Елімізде қыркүйек айынан бастап ресми түрде шомылу маусымы аяқталды. Суға түсу аралығы үш айды құрап, 1 маусымнан бастап 31 тамызға дейін созылды.
Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, жаз мезгілінде құтқарушылар суға батқан 136 адамды, оның ішінде 51 баланың өмірін арашалап қалды. Бұл министрліктің мамандары жаз басталмас бұрын және маусым кезінде де профилактикалық жұмыстар жүргізіп, азаматтарға судағы қауіпсіздік ережелерін сақтауды түсіндірді.
Бірақ барлық жерде жүргізілген жұмыстарға қарамастан, жаздың үш айында 177 адам, оның ішінде 53 кәмелетке толмағандар суға батып кетті. Салыстырмалы түрде айтсақ, өткен жылғы шомылу маусымында 184 адам суға батып кетті, соның ішінде 62-сі кәмелетке толмаған еді.
Биыл суға батқандардың 98 пайызы жабдықталмаған жағажайларда шомылған. Судағы өлімнің негізгі себептері – өз күшін асыра бағалау, мас күйінде суға түсу, жүзе алмау. Ал балалардың суға батуының басты себебі – оларды ересектердің қараусыз қалдыруы.
Жалпы, республика бойынша суда жаппай демалуға рұқсат етілген 612 орын бар. 4 285 орын суға түсуге қауіпті деп танылып, суға түсуге тыйым салынған орындар тізіміне енгізілген. Тыйым салынған және рұқсат етілген шомылу аймақтары туралы деректер 2GIS платформасында орналастырылған.