• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әлем 07 Қыркүйек, 2023

Еуропадағы сенімді серіктес

145 рет
көрсетілді

Премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Астанаға ресми сапармен келген Италия Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрі Антонио Таянимен келіссөз жүргізді.

Екіжақты әңгіме барысында Қазақстан мен Италия қатынастарының серпінді дамуы талқыланды. Саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық, мәдени-гуманитарлық, ғылыми-техникалық және туристік салалар­дағы өзара тиімді ынтымақтастықтың жай-күйі мен даму перспективалары егжей-тегжей сөз болды. Сондай-ақ тараптар көпжақты форматтағы өзара іс-қимылды, соның ішінде халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі мәселелер жөнінде пікір алмасты.

«Бүгінгі таңдағы геосаяси және геоэконо­ми­калық тұрақсыздық еліміздің сыртқы саяси стратегиясынан жан-жақтылықты талап етеді. Сондықтан ынтымақтастығымыз бекіген жақын көршілеріміз, стратегиялық әрі­птес­теріміз – Ресей және Қытаймен қоса, Қазақстан әлемнің өзге де ықпалды әрі бе­делді ойыншыларымен байланысын нығай­туға екпін береді. Осы тұрғыда, Италия халықаралық аренада және Еуроодақтағы біздің аса маңызды стратегиялық әріптесіміз ретінде, Қазақстанның көпвекторлы саясатында ерекше орын алады», деді М.Нұртілеу.

Сыртқы істер министрі Қазақстан мен Италия арасындағы жоғары деңгейде сындарлы саяси диалог пен стратегиялық әріптестік орнағанын ерекше атап өтті. Соның ішінде үкімет және парламентаралық ынтымақтастық та қарқынды дамып келеді.

«Екіжақты шарттық-құқықтық базамыз айтарлықтай ауқымды. Халықаралық ұйымдар аясында өзара қолдау негізінде сенімді іс-әрекеттестік дамып отыр. Жаһан­дық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бо­йынша ұстанымдарымыз да жақын немесе ұқсас. Біріккен Ұлттар Ұйымы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы шеңберіндегі ықпалдастығымыз соның айқын үлгісі.

Орталық Азияның Еуропамен энергети­калық, логистикалық және технологиялық байланысын дамытудағы Римнің рөлін ескеріп, аталған салалардағы өзара тиімді жобаларды одан әрі ілгерілетуге деген ниетін  толық қолдаймыз. Осы ретте «С5+Италия» форматында өтетін министрлік кон­ференциялардың қомақты үлесін атап өткеніміз абзал. Биыл тамыз айында Қазақстан Республикасы мен Италия Республикасының дипломатиялық қарым-қатынастары жаңа отыз жылдыққа аяқ басты», деді М.Нұртілеу.

Сала басшысы, ең алдымен, сауда-эко­но­ми­калық және инвестициялық серік­тес­тікке көңіл бөлінетінін жеткізді. Қазіргі таңда Италия – Қазақстанның Еуро­падағы ең ірі сауда серіктесі. Былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы 14,9 млрд долларды құраса, биылғы қаңтар-шілде айларында 9 млрд-қа жетті. Алдағы уақытта осы көрсеткішті тағы 900 млн долларға арттыруға мүмкіндік бар.

«Энергетика, табиғи ресурстарды барлау және өндіру, құрылыс, инфрақұрылым, көлік, байланыс, ауыл шаруашылығы, ғылыми-техникалық қызмет және кадр дайындау салаларындағы ынтымақтастығымыздың болашағы зор. Италия – инвестиция көлемі бойынша да еліміздің негізгі серіктестерінің қатарында. Қазақстанға 2005 жылдан бері құйылған инвестиция 7 млрд доллардан асты.

Қазіргі таңда елімізде 270-ке жуық италиялық компания жұмыс істейді. Жалпы көлемі 474 млн долларды қамтитын әртүрлі салада 21 индустриалды жоба карастырылып жатыр. Атап айтқанда, 90-жылдардан бас­тап «Eni» компаниясымен ірі мұнай-газ жобаларын жүзеге асыру жұмыстарында өзара тиімді әріптестік орнатылған. Қазіргі таңда «Eni» күн қуаты негізіндегі, ал «Arm Wind» жел электр стансаларын салу бо­йынша  перспективті «жасыл энергетика» аясын­дағы қомақты жобалар әзірлену үстін­де», деді М.Нұртілеу.

Бұдан бөлек, Жоғары технологиялық және өңдеу салаларында «Petrovalves» және «Deutz-Fahr» компанияларымен бірлескен жобалардан да мол үміт күтіліп отыр. 2022 жылғы маусымнан бастап Милан – Алматы – Милан бағыты бойынша тұрақты жолаушылар рейсін жүзеге асырып жүрген «NEOS» әуе компаниясы өзара байланысты өрістетуге өзіндік үлес қосып келеді.

«Елімізде мықты өнеркәсіптік базаны қалыптастыру бағыттарындағы жоғары дең­гей­де өңделген өнім шығаратын клас­терлерді құру жоспарларына ерекше назар аудардым. Осы ретте жан-жақты серік­тестікті бекіте түсуге мүдделі екенімізді растап, Италия тарапын экономикамыздың басым салаларына инвестиция салуға шақырамыз.

Сонымен қатар Антонио Таяни мырзамен екіжақтық ықпалдастық тетіктерін, оның ішінде үкіметаралық жұмыс тобының мүмкіндіктерін белсенді пайдалану және Қазақстан – Италия Іскер кеңесін құрудың маңыздылығына  бөлек тоқталдық. Мәдени-гуманитарлық, ғылыми-техникалық және өңіраралық ынтымақтастықты дамыту мәсе­лелері бойынша өзара шараларды қол­дау жөнінде ортақ пікірге келдік», деді М.Нұртілеу.

Министрдің айтуынша, Орталық Азия­дағы алғашқы Италия мәдениет инсти­тутының Алматы қаласында ашылуы білім және жалпы гуманитарлық байланыстарымызды одан әрі нығайтуға өз ықпалын тигізбек. Сондай-ақ келіссөздердің тағы бір өзекті тақырыбы екіжақты шарт-құқықтық базаны, консулдық мