• RUB:
    5.4
  • USD:
    473.15
  • EUR:
    515.12
Басты сайтқа өту
Туризм 06 Қыркүйек, 2023

Туризм: әлеует пен әрекеттің арасы

367 рет
көрсетілді

Жылдағы дәстүр бойынша Парламент палаталарының бірлескен отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Ел дамуына серпін беретін бұл құжат негізінен экономикалық сипатта өрбіді. Президент бұл туралы «Нағыз дамыған ел боламыз десек, саяси реформалармен шектеліп қалмауымыз керек. Осы жұмысты түбегейлі және жан-жақты әлеуметтік-экономикалық реформаға ұштастыру қажет», деп нақты мақсат пен міндеттерді айқындап берді. «Осындай аса маңызды шақта зор экономикалық серпіліс жасауға еліміздің толық мүмкіндігі бар. Ол үшін біз біртіндеп жаңа экономикалық үлгіге өтуіміз керек. Бұл жұмысты батыл жүргізуіміз қажет. Басты мақсат – қағаз жүзіндегі биік жетістіктерге қол жеткізу емес, шын мәнінде халықтың тұрмыс сапасын жақсарту болуға тиіс», деді.

Қазіргі әлемдік экономикаға назар салсақ, кез келген мемлекет қол қусырып қарап отырған жоқ. Жаһандық экономика жанталас үстінде. Кім озық технологияға ие болады, соның айдарынан жел еседі. Табиғи ресурстарға талас та, тартыс та өрбіп жатыр. Алыстағы Америка мен ежел­ден өз сыбағасынан айрылмайтын Еуропа елдерін былай қойғанда, қазір Қытай мен Үндістан азық-түлік қауіп­сіздігі мен демографиялық дамуы тұрғысынан үлкен «ойыншыға» айналды. ТМД елдері арасында көршілес Өзбекстан да өлермендікпен алға ұмтылып жатыр. Осындай жағдайда еліміз қаннен-қаперсіз отыра ала ма? Мемлекет басшысы Жолдауында бәсекенің бәсті жолында бәйгенің алдын бергісі келмейтін елдерден қалып қоймауды ерекше ескертті.

Ұлттық экономиканың жаңа үлгіге өтуі туралы сөз болғанда, басқа өзекті салалармен қатар туризмді дамыту мәселесі алдан шығады. Әлемнің көптеген елі осы туризм арқылы «күн көріп отыр». Алдын ала болжам бойынша бұл салада 2030 жылы 1,8 млрд адам ағымы күтіледі. Мыңдаған халық халықаралық шекаралардан өтеді. Баратын, көретін, қызықтайтын, демалатын жерді іздейді. Ал бұл тұрғыда жалпақ әлем жұрт­шы­лығы Қазақстанды жақсы біле бермейді. Туризмнің алуан түрі бойынша қандай мүмкіндіктің бар екенін, оның ішінде эко және этнотуризм туралы мардымды ақпарат жоқ. Кейінгі 5-6 жылда ішкі туризм бойынша оң динамика өрістеп, 10-15% деңгейіне жетті.

Мемлекет басшысы «Еліміздің турис­тік әлеуетін де пайдалану керек. Туризм осындай серпінді жобалар қатарында болуға тиіс. Өкінішке қарай, осы маңызды саладағы жұмыс дұрыс атқарылмай жатыр, еліміз басқа мемлекеттермен салыс­тырғанда артта қалып келеді. Жалпы, кемінде 15 ірі жобадан тұратын нақты тізім дайындалуға тиіс. Осы салада бұрын болған қателіктерді қайталауға болмайды. Жобаларды тиімді қолдау шараларын және оларды орындау мерзімдерін нақты айқындау керек. Оны іске асыруға шетел инвесторларын және еліміздің бизнес өкілдерін барынша тартқан жөн. Жұмысқа өзіміздің шикізатты, тауарлар мен кадрларды, басқаша айтқанда, барлық ішкі мүмкіндіктерімізді пайдалану қажет», деп өзекті мәселені көтерді.

Туризм тікелей және жанама түрде эконо­миканың 32 секторына әсер етеді. Ел Үкіметінің 2019 жылғы 31 мамырдағы №360 қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бекітілген. Бағдарламада туристік саланы дамытудың тетіктері жан-жақты қарастырылған.

