақ тартқан нарлары Бейімбет Майлин, Ғабит Мүсіреповтер болып жалғасса, сол керуеннің олардан соңғы салуалы көшін Сайын Мұратбеков, Әкім Тарази сынды тарландар кейінгі буынға алтынмен айшықтап, асылмен әдіптеп тапсырғандай әсер қалдырады.
Әдебиет әлемінің Әкімі – классик жазушы, драматург, киногер, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Еңбек Ері Әкім Таразидің 90 жылдығына арналған жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Әкім Тарази – әдебиет әлемінде өте сирек кездесетін тұлға, қазақ әдебиетінде ерекше орын алған бірегей жазушы» деп, оның философиясы өте терең, реалист жазушы екенін ерекше атап өтті. Әсіресе қала өмірін, ұлт болмысының өзгеріске түскен күрделі психологиялық кезеңін суреттеуде бөгенайы бөлек қаламгер екенін айтты.
Әкім ағамыздың биыл тұсауы кесілген 12 томдық шығармалар жинағы – жазушының «түн отырмай, күн ұйықтамай» қолынан қаламы түспеген, талай жылғы қажырлы еңбегінің жемісі деп білеміз.
Үлкен романның өзінде бір ауыз артық сөз болмайтын, сөзді үнемдеп, ойды оздырып отыру – Әкім ағаның қаламгерлік ерекше мінезі десек қателеспейміз. Бұл қасиет өзі аға тұтқан, жанына еріп жүріп көп тағылым алған сөз зергері Ғабеңнен жұқса керек. Ағаның өмір жолына көз салып отырсақ, Мәскеуде білім алуына, кино саласына келуіне де Ғабең себепкер болған екен. «Қазір қазақ әдебиетінде Әкім Таразидің ерекше қолтаңбасы қалса, біріншіден, Алланың арқасы, екіншіден, Ғабит Мүсіреповке алғыс айтамын. Үшіншіден, қанаттас, қаламдас достарымның арқасы», дейді өзі де ағынан жарылып.
Сайын Мұратбеков, Рамазан Тоқтаров, Қалихан Ысқақов, Қабдеш Жұмаділов, Әкім Тарази секілді кезінде «бес тапал» атанған Алаштың аймаңдай жазушылары бүгінде бір-бір биік тауға, аңыз адамдарға айналды. Оның ішінде бүгін міне, Әкім Тарази ағамыз тоқсанның төріне шығып, әдебиетіміздің алыбы, ұлтымыздың абыз ақсақалы болып отыр.
Қаламгердің «Тасжарған», «Шер», «Қиянат», «Қорқау жұлдыз» секілді романдарының қай-қайсысы болмасын, үлкен дайындықпен, кең тыныс, зор эпикалық қуатпен жазылған дүние.
«Тасжарғандағы» парасат пен дегдарлықты бойына сіңірген, рухани кемел Омар бейнесі арқылы тұтас кезеңнің көрінісін, адамдық пен кісілік құндылықтарын, қоғамдық жүйенің аярлығын аямай ашып көрсетеді. Тарази шығармашылығы туралы көрнекті әдебиет сыншы Сағат Әшімбаев: «Туған әдебиетімізде алпысыншы жылдар аралығында кейбір замандастарымыздың мінез-құлқы мен психологиясында байқалып жүрген тоғышарлыққа, мещандық мерез сезімдердің бас көтеруіне алғашқылардың қатарында повестері арқылы қарсы шабуылға шыққандардың бірі Әкім Тарази еді», деген екен. Оның бірқатар шығармасында қазақ халқының соғыс жылдарындағы тұрмыс-тіршілігі, жетімдер мен жесірлердің жанкешті өмірі, қиын тағдыры, сол тұстағы қайшылыққа толы қоғам шындығы айшықты суреттелген.
Әкім аға – философ, психолог жазушы. Ойшыл қаламгер күрделі шығармаларында дәуір шындығын, замана қалтарыстарын, адам болмысын һәм әлеуметтік-рухани мәселелерді тереңнен толғап жазады. Оның шығармаларын оқып отырғанда көз алдыңда кино лентасы тізбектеліп өтіп жатқандай болады.
