Кейінгі кезде халық арасында «Ел боламын десең, экраныңды түзе» деген өңін өзгерткен мақал кең таралған. Әсіресе мұны кинотеатрға байланысты қолданған жөн шығар. Өйткені жыл сайын жаһандық үздік фильмдер қазақ көрермендеріне жол тартып жатады. Өкінішке қарай, олар Абай мен Ахметтің тілінде сөйлеуге әлі де шорқақ.
Кинотеатрлардың маңызын мынадан-ақ байқауға болады. Былтыр еліміздің түкпір-түкпірінде 985 мыңнан аса көрсетілім жасалған. Шамамен 17 миллионға жуық адам үлкен экран алдында фильм тамашалапты. Кинотеатрлардың 2022 жылғы пайдасы 26,9 миллиард теңгені құраған.
Бірақ миллиардтаған теңге айналғанымен, киноиндустрия саласында қазақ тілі кенже қалып отырғаны жасырын емес. Бұл туралы талай мәрте жазылды да, айтылды да. Дегенмен, сең қозғалар емес. Ара-тұра америкалық бір-екі өнім қазақша сөйлеп қояды. Оның өзінде, кинотеатрлар ыңғайсыз уақытқа қойып, көрерменнің құқығы тапталады. Осымен бітті. Мысалы, 4 қыркүйекте Астанадағы кинотеатрларда 25 фильмнің көрсетілімі жоспарланған. Соның біреуі ғана қазақ тілінде. Мақсат Оспановтың режиссерлігімен түсірілген отандық «Менің үйім қайда?» фильмі. Қалғанының бәрі орысша сөйлейді.
Осы орайда, мына мәселені ескере кеткен жөн. Бұрын еліміздегі кинотеатрлар голливудтық фильмдердің Ресейде дубляждалған нұсқасын көрсететін. Ал солтүстіктегі көршімізде дубляждау жолға қойылғаны белгілі. Дегенмен, Ресейдің Украинаға басып кіруі салдарынан америкалық компаниялар аталған елге фильм жеткізуден бас тартты. Сондықтан отандық кинотеатрлар балама жол іздеген. Ақыры Грузиядағы студиялар орыс тіліне аударған фильмдерді көрсетуге көшті.
Бірнеше кинотеатр желісінің иесі Данияр Айса бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатында қазақша дубляжды жетілдірудің ұтымды сәті келіп тұрғанын алға тартады. Оның айтуынша, кейінгі кезде қазақша сөйлейтін блокбастерлерді көруге құштарлар саны жыл санап артып келеді.
«Қазір кино нарығын дамытудың бірегей мүмкіндігі бар. Ең үлкен екі нарық – Ресей мен Украина соғысқа байланысты жабылды. Қазақстан олардан кейінгі үшінші нарық саналамыз. Батыс продюсерлер еліміздің кинопрокатшыларына фильмдерді аударуға мүмкіндік берді. Бірақ олар фильмдерді қазақ тіліне аудармайды. Басқа елде (Грузия) орыс тіліне де аударады. Яғни көз алдымызда бизнестің басқа жаққа кетіп жатқанын көріп отырмыз. Сонымен қатар қазіргі таңда сұраныс бар, оңтайлы сәт туып тұр. Алайда қазақ тілін дамыту үшін еш нәрсе жасап жатқан жоқпыз», дейді Д.Айса.
Парламент 2018 жылы «Кинематография туралы» заң қабылдаған. Соған сәйкес, ел аумағында фильмдерді прокаттау қазақ тілінде және басқа да тілдерде жүзеге асырылады. Осы құжат аясында прокаттаушылар фильмдерді қазақ тіліне дубляж жасалуға не субтитрлеуге, не кадр сыртындағы аудармамен қамтамасыз етуге тиіс. Алайда бұл заңның олқылығы да осында болып тұр. Кинотеатрлар құжаттың жеңілдігін пайдаланып, субтитр ғана қосып, фильмдерді сол баяғы орыс тілінде көрсетуге құмар.
