Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің бірнеше студенті арнайы грантқа ие болды. Іріктелген ізденушілерге білімін тегін жалғастыруға сол университеттің түлегі мүмкіндік сыйлап отыр.
Алты студентке жылдық оқу грантын табыс еткен түлек – Ержан Тастамбеков. Ғылым және жоғары білім министрлігі таратқан ақпаратқа сүйенсек, жылдық оқу грантына үміткерлерді іріктеу студенттердің әлеуметтік жағдайына, оқу үлгеріміне және ҰБТ-да жиналған ұпай санына қарай жүргізілген. Университет проректоры Думан Айтмағамбетов, оқу ордасының түлегі, Zebra Coffee кофеханалар желісінің негізін қалаушы Ержан Тастамбеков, ENU Endowment Fund өкілдері 1-курс студенттерімен әңгімелесу өткізіпті. Нәтижесінде, кәсіпкер 2023-2024 оқу жылында филология, сәулет және құрылыс, әлеуметтік ғылымдар факультетінің дарынды студенттеріне қолдау көрсететін болды.
– Грант алушыларды іріктеу арнайы критерийлер бойынша жүргізілді. Биыл мемлекеттік грантқа бір-екі ұпай жетпеген және әкімдіктер мен түрлі қордың гранттарын иеленбеген, сондай-ақ университеттегі оқу ақысын төлеуге мүмкіндігі төмен студенттердің анкеталары қаралды. Әрине, таңдау кезінде біз дарынды жастардың әлеуметтік жағдайын да ескердік. Ең алдымен, қолдау мен көмекке мұқтаж немесе қиын жағдайға тап болғандарға басымдық берілді. Белсенді студенттерге де грант бөлінді, – деді Е.Тастамбеков.
Әмірхан Шегебаев ҰБТ-дан 112 ұпай жинағанымен, мемлекеттік грантқа қол жеткізе алмады. Дарынды спортшы университет түлегінің қолдауымен биылғы оқу жылында Әлеуметтік ғылымдар факультетінде тегін оқу мүмкіндігіне ие болды. Әмірхан – спорт шеберлігіне кандидат. Шайбалы хоккейден жастар және мектеп оқушылары арасында ел чемпионаттарына, допты хоккейден қысқы гимназиадаға қатысқан.
– Әңгімелесу барысында өзімнің спортқа деген құштарлығым ерекше екенін айттым. Оқуды бітіргенде спорттың беделі мен деңгейін арттыруға күш салғым келеді. Грант алғаныма өте қуаныштымын және кәсіпкер Ержан Тастамбеков пен ENU Endowment Fund қорына қолдау көрсеткені үшін алғыс айтамын, – дейді Әмірхан.
Ал Ақтөбеден келген Айлана Сапарғали адамдардың өмірлік мәселелерін шешуге көмектескісі келеді. Өйткені ол – болашақ психолог.
– Шынымды айтсам, әңгімелесуге қатысқаныммен, дәл мұндай бір ғажайып күткен жоқ едім. Грант иегері болғанымды хабарлағанда сене алмадым. Бұл маған да, анам үшін де күтпеген, керемет жаңалық болды. Бала кезімде Астанаға жиі келіп, Еуразия университетінің ғимаратына қарап, осы беделді оқу ордасында білім алуды армандайтынмын. Сапалы білім алып, сұранысқа ие маман болып, болашақта адамдардың өмірлік мәселелерін шешуге көмектескім келеді, – дейді Айлана.
Іріктелген ізденушілердің қатарында Жамбыл облысы Қаратау қаласынан келген Аружан Төрегелді мен астаналық Сымбат Базарбай да бар. Екеуі де – филология факультетінің студенті. Жылдық грант иелері меценат пен университет сенімін ақтауға тырысамыз дейді.
Еске сала кетейік, 2022 жылы университет түлектерінің бастамасымен ENU Endowment Fund құрылған болатын. Қор арқылы дарынды және мұқтаж студенттерге қолдау көрсетіледі.