• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Зерде 05 Қыркүйек, 2023

Тәшеновтің алғысы

237 рет
көрсетілді

Бұрынғы билерден қалған «әділ адам ел бастар» деген сөз бар. Әсілінде қайраткер тұлға ел таныған ақын я жазушы, әлдебір белгілі адам болуы шарт емес. Жүрегі таза, көңлі ақ, қайратты, әділетсіздікке жаны төзбеген ержүректің бірі Ташмұхамет Бейсенбаевты біреу білсе, біреу білмейді, әрине. Ақмола жұртына сіңірген еңбегінен бөлек, бұл кісінің өмірі екі тұлғаға қатысты естелікті тірілтеді. Сәкен Сейфуллин һәм Жұмабек Тәшенов туралы.

Ел ісіне аса белсенділікпен араласқан қайрат иесі Ташмұхамет Бейсенбаевтың еңбек жолын мұқият байыптаған – Ілияс Қарағозин есімді қаламгер. Дерек Астана қаласындағы тарихи өлкетану мұражайда екенін айтады. 1915 жылы берілген әскери куәлікте «Ташмұхамет Бейсенбаев Ақмола облысы әскерге астық дайындық жөніндегі ХІІ ауданның меңгерушісі» делініпті. Сонымен қатар Ташекең өмір жолының елеулі тұстарын 88 шумақ жырмен әдіптепті. Онда қоғамдық істерге қалай араласқаны, қандай әрекеттерге барғаны, халықпен бірігіп не істегені баяндалған. Әсіресе Ақмола өңіріндегі Ақкөл, Қоралыкөл маңындағы момын елдің қақысы үшін қайрат қылғаны күрес жолындағы өмірін шыңдай түскенге ұқсайды. Тепкіге жыққан дүмділер тым тегеурінді екенін сезген Ташмұхамет Ақмоладағы Сәкен Сейфуллинге жүгінеді. Сөйтіп, Сәкеннің нұсқауы арқылы мақсаттарына жетеді. Қоралыкөлге қоныстанған момын ел мекенін құтты қоныс болсын деп Олжабай атауды ұйғарады. Бейсенбаевтың бас болуымен дүкен, кооператив, бастауыш мектеп ашылады. Аталған істерді атқарған қайраткер есімі елге жайылып, ел мүддесі жолында тынымсыз еңбек ете береді. Өмірінің 37 жылын кооперация саласына арнаған Ташекең өз басынан кешкен оқиғалар жөнінде бертін келе әңгіме қозғағанда: «Сол кезде Сәкен бірауыз сөзбен менің алдағы тағдырым мен мамандығымды анықтап бергенін аңғармаппын», депті. Олжабай ауылында ғана емес, кейін Азат ауданы орталығында тұтынушылар бөлімшесін ашады. Одан олжабайлықтар қайта сұратып алған соң аз жылдар сонда қызмет етіп, Тайтөбедегі Октябрь кооперативін басқарып, жұмысын жолға қояды. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында Жаңажол, Еңбекші ауылдарында балық аулаушы кәсіпорынын басқарып, күніне 100 тоннадан балық аулап, соғысқа 300 мың сомның көмегін жібереді. КСРО-ның «Социалистік жарыс үздігі» белгісімен, сол кездегі ең жоғарғы Ленин орденімен марапатталады. Тұтынушылар одағы саласында Ташекең мұндай мәртебеге КСРО бойынша екінші, республика көлемінде бірінші ие болған адам. Бұл атақтың мәні – «сауда саласында мейлінше таза болу түбі жақсылыққа жеткізеді» дегенге саяды.

Тіршілігінде Таш атамыз: «Сәкен өте сымбатты, мықты адам болған. Өзінің тұтқындаларын күні бұрын білген. Қарамағында істеген 20 адамның аты-жөні қара тізімде жүрген. Ішінде мен де бармын. Сол тізімді Сәкен дер кезінде тауып, құртып үлгерген. Қанша тергеп, қинаса да бірде-біреуімізді көрсетпеген. Сөйтіп, біз аман қалыппыз», деп отырады екен.

Бұл кісіні Министрлер кеңесінің төрағасы кезінде Жұмабек Тәшенов іздеп келеді. Амандасып, жағдайын біледі. «Қандай көмек керек?» деп сұрайды. Олай ететіні, Таш атамыздың соғыстан қайтпаған тұңғыш ұлы Ғабдулла Жаңабаев Ақмолада басшылық қызметте жүргенінде қол астындағы Жұмабек Тәшеновке шарапаты көп тиген екен. Таш ағасы Жаңабайда бала болмаған соң, ол кісінің бауырына осы Ғабдулланы салып берген. Жаңабаев болатыны содан. Ғабдулла 1935 жылдары Ақмолада жа­уапты хатшы қызметін атқарыпты. 1941 жылы соғысқа аттанып, оралмаған. Ж.Тәшенов Ғабдулланың қоластында жүргенде, қарамағындағы қара мал көп қырылады. Ол заманда қара мал тұрмақ, бір қой, бір шелек бидай үшін соттап жіберетіні белгілі. Сонда Ғабдулла әлгі қара малға жауапты Тәшеновке шаң жуытпай, аман алып қалады. Тағдырына балта шаптырмаған. Жұмабек ақсақал жасына жеткен Таш атамызға осыны айтып, алғысын білдіріп, қолынан келгенін аямайтынын ескерте кетсе керек. Бұл, әрине, жұмабектанушылар үшін тың, айналысқа түспеген, Ташмұхамет Бейсенбаев ұрпақтары ғана араларында әңгіме қылып жүрген дерек. Елге жетіп, керекке жараса, құба-құп.