Дубляж режиссері Назерке Лесбекқызы БАҚ-қа берген сұхбатында субтитр қазақ тілінің мәртебесін түсіру деп есептейтінін жеткізді. Оның айтуынша, субтитрді ешкім оқып үлгермейді. Осылайша, дымға пайдасы жоқ жұмысқа ақша шашып отырмыз. Бұл – мәселенің бір жағы ғана. Екіншісі, субтитрлердегі қателерден көз сүрінеді. Яғни бар деген аты ғана.
«Қазақфильмге» қарасты Дубляж және субтитр бөлімінің басшысы Аида Елгезекова былтыр «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында бір фильмді қазақ тілінде толықтай сөйлету үшін шамамен 30 миллиондай теңге кететінін мәлімдеген. Бір қарағанда, көп сома секілді көрінгенімен, кино прокат саласында миллиардтаған қаражат айналып жатқанын ескерсек, бұл теңіздің тамшысындай ғана.
Биыл бұрынғы Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов жыл соңына дейін 15 фильмді қазақ тілінде дыбыстау жоспарда екенін мәлімдеген. «Мәдениет және спорт министрлігінің 7 жылдық даму жоспары бекітілді. Былтыр 3-4 фильмнің дубляжы жасалған болатын. Бірақ біз тұжырымдамаға басқа көрсеткіштерді енгіздік. Енді жыл сайын дубляжданатын фильмдердің саны үш есеге көтеретін боламыз. Яғни жыл сайын 15 фильм ұсынылады», деді сала басшысы.
Дегенмен, күні кеше аталған министрлік таратылып, оның орнына Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Туризм және спорт министрлігі құрылды. Ал жыл соңына дейін 15 фильмді дубляждауға уәде берген Асхат Оралов қызметінен кетті. Енді бұл жоспар соңына дейін жете ме, жоқ па, ол жағы белгісіз.
Фильмді ана тілде сөйлету мәселесі сөз болғанда Украинаны тілге тиек еткен жөн. Аталған елде 2006 жылға шетелдік өнімдер украинша сөйлемейтін. Кейінірек ахуалдың бұлай жалғаса беруі қауіпті екенін түсінген ел басшылығы дубляж мәселесіне ерекше назар аударды. Сөйтіп, ел Үкіметі 2006 жылдың 1 қыркүйегінен бастап украин тіліне дубляждалған фильмдер кемінде 20 пайыз, 2007 жылдың 1 қаңтарынан бастап кемінде 50 пайыз, ал 2007 жылғы 1 шілдеден бастап кемінде 70 пайыз болуы керек деген қаулы шығарды. Голливудтық студиялармен тікелей жұмыс істеген украиналық дистрибьюторлар мұндай бастаманы қолдады.
Бастапқыда мұндай бастамаға бірқатар компания қарсы шыққан. Олар да украин тіліне аударылған фильмдердің көрермені аз, мамандар жоқ деген сылтауды алға тартқан-ды. Бастапқыда халық бұрынғыдай орыс тіліндегі фильмдерді көбірек таңдады. Бірақ уақыт өте келе ахуал өзгерді. Ана тіліндегі дубляж сапасының деңгейі жоғары екенін түсінген тұрғындар украинша сөйлейтін фильмдерге ағылды.
Тағы бір ерекшелігі, Украинада дубляжбен айналысатын компаниялар шетелдік өнімдерді аударып қана қоймай, халықтың болмысына бейімдей білді. Мысалы, орысша «Хәрри Поттерде» барлық кейіпкердің акцентінде айырмашылық жоқ. Ал украин нұсқасында кейіпкерлер түпнұсқадағыдай түрлі диалектілерде сөйлейді.
Қорыта айтқанда, дәл қазір еліміздің дубляж саласы үшін таптырмас мүмкіндік туып тұр. Алда-жалда шетелдік фильмдерді көптеп қазақша сөйлетсек, дайын өнімдерді Қазақстанда ғана емес, көршілес Қырғызстан, Өзбекстан, тіпті Моңғолия, Қытай, Ресей секілді мемлекеттердегі қазағы көп өңірлерде көрсетуге жол ашылады.