Сыр топырағында ерте дәуір деректерін бауырына басқан қасиетті орындар көп. Кейінгі жылдары есте жоқ ескі заманнан бастап кешегі кезең естелігін сақтаған осы көмбелерді археологиялық зерттеу жалғасып келеді. Солардың қатарында өткен ғасыр ортасындағы Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы кезінде белгілі болған Бәбіш мола қалашығы тұр. Қармақшы ауданындағы Көмекбаев ауылынан оңтүстікке қарай 70 шақырымдай қашықтықта орын тепкен қалашық республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші саналады.
Тәуелсіздік алғаннан кейін 2000 жылдары заманында ірі орталық болған осы аумақ қайта зерттеле бастады. Елімізге белгілі археологтер Жолдасбек Құрманқұлов, Жанболат Өтебаевтың жетекшілігімен «Антик» ЖШС жүргізіп жатқан жұмысқа Ресейдегі Шығыс музейінің бөлім меңгерушісі Сергей Болелов, Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының мамандары жұмылдырылған. Археологтер пайымынша сақтар кезеңіндегі қалалық өркениет Сырдарияның бір тармағы Жаңадария арнасының оң жағалауынан орын тепкен осы Бәбіш моладан бастау алады. Біздің заманымызға дейінгі ІV-ІІ ғасырларға тән жәдігерлер ғалымдардың осы болжамын бекіте түсіп отыр.
Біз осы уақытқа дейін Хорезм экспедициясының, одан кейінгі зерттеулердің нәтижесіне сүйеніп, сақтар астанасы Шірік-Рабат қаласы болған деген байлам жасап келгенбіз. Кейіннен Шірік-Рабаттағы қазба жұмыстары ол аумақтың тек ғұрыптық жерлеу орны болғанын көрсетті. Керісінше Бәбіш моладан табылған қазыналар нағыз орталық осы шаһар болғанын дәлелдейді.
Қала орнында сонау алпысыншы жылдары қазылған зерттеу жұмыстарының ізі сақталып тұр. Археологтер алда кейінгі аршылған бөлік пен бұрынғыны ұштастырып жібермек. «Сонда қала келбеті көз алдыңызға толығырақ келеді» дейді олар. Біз тұрған орыннан күншығыс жақта қаланың кіреберіс қақпасы орналасқан. Сол тұстан осы әкімшілік орталық пен қала маңындағы шахристандарды жалғаған жолдың сұлбасы байқалады. Шығыс бөлігінен аршыла бастаған қазба мұнда ерекше жағдайларға және қабылдауларға арналған салтанат залы болғандығын аңғартады. Бес гектарлық аумақты алып жатқан кешеннің жоспарлану принципі ахеменидтік архитектураға тән. Сәл батысқа ойыссаңыз, ескі мавзолей орны жатыр. Ақсүйектер жерленген бұл араны кезінде Хорезм экспедициясы қазған.
Төрт жылдан бері зерттеу жасап келе жатқан археологтердің тағы бір толымды табысы – қала маңынан ашылған ғұрыптық ғибадатхана орталықтары. Жақында ғана анықталған сондай орын көне шаһарды зерттеудегі үлкен жаңалық болып отыр.
– Шірік-рабадтықтар жалпы дініне берік халық болған. Оны жақында табылған ғибадат орнынан байқап отырмыз. Оның Жаратқанға құлшылық ету бөлігі айқын көрінеді. Ертеректегі зерттеулерден сақтардың мәйітті өртеп жіберетін салттары белгілі еді. Кейіннен ол ғұрып өзгеріп, кәдімгідей жерлеуге көшкен. Сағана секілді қазылған орлардан бірнеше мәйіт шыққан кездер де бар, – дейді «Антик» халықаралық ғылыми зерттеу орталығының жетекшісі, археолог Жанболат Өтебаев.
Археологтер қазба жұмыстары барысында табылған жәдігерлерді зерттеуде Канада мен Литва мемлекеттеріндегі лабораторияларда жасалған радиокөміртекті және изотопты сараптамаларға сүйенеді. Табылған мал сүйегіне жасалған изотопты зерттеу нәтижесінде олардың тары сабанын жегені анықталып, қала өмір сүрген кезеңдегі тұрғындардың егін шаруашылығымен айналысқаны белгілі бола түсті. Табылған адам сүйектеріне антропологиялық сараптама Ресейде жасалады.
Қазақтың топырақтанушы ғалымдарының зерттеуінше, бұл маң ертеде қарағай мен қайыңы сыңсыған, еңселі өскен еменге толы мекен болған екен. Климаты да қазіргідей емес, жайылып аққан жойқын судың жағасы ылғалды болыпты. Жаңадария арнасы мен Сеңгіртам аумағына шуруф салып, топырақ қабатын зерттеген мамандар болжамынша осыған байланысты егін шаруашылығы да қатты дамыған.
– Жалпы Шірік-Рабад мәдениетінің Орта Азия үшін тарихи маңызы зор. Ал оның орталығы Бәбіш молада отырықшылыққа көшу мен егіншілікті игеруден бөлек ерте дәуірдегі урбандалудың айқын іздері бар. Қала осыған дейін жасалған тұжырымдағыдай Хорезм мемлекетінің бір жұрнағы емес, осы маңайдағы ірілі-ұсақты шаһарлар мен рабадтардың астанасы болғаны байқалады. Тіпті қазба кезінде қазіргі мерзімделіп жүрген кезеңінен көп бұрынғы мәдениетке жататын заттар да кездесіп қалып жатыр. Осынысымен де Бәбіш мола ерекше. Қазақстан аумағынан табылған жәдігерлердің көпшілігі дала мәдениетінің жұрнақтары. Ал Бәбіш мола ежелгі қала мәдениетінің бастауы. Оған дәлел көп, – дейді Ресейдегі Шығыс музейінің бөлім меңгерушісі Сергей Болелов.
Облыстық бюджет есебінен жүргізіліп келе жатқан кешенді қазба жұмыстары барысында қала маңынан көзешілер тұрағы анықталған. Сол замандағы өндірісті аумақтан қыш күйдіретін 9 пеш табылып отыр. Архелогтер биылғы зерттеу барысында осы қыш ыдыстарды күйдіріп жасау әдісін қолға алып, есте жоқ ескі заман технологиясын жаңғыртып отыр. Көне мұраны жаңғыртқан мамандардың бірі Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының ғылыми қызметкері Мақпал Сүйіндікова. Ол археологтердің уақытша тұрағындағы күйдіру пешінде біздің заманымызға дейінгі ІV-ІІ ғасырлармен мерзімделетін қыш ыдыстарды қайта жасап жатыр.
Қызылорда облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі мекеме директоры Ерғазы Алданазаровтың айтуынша биыл облыста Сығанақ, Жанкент және осы Бәбіш мола қалашығында архелогиялық зерттеулер жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар алдын ала тізімге алынған ескерткіштердің 106-сының сараптамалық жұмыстарына да қаржы бөлініпті.
Археологтер кешенді қазба жұмыстарын жалғастырып, ізденіс нәтижесі ретінде монография шығармақ. Алда шетелдік ғалымдардың қатысуымен семинар өткізу де ойда бар.
ҚЫЗЫЛОРДА