Осы аптада халықаралық қоғамдастық Сочиге үлкен үмітпен қараған. Өйткені Түркия Президенті Реджеп Тайип Ердоған мен Ресей Президенті Владимир Путин келіссөз жүргізген. Талқыланған басты мәселе – астық келісімі.
Бұқаралық ақпарат құралдарында тараған мәліметке сүйенсек, екіжақты әңгімеден нәтиже шықпаған. Р.Ердоған ресейлік әріптесін Қара теңіз арқылы өтетін астық келісімін қайта жалғастыруға көндіре алмаған сыңайлы. Кездесуден кейінгі баспасөз мәлімдемесінде Кремль басшысы Ресей ауыл шаруашылығы экспортына қатысты бүкіл келісім орындалған жағдайда ғана астық келісімін қайта жаңғырту мүмкіндігін қарастыруға дайын екенін жеткізді.
Сондай-ақ Ресей Президенті Киевті негізсіз айыптап, Украина гуманитарлық дәліздерді әскери мақсатта пайдаланатынын көрсетті. Оның айтуынша, Ресей астық дәлізінің қауіпсіздігін қамтамасыз еткен. Ал Батыс елдері Ресейдің астық келісімін сылтауратып, Украинаға қару-жарақ жеткізіп жатыр.
Дегенмен Кремль басшысының сөзі шындыққа сай келмейтінін халықаралық сарапшылар алға тартады. Бұқаралық ақпарат құралдары да мұның негізсіз екенін жарыса жазды. Себебі Ресей тарапы бірнеше мәрте астық тиелген кемелерге шабуыл жасап, дәнді дақыл тасымалдауға арналған порттарды зымыранмен атқылаған-тұғын.
Естеріңізде болса, Астық келісіміне 2022 жылғы маусымда Ресей, Украина, Түркия және БҰҰ қол қойған болатын. Соған сәйкес халықаралық кемелер Украина порттарынан Қара теңіз арқылы дәнді дақылдарды тасымалдайды. Мәміле бір жылдан астам уақытқа созылды. Бастапқыда келісім 120 күнге арналған. Кейін оның мерзімін ұзартты. БҰҰ, Түркия, Ресей және Украина шенеуніктері жұмыс істейтін үйлестіру және бақылау орталығы құрылды. Ал 17 шілдеде Ресей тарапы Украина астығын Қара теңіз порттарынан экспорттауға мүмкіндік беретін келісімнен ресми түрде шыққан-ды. Сөйтіп, кеме қатынасының қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз деген уәдесін бұзды. Осыдан кейін ресейлік әскерилер Украина порттары мен элеваторларын бомбалады.
Сарапшылардың айтуынша, мұның бірнеше себебі бар. Wall Street Journal-дың хабарлауынша, Р.Ердоған «Азовсталь» қорғаушыларын Украинаға қайтарып, Швецияның НАТО-ға кіруін мақұлдауы Кремльдің шамына тиген. Басылым осыдан кейін Ресей астық келісімін ұзартудан бас тартқанын жазады. Оған дейін де солтүстіктегі көршіміз бірнеше мәрте астық келісімін бұзатынын айтып, доқ көрсеткен-ді. Айта кетерлігі, Украина дәнді дақылын Қара теңіз арқылы қауіпсіз тасымалдау жөніндегі уағдаластыққа 2022 жылғы 22 шілдеде қол жеткізген. Бірақ Ресей билігі бірнеше рет қарсы тарап уәдесін орындамайды деген желеумен келісімді бұзуға талпынды. Алайда Түркия, Украина билігі және БҰҰ өкілдері келісімдердің сақталуына мүдделі.
Өз кезегінде Түркия Президенті Р.Ердоған көп ұзамай келісім жалғасатынына үміт білдірді. Оның айтуынша, Түркия мен БҰҰ бастапқы келісімге арағайындық жасап, мәселені оңтайлы шешу үшін жаңа ұсыныстар пакетін әзірлеп жатыр. Р.Ердоған түсініспеушіліктердің жойылатынын алға тартып отыр. Бірақ Америка Құрама Штаттары мен Еуропалық одақ Мәскеудің шағымдарын негізсіз деп санап отыр. Өйткені Ресейге салынған санкциялар елдегі астық және тыңайтқыш саласын қамтымайды.