Ғасыр зұлматына айналған ХХ ғасырдағы алапат ашаршылық халқымыздың ұзақ тарихында Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламадан кейінгі ең ауыр тауқымет. Жер басып жүрген Алаш баласының үштен бірін жалмап кеткен осынау кенеусіз апат біздің әдебиетімізде елеулі із қалдырмағаны өкінішті жайт. Бұл тарапта біз көбінесе ұлы жазушы Бейімбет Майлиннің әңгімелерін алға тартамыз. Ұлт қасіреті көркем шежіреге айналмағандай. Оның ең басты себебі, қылышынан қан тамған қызыл цензура екені баршаға түсінікті. Сол қиын заманда қисынын келтіріп, өмірін қатерге тігіп, классик Әкім Таразидің осы тақырыпқа бет бұруы, шеберлікпен осы шерлі тарихты көркем шығармаға айналдыруы үлкен тәуекел мен ұлтын сүйген жүректің таңдауы екені анық.
Мысалы, «Андрей» атты әңгімесінде қазақ халқының бастан кешкен ауыр азабын, трагедиясын сөз етеді. Автор армян Андрейдің әпкесі Манана аузымен сұмдық жайттарды айтқызып, тосын ойлардың тиегін ағытады. «Андрей» әңгімесі арқылы зобалаң жылдар қасіретін қалам ұшына қондырып, жүрек түкпірінде жатқан шерлі сезімді көркем дүниеге көшіреді.
Тарланбоз Тарази – тақырып таңдауда да ірілік пен кірпияз талғам иесі. Бұл оның шағын әңгімелерінен көлемді кесек туындыларына дейін аңғарылып тұрады. Қалам тербер тұста халқымыздың тағдыр жолындағы шешуші кезеңдер мен тағылымды тұстарды қапы жібермейді. Сондай кезеңдердегі ұлттың жан толқынысы мен жүрек бұлқынысын тамыршыдай тап басып отыратынын байқаймыз.
Әкім аға бір сөзінде «Сабыр мен ұстамдылық сияқты ұлы қасиетті – Ғабит аға мен Кемел ағадан үйрендім», деген екен.
Биыл 100 жылдығы тойланып жатқан, қазақ детективінің атасы, көркемсөздің шебері Кемел Тоқаев пен Әкім ағаның ағалық-інілік сыйластығы, шығармашылық байланысы оның көркем мінезі мен достыққа адалдығының бір көрінісі іспетті.
«Әкім» – кеудесі хикметке толы хакім мағынасына да келеді. Сондықтан Әкім аға расында оқырманын ойландыратын, парасат биігінен аласармаған пайымы терең, ойы берен хакім аға деп санаймыз.
Әкім ағаның тарихи-романтикалық сарындағы пьесалары да қазақ оқырмандарының көңілінен шығып, көзайымына айналды. Белгілі театр сыншысы әрі үлкен өнер зерттеушісі Әшірбек Сығай Әкім ағаның «Асау Бөкен», «Жақсы кісі», «Күлмейтін комедия» секілді 3 пьесасын «қазақ әдебиетіне, қазақ драматургия саласына қосылған классикалық үлгі» деп бағалағаны бар. Шынында, бұл шығармалар – қанша уақыт өтсе де мазмұнын жоғалтпайтын, қатпары қалың, тағылымы терең, өлмес туындылар.
Әкім ағамыздың шығармашылығымен бұрыннан етене таныспыз. Ағамыздың жазу мәнері мен сөз өрнегіне, прозасындағы шымыр сюжет пен дестелі ойларына бала кезден қанық болып өстік.
Көштің басын Астанамызға тірегенде, көрмесем де арқа тұтып, танымасам да тағылымын көргім келетін аяулы адамдар қатарында Әкім ағамыз да әманда ойымда жүрді. Дидар несіп болып алдымен Роза жеңгемізбен таныстым. Сосын Әкім ағамызға сәлем бере бардым. Бұл кездесу бірте-бірте рухани үндестіктен туған аға-бауырлыққа айналды. Ағамызбен жиі кездесіп, жақсы сырласып кеттік.
