• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Спорт 05 Қыркүйек, 2023

Мырзағали Айтжанов: Ташкенттен кейін Тәшкенбай демалыс сұрады, Сабырхан бабында

910 рет
көрсетілді

Былтыр өтуі тиіс жазғы Азия ойындары коронавирус індетінің бәсеңдемеуіне байланысты биылға шегерілген-ді. Қытайдың Ханчжоу қаласында 23 қыркүйек пен 8 қазан аралығында өтетін  төрт жылдық додасында спорттың 40 түрі бойынша саңлақтар сайысқа түседі. Келесі жылы дүниені дүбірге бөлейтін Париж  жазғы Олимпиада ойындарына жолдаманы Азияның спортшылары осы Ханчжоудағы аламаннан да еншілейді. Бокстан ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов олимпиадалық жеті салмақта жазғы Азия ойындарының медалі үшін рингке шығатын жігіттерді іріктеу арқылы анықтадық дейді. Азия құрлығы  осы күнде бокстан бәсекелестікті қыздырып тұр.  Биылғы көктемде Ташкентте өткен әлем чемпионатында 13 салмақтың басым бөлігінде Азия құрлығының (өзбектер 5 алтын, қазақ боксшылары 4 алтын) оғландары олжа салған болатын. Ұлттық құрама бапкерлеріне қандай жүктеме  міндеттелді?  Алатау бөктерінде оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатқан боксшыларымыздың жай-күйін  бас бапкер  Мырзағали Айтжановтан сұрап, сұхбаттастық.

– Алдымен жүктемеден бастасақ. Федерация басшылығы, министрлік Қытайда өтетін жазғы Олимпиада ойындарынан неше жолдама алуды тапсырды?

– «Арық сөйлеп семіз шық» дейді бәлен салмақта чемпион боламыз, түген боксшымыз жолдама алады  деуден аулақпын, бәрін ринг әйгілейді. Біз тек барынша тыңғылықты дайындықты іске асырып келеміз. Рас, басшылық тарапынан кемінде 3-4 жолдама алу қажеттігі айтылды, арқамызға ауыр аманатты арқаладық. Оқу-жаттығу жиындары да ойдағыдай, жоспар бойынша өтіп жатыр. Алатау бөктерінде жігіттердің физикалық дене дайындығын арттырып, таудың таза ауасында әзірлік жалғасып жатыр.

– Жазғы Азия ойындарында Париж Олимпиадасының жолдамасы тек финалға шыққандарға яғни әр салмақта  чемпион атанғандар мен күміс медаль иегерлеріне беріледі. Одан кейін де  әлемдік іріктеу яғни лицензиялық турнир екі рет өтеді екен.

– Төрт жылда бір мәрте айналып соғатын  жазғы Азия ойындарының  бәсі де биік, даңқы да жоғары.  Өзің айтқандай,  олимпиадалық жеті салмақта тек финалистерге жолдама беріледі. Демек, әр боксшы да барын салатыны анық. Еуропа құрлығының ойындары өтті. Панамерика ойындары, Африка құрлығының іріктеуі өтеді. Осы әр құрлықтағы  жолдама  берілетін  додада  бағы жанбаған боксшылар келесі жылдың көктемінде Италия мен Таиландта өтетін әлемдік турнирде Олимпиада  жолдамасы үшін  айқасады.

Биылғы жыл  спортшылар үшін  маңызды жарыстарға толы болды өзі. Көктемде бокстан әлем чемпионаты Ташкенттің төрінде дүркіреді. Қоңыр күзде міне тағы да ірі дода жазғы Азия ойындары күтіп тұр.  Біз олимпиадалық жеті салмақ дәрежесінде  құрлық аламанына қатысатын боксшыларды Астана қаласында өткен  Елорда кубогінде іріктедік. Федерация басшылығының  тапсырмасы  бойынша әр салмақта өзінің әлеуетін  айқын көрсетіп, мықтылығын дәлелдеген боксшылар Қытайға барады.

– Әлем чемпионы Махмұд Сабырхан салмағын ауырлатып 57 келіге ауысты. Жаңа салмаққа үйренісуі қалай?

– Махмұд  көктемдегі әлем чемпионатына 54 келіде қатысты. Барлық қарсыластарын айқын ұтты. Жастар арасында да  өзінің салмағында әлемде теңдессіз екенін паш еткен боксшы. Ересектер сапына қосылғанда да  шыңдала түсті.  Дегенмен де 54 келі бүгінгі таңда  олимпиадалық салмақ болып саналмайды. Содан кейін 57 келіге ауысты. Елорда кубогінде жаңа салмақта өзінің әлеуетін байқап көрді. Дегенмен де бұл салмақ дәрежесінде әлем чемпионы өзбекстандық Әбдімәлік Халоков бар. Жасөспірімдер Олимпиадасының чемпионы, Азия чемпионы Халоков та Қытайға барады. Үндістан елінің үміті Мұхаммед Хуссамуддин, қырғыз боксшысы Мұнарбек Сейітбекұлы сынды әлем чемпионатының қола жүлдегерлері тұр. Махмұдтың жаңа салмағында бұлардан өзге де мықтылар бар. Олимпиаданың жолдамасы үшін қандай асудан асу керектігін боксшымыз жете сезініп, тыңғылықты әзірлік жүргізуде.

– Жазғы Олимпиада ойындарында ерлердің  жеті салмақ дәрежесінде сынға түсуі бәсекелестікті,  көшбасшылық тізгінді ұстау үшін тартысты күшейте түскені белгілі. Әсіресе жеңіл салмақ дәрежелерінде айқас күшеймек. 48 келідегі әлем чемпионы Санжар Тәшкенбай да олимпиадалық салмақ 51 келіге ауысуы мүмкін ғой. Бұл салмақта жазғы Азия ойындарына өзіңіздің төл шәкіртіңіз, Токио Олимпиадасының  қола жүлдегері  Сәкен Бибосынов  қатысады.

– Әрине, кез келген әуесқой боксшының арманы жазғы Олимпиада ойындарының чемпионы атану. Өзіңіз білесіз, тәуелсіз Қазақ елінің боксшылары жазғы Олимпиада ойындарынан 2021 жылы өткен Токио Олимпиадасына дейін алтын медальсіз қайтпап еді. Токио төрінде спортшыларымыздың көрсеткіші көңіл көншітпегені үшін ерінбегеннің бәрі сынады. Сын тура айтылса, кемшілік  түзеледі, кем-кетік бүтінделеді. Олқылықтың орнын толтыру үшін барымызды салып еңбектеніп келеміз. Санжар Тәшкенбай Ташкенттегі әлем чемпионатынан кейін демалыс сұрады, отбасын құрып, шаңырақ көтерді. Қазір енді қайтадан жаттығуға кірісті. Олимпиадалық салмаққа өтемін десе кез келген боксшының жүрек қалауы. Ешқандай шектеу жоқ, тек өзіңді дәлелдей алсаң, көшбасшы екеніңді  паш етсең  болғаны.

 

Әңгімелескен Қуаныш НҰРДАНБЕКҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»