Жаңа мектеп ғимараты ауылдың ажарын аша түсері анық. Сыртқы келбеті де, ішкі дүниесі де заманауи үлгідегі нысанның көркін балалардың риясыз күлкісі еселейді. Түлкібас ауданындағы Еңбекші ауылында тозығы жеткен мектептің мәселесі бірнеше жылдан бері шешімін таппай келген болатын. Биыл оқушылар жаңа оқу жылын жаңа мектепте бастауға мүмкіндік алды. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында салынған мектеп ел игілігіне пайдалануға берілді.
Жаңа оқу жылы қарсаңында құрылысы аяқталған мектептің сыйымдылығы 150 оқушыға лайықталған. Мемлекеттік стандартқа сай келетін мектепте арнайы лингофон, мультимедия бөлмелері, қыздар мен ұлдарға арналған заманауи үлгідегі шеберхана және 13 пәндік кабинет бар. Сонымен бірге мәжіліс, спортзалы, кітапхана, педагог-психологтердің жеке кабинеттері мен 50 орынға шақталған асхана мен медициналық бөлме және ішкі әжетхана қарастырылған.
Жыл соңына дейін ауданда тағы екі мектепте қосымша ғимараттың құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі. Халық санының артуына байланысты, сондай-ақ балаларды сапалы біліммен қамту мақсатында Таусағыз ауылындағы мектепке қосымша 150 орындық ғимарат құрылысына және Т.Рысқұлов ауылы «Бақыбек» шағын ауданынан салынып жатқан 300 орындық мектептің құрылысына қаржы бөлініп, бүгінде құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар Ынтымақ ауылы А.Оразбаева атындағы орта мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, биыл пайдалануға беріледі. Ауданда 2023-2025 жылдары 4 жаңа мектептің және 2 қосымша ғимараттың құрылысын жүргізу жоспарланып отыр.
Сондай-ақ ауданда «Ақмейір» балаларды дамыту орталығы ашылды. Орталықта ерекше күтімді қажет ететін балаларға логопед-дефектолог, арттерапия, музтерапия, педогогикалық-психологиялық түзету кабинеттерінде білікті мамандар өз қызметтерін тегін көрсететін болады. «Samruk-Kazyna Trust» корпоративтік қорының қолдауымен жүзеге асқан жоба арқылы 150 баланы қамту жоспарланған. Мұнда бірінші кезекте ата-ананың қарауынсыз қалған, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балаларына басымдық берілмек.
Білім күні Сауран ауданында №2 жалпы білім беретін мектеп пайдалануға берілді. Жаңа мектептің ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев жыл соңына дейін 37 мектепті пайдалануға беру жоспарланғанын атап өтті. Ал Сарыағаш ауданында заманауи үлгідегі 300 орындық жаңа мектеп Ақжар ауылдық округі Бағыс елді мекенінде ашылды. Ғ.Мұратбаев атындағы білім ұясының құрылысы былтыр басталған. Мектепте оқушылардың алаңсыз білім алуына қолайлы жағдай жасалған, су және санитарлық байланыс құбырлары орталықтандырылған. Сондай-ақ химия, физика, еңбек және информатика кабинеттері толықтай заманауи құрал-жабдықтармен және интерактивті тақтамен жабдықталған. Тігін үйірмесіне арналған бөлме, кең спортзалы, асхана және медициналық бөлмесі бар. Өртке қарсы дабыл қаққыш, сыртқы және ішкі бейнебақылау камералары, жеделсаты да орнатылған.
Орын тапшылығын азайтуға жекеменшік мектептердің де қосар үлесі қомақты болмақ. Мысалы, биыл Сайрам ауданында 3 566 орындық 7 жекеменшік мектеп ашылады деп жоспарланған. Жалпы, 7 962 мұғалім жұмыс істейтін, 64 мыңнан аса оқушы білім алатын аудан жекеменшік мектеп салудан өңірде алдыңғы орында келеді. Кентау қаласында да заманауи үлгідегі жекеменшік «Grant high school» мектебінің лентасы қиылды. 250 балаға арналған білім ошағында әр оқушының таңдаған бағытына қарай пәндері тереңдетіліп оқытылады. Сондай-ақ балаға түске дейін белгіленген кесте бойынша сабақ оқытылса, түстен кейін мамандыққа бейімделген білім беру жүйесі бойынша сабақ жүргізіледі. Жекеменшік мектепте балалардың білім алуына барлық жағдай жасалған.
Түркістан облысында 35 мың орынға тапшылық бар. Аталған мәселені шешу мақсатында 33 мектептің құрылысын жүргізуге түрлі қаржыландыру көзінен 23,6 млрд теңге қарастырылған. Оның ішінде Білім инфрақұрылымын қолдау қоры арқылы биыл 9 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек, «Жайлы мектеп» жобасымен 3 жылда 63 мектеп салынады.
Түркістан облысы