Сарапшылардың пікірінше, келісімнің кідіруі Украина мен Ресей астығына арқа сүйейтін Африканың бірнеше еліне ауыр соққы болып тимек. В.Путин баспасөз жиынында Ресей тарапы «қара құрлыққа» тегін астық жеткізетінін мәлімдеді.
«Біз Африканың алты мемлекетімен келісімді аяқтап қалдық. Оларға азық-түлікті тегін жеткізіп, тіпті жеткізу мен логистиканы тегін жүзеге асыруға ниеттіміз. Бұл жұмыстар екі аптадан кейін басталады», деді В.Путин.
Дегенмен Ресейдің астығы Африканың мәселесін қаншалықты шеше алады? Азық-түлік тапшы құрлықтың жағдайын оңалта ма? Екіталай. Өйткені Украина астығы әлемдік эскпорт нарығының 10 пайызын құрайды. Жыл сайын пәленбай миллион тонна бидайын шетелге сатады.
Сондай-ақ Украина – көлемі жөнінен әлемдегі төртінші ірі астық экспорттаушы ел. Әдетте, жер-жаһанда қолданылатын күнбағыс майының 42 пайызын, жүгерінің 16 пайызын және бидайдың 9 пайызын өндіреді. Африка құрлығындағы, Таяу Шығыстағы көптеген мемлекет Шығыс Еуропадан келетін дәнді дақылға мұқтаж. Ендеше, мұның орнын жалғыз Ресей баса алмайтыны түсінікті.
Сарапшылар Ресейге астық келісімі қажет емесін алға тартады. Керісінше, бұл Украина мен әлем елдеріне керек. Мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, Киев дәнді дақылын экспорттау арқылы қосымша пайда түсіреді. Ал Кремль бұған тосқауыл қоюды көздейді. Оның үстіне, Ресей көп мөлшерде өнім жинады. Астық қоры шамамен 100 млн тоннадан асты. Ендеше, мол байлықты сататын жер керек. Ал аймақтағы басты бәсекелес Украина екені түсінікті.
Бертінге дейін Киев астықты үш бағыт бойынша экспорттап келді. Келісім бұзылмағанға дейін кеме арқылы Ыстанбұлға, Дунай өзеніндегі порттарға, Еуропаға жүк көліктері және теміржолмен жеткізді. Ресей астықты қауіпсіз тасымалдау жөніндегі уағдаластықты бұзған соң, бірінші жол кесілді. Енді Қара теңізбен тасымалдау қауіпсіз емес.
Қазіргі таңда Кремль екінші бағытты жоюға тырысып жатыр. Иранда жасалған дрондар күн сайын Украинаның порттарына шабуыл жасап, қоймаларды қиратуға көшкен. Әлбетте, әуе шабуылына қарсы қорғаныс құралдары қарап жатпасы анық. Бірақ қарақұстай қаптаған дронның бәрін қалпақпен ұрғандай қағып түсіру оңай шаруа емес.
Үшінші бағыттың мәселесі жетерлік. Қазір Киев Молдова, Польша арқылы және Еуропалық одаққа апаратын басқа да тасжолдармен астық жеткізеді. Бірақ теміржол және жүк көлігімен мол дәнді дақылды тасымалдау қиын. Сондай-ақ «қарт құрлықтың» шаруалары Украинаның арзан астығы елге келгеніне наразы.
Сарапшылар ресми Мәскеудің келісімді жандандыруға асықпауының тағы бір себебін айтады. Кремль Батысқа қиын талап қойып отыр. Бұған, әлбетте, ешкім келіспейді. Осындай қадам арқылы Украинаны астық нарығынан толықтай ығыстырып шығармақ. Сөйтіп, тауар жетіспегендіктен баға өсіп, Ресей өз өнімін қымбатқа сатады.