Түркістан үшін от кешкен ұлы күрескер Мұстафа Шоқайдың өмір жолын, болмысы мен бейнесін шұрайлы тіл, шебер суреткерлікпен көркемдеген іргелі шығарманың жөні бөлек. Біз Әкім ағамен жиі кездесіп, әңгіме-дүкен құратынбыз. Кейде жазу үдерісі кезінде шақыратын. Көбіне мені сөйлетіп, сұрақтар қойып, өзі сырттай бақылап отыратын. Сөйтесем, кейін өзі Мұстафа Шоқай образын жасаған кезде әдейі әңгімеге тартып, кейіпкер сомдауға керек дүние іздегенін айтты. Бір қызығы Әкім аға ол кезде қандай шығарма жазып жатқаны туралы жақ ашып айтқан емес. Кейін кітабын оқыдық. Кестелі сөз, кесімді ой, айшықты стильмен жазылған туынды Түркістанның тәуелсіздігі мен тұтастығы үшін жан қиған Мұстафа Шоқайдың өмірі мен тарихтағы орнын, қайраткерлігін жаңа қырынан танытады.
Кейін ағамыз бір сұхбатында біздің «Мұстафа» атты кітабымызға да жоғары баға бергенін, арнайы тоқталып айтқанын оқып, мерейіміз тасығаны бар. Әкім Тарази секілді қабырғалы қаламгердің пікір-пайымы, жылы сөзі кейінгі буын үшін – зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік екені даусыз.
Біз қазақы тәрбие алып, үлкенді сыйлап үйренген ауыл баласымыз. Қашанда жасы үлкен ағадан именіп, ақсақалды ардақ тұтып отыратын қазақтың игі мінезі бар ғой. Сондықтан көп жерлерде тартынып сөйлеп, әдеп сақтау бала күннен қалған әдетіміз. Бірақ Әкім аға бірде менің Жазушылар одағына өтуім керек екенін ескертіп, тартыншақтанғанымызға қарамастан көтермелеп, тиянақтап кепілхат жазып берді. Одаққа өту тәртібі бойынша үш қаламгер кепіл болуға тиіс еді. Қалған екеуін қазақтың ғажап ақыны, елдік пен ерліктің жампоз жыршысы Несіпбек Айтұлы мен дала мінезді дарқан жазушы Рахымжан Отарбаев жазып бергені есімде. Қадірлі ағаларымның бұл сенімі әдебиет пен ғылымға, үлкен жолға мінгізген арымас арғымақтай алға жетелеп келеді.
«Ақырын жүріп, анық басатын» абыз ағамыз Абай айтқандай «айнымайтын асыл адам». Бекзат болмысы, парасат-пайымы атасы Әшім дамолладан дарығандай. Басқа адамдар туралы басы артық сөз айтпайтын байыпты ағамыз жайма-шуақ мінезімен, жайсаң қалпынан танған емес. Ойшыл суреткер көркем мінездің ғажап үлгісіндей.
Біртуар қаламгердің құнды туындылары уақыт безбеніне төтеп беріп, келер ұрпақтың да рухани азығы боларына кәміл сенеміз.
Биыл Әкім ағамыздың 90 жылдық мерейтойы. Бұл – әдебиеттің тойы, руханияттың тойы! Жас ұрпаққа көркем әдебиетімізді кеңінен насихаттаудың қолайлы бір сәті десек те болады. «Әдебиетке тек кітаптан емес, өмірдің өзінен келетін жастар көп болса екен» деген еді, бір әңгімемізде Әкім аға. Өмірдің қыр-сырына қанығып, талай жайттарды басынан өткерген, санасында сараптаған сұңғыла суреткердің бұл сөзі талай дүниені аңғартып тұрса керек. Ағамызға Алла қуат берсін, төрімізді толтырып отыра берсе деп тілейміз. Барша қазақ елін әдебиет алыбының ғасырлық тойын бірге тойлауға жазғай.
Дархан Қыдырәлі