Осы бағдарламада ішкі туризм мен ұлт­тық қорықтар жұмысын дамыту бойын­ша 2023 жылы көлік инфрақұрылымын дамытуды, автомобиль қатынасы мен тұрақты қалалық көліктің қолжетімділігін, әуе және теміржол қатынасын дамытуды, шекаралық өткізу пункттерінің инфра­құрылымын, сумен жабдықтауды және су бұруды қоса алғанда, елдің туристік дестинацияларын кешенді дамыту мен абаттандыру, туристік инфрақұрылымды дамыту, Қазақстанның табиғи, тарихи-мәдени, этностық әртүрлілігі мен гастро­но­миясының ерекшеліктерін ескере отырып, туристік дестинациялардың саласында сапалы және тең түпнұсқалы туристік өнімдерді жасау, сондай-ақ елдің «киелі география» мәдени-географиялық картасын әзірлеу жоспарланған.

Аталған бағдарламада ішкі туризмді және ұлттық қорықтарды да дамыту назар­дан тыс қалмаған. Ішкі туризмді дамыту­дың бір саласы бойынша еліміз­дегі автомобиль жолдарын салу, темір, әуе жолдары бағыттары ашу көзделген. Қазір­гі уақытта еліміздің түкпір-түкпі­рінде автомобиль жолы салынып жатыр. Мә­селен, Отырар музей қорығы орна­ласқан аймаққа жету үшін Шәуілдір-Түркі­стан бағыты бойынша төрт жолақты авто­м­обиль жолының құрылысы жүріп жатыр.

Біздің елде 10 басымдықты аумақты қарасты­ратын мемлекеттік бағдарлама қабыл­данды. Бұл аумақтар Астана, Алматы қалаларынан басқа, біздің Ұлттық парк­тері­міздің көпшілігін, Бурабай, Баянауыл, Шарын, Маңғыстауды қамти­ды. Мемлекет ол жерлерге инфрақұ­ры­лымды дамытуға қаржы бағыттайды. Бұл өз кезегінде жеке бизнес пен инвестиция­ларды тартады.

Еліміздің қай аймағы болса да турис­терге өзіндік болмысымен, табиғатымен, тарихымен ерекшеленеді. Алайда шет мемлекет азаматтарын тек көрікті жерлер ғана қызықтырмайды. Жақсы сервис керек. Әлекедей жалаңдап, ілтипатпен иіліп, келген меймандарды күтіп алу-шы­ғарып салу секілді мәйін тірліктер үлкен даярлықты қажет етеді. Ұлы Жібек жолы бойындағы тарихи-мәдени орны туристік әлеуетін арттыруға үлкен инвестиция салынса, қаншама жұмыс орындары ашылар еді. Сонымен қатар еліміздегі тарихи-мәдени мұраны сақтау, зерттеу, көпшілікке насихаттау мәселесі де шешім табар еді.

Жалпы, түркітілдес дүниеде, ислам әлемінің басқа елдерінің арасында Түркі­станның әлеуеті өте зор. Бұл өңірге Малайзия, Индонезия, Өзбекстан, Тәжікстан мемлекеттерінен қызығушылар жеткі­лікті. Осы ретте «Отырар» мемле­кет­тік археологиялық музей қорығының толық әлеуеті әлі дұрыс пайдаланылмай келеді. Қазіргі таңда музей қорықтың Арыстанбаб кесенесі, Отырар қалашығы, Сапар орталығы, Отырар музейі сияқты туристік нысандары бар. 2020-2022 жылдары «Отырар қалашығын ішінара зерттеу, сақтау және қайта жаңғырту» жобасы аясында Отырар қалашығын ашық аспан астындағы музейге айналдыру жұмыстары жүргізілді. Туристерге автотұрақ, электрокар жолы, аяқжол, субұрқақ, әжетхана секілді орындар салынды. Қалашық аумағында туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бейнебақылау камералары орнатылып, электр шамдарымен жарықтандырылды. Музей-қорықтың алдағы жылдарға арналған жоспарында Отырар қалашығынан бөлек Құйрықтөбе, Алтынтөбе, Күйік-Мардан, Ақтөбе-ІІІ тарихи-мәдени ескерткіштер бағыты бойынша (Түркістан қаласына шыға беріс жолдың бойы) ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізуді, зерттеу жұмыстары аяқталғаннан кейін сол орындарды ашық аспан астындағы музейге айналдыру арқылы туристік тартымдылықты арттыру көзделген. Осы істі жеделдету керек.

Шетелдік сарапшылар «Қазақстан басқа елдерден ерекшеленіп тұратын «нақты» тур өнім жасамайынша туристік қызметтер нарығында өз орнын таппайды» деген пікірде. Құдайға шүкір, елімізде мұндай «ерекшеліктер» жоқ емес. Ұлы Жібек жолындағы мәдени туризм, сонымен қатар, экотуризмді өркендету аса маңызды. Тарихи-мәдени орындарға бай Алматы, Оңүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда облысымен қатар Шығыс Қазақстан да туристерге ең қызықты аймақтар. Бір ғана Есіктен және Берелден табылған «Алтын адам» неге тұрады?

Экотуризмнің бүгінде аса дамыған жері – Алматы өңірі. Мұнда «Алматы облысының алтын алқасы» туры бар. Тур ұлттық парктерді, Көлсай, Қайыңды көлдерін, Шарын шатқалын, Іле Алатау Ұлттық паркін қамтиды. Сондықтан мұнда туристер көптеп келеді. Щучинск-Бурабай курорттық аймағының да тартым­дылығы зор.

Сондай-ақ, Шығыс Қазақстан облы­сы­ның әлеуеті ескеріле бермейді. Қатон­қарағайда ұлттық парк бар. Әсем табиғат, пантамен емделу, балмен емделу жағынан әлеуеті өте зор.

Экотуризмді дамыту бойынша Маңғыс­тау облысы да сұранып тұр. Онда аdventure-туризмге (саяхатшылық туризмге) басымдық беріледі. Қазір әлемде эко- және аdventure туризм қосарланған беталыстар байқалады. Себебі аdventure табиғатқа соншалық зиян келтірмейді, сондықтан елімізде эко және саяхатшылық туризмді дамытуға басымдық берген жөн.

Туристер ең көп келетін жерлер – Қайың­ды көлі, Үлкен Алматы көлі мен Шарын шатқалы. Сол секілді Алматы қаласына да қызығушылар көп. Мегапо­листің әсем табиғатынан бөлек, мұндағы көптеген мәдени іс-шаралар, театрлар, жиі ұйымдастырылатын концерттік бағдарламалар мен галереялар туристерді тартады. Алматы – Еуропа мен Қытайды жалғайтын көпір іспеттес болуы керек. Әуежайдан бастап Алматыдағы асхана­лардың әмбебаптылығы, халқымыздың қонақжайлылығы туризмнің қарыштап дамуына жол ашады.

Қытайдан келетін туристер көбіне Алматы мен Астананы аралағанды жөн көреді. Кейінгі жылдары Үндістан елінен де туристер көп келуде. Оның себебі, бұл елдерге транзиттік визасыз режім жүреді. Қазір визасыз режіммен Қазақстанға 60-қа жуық елден саяхатшылар келе алады. Оның ішінде Еуропа елдері де баршылық. Еуропалықтар біздегі табиғат пен экотуризмге қызығады.

Тау шаңғысы туризмі Алматы, Шығыс Қазақстан облыстарында әжептеуір дамыған. Осы тарапты әлі де жақсарту қажет. Ел тұрғындары қатарынан да, шетелдіктер тарапынан да келушілер қарасы аз емес. Бұған қыс мезгілі болмайтын елдердің тұрғындары көбірек қызығушылық танытады. Малайзиядан, Үндістаннан келеді. Оңтүстік-Шығыс Азия елдері, Филиппин, Индонезия, Таяу Шығыс елдері, Сауд Арабиясы, Қатар, БАӘ. Бұлар мүлдем қар жаумайтын елдер. Сол себепті осы ағым одан әрі артады. Дегенмен бұл бағытты кеңейту керек, Шымбұлақта маусым кезінде адам ағыны тым көп болады. Алматыда тау шаңғысы курортын кеңейту туралы бас­тама бар. Осы ретте Түрген шатқалының мүмкіндігін кеңінен пайдаланған абзал.

«Ұлттық туристік өнім» деген ұғым бар. Мұнда төрт негізгі бағытқа назар аударылады: экотуризм, этнотуризм, еntertainment (ойын-сауық), ивенттер. Бұл бағыттар төрт Е тұжырымдамасына бірік­тірілген. Жеріміз болса – үлкен, ланд­шафтары әртүрлі, климаттық ерек­ше­ліктері бар болғандықтан, таңдау да жақ­сы, мәдени алуандылық зор. Сон­дықтан әзірге 4 бағыт таңдалған. Эко­туризм дегенде біздің ұлттық парктер, аdventure-туризм алға шығады. Елімізді ерекшелейтін де осы бағыттар. Қазақстан – бұл алманың, қызғалдақтың отаны, Жібек жолы, жылқы малы алғаш рет қолға үйретілген мекен. Дұрыстап насихаттай алсақ, нағыз «біздерде мынадай бар» деп көрсете алатын тұсымыз.

Инфрақұрылымды дамыту құзыреті негізінен Индустрия және инфрақұ­ры­лым­дық даму министрлігінде, Мә­дениет және ақпарат министрлігінде шамалы ғана. Бұған қоса жергілікті атқарушы органдардың өз құзыреті бар. Республикалық маңызы бар жолдардың басым бөлігі «Қазавтожол» есебінен салынады. Жергілікті көрнекті орындарға апаратын жергілікті маңызы бар жолдар әкімдіктердің жауапкершілігінде. Жергілікті маңызы бар жолдардағы кез келген басқа жергілікті инфрақұрылым әкімдіктер мен ол табиғаты қорғала­тын аймақта орналасқан болса, ұлттық парк­тер­дің құзыретінде. Ортақ іске бірлесе жұмы­лу, бірге үйлестіру жағы жетіспей жатыр.

Туризм – біздің еліміз үшін тың сала. Оны өркендетуге отандық бизнес мойын бұрмаса болмайды. Бізде бірнеше ЖОО-да туризм саласы үшін кадр даярлай бас­тады. Жастар үшін бұл саланың перспективасы өте зор.

Енді өз тарапымыздан бір ұсыныс жасасақ. Жыл сайын республикалық және жергілікті бюджеттен отандық туризмды дамытуға миллиардтаған қаржы бөлінеді. Әр өңірдің өз бағдарламасы бар. Неге осы қаражатты бір жерге жинақтап, Алматы, Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Шығыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарын қанатқақты жоба ретінде ту­ристік бағыттарды жандандыруға қар­жы салмасқа? Әйтпесе, жыл сайын еліміздің барлық өңірі туризмді дамытуға қаржы салады. Ал нәтижесі шамалы. Дамытуға дайын тұрған, қызмет көрсетуге епті, әлеуеті үлкен осы өңірлерді алдымен жедел дамытып алсақ, сосын барып түскен қаржыны қалған өңірлерді дамытуға салсақ болмай ма?

Сосын көп жағдайда туризмді дамыту­ға қажетті инфрақұрылым болуға тиіс деген үлкен талап үдесі бар. Жолы да, қонақ үйі де «жетісіп» тұрмаған Моңғо­лияға саяхаттаушылар саны неге жылдан-жылға артып барады? Ойландық па? Олар бір ғана Шыңғыс хан есімімен әлем назарын өздеріне аударып, туристік қызметтің бәрін соған сай құрып отыр. Сол Шыңғыс ханның бел баласы, тұла бойы тұңғышы – Жошы хан біздің жерде жатқан жоқ па? Мемлекет басшысы Ұлық ұлыс туралы, Жошы хан туралы бірнеше рет айтты. Қаперге алып жатқандар шамалы... Жошы хан арқылы Ұлытаудың туристік әлеуетін көтеріп алуға әбден болар еді!

Тағы бір сөз: Президент Өзбекстанға жасаған алғашқы ресми сапарынан кейін осы елдің туристік нысандарын Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жалғау туралы, бұл үшін теміржол бағытын Түркістанға дейін қосу жөнінде ұсыныс жасап еді. Бұл да әлі күнге дейін ескерілмей жатыр.

Бір сөзбен айтқанда, Президент Жолдауында еліміздің туристік әлеуетін кеңінен пайдалану, бұл бағытта керекті іс-әрекеттерді жедел жүзеге асыру туралы айтты. Енді соны «Сен салар да мен салар, атқа шөпті кім салар» дегенге жеткізбей, жұмыла қимылдау ғана күтіп тұр.

 

Нұртөре ЖҮСІП,

Сенат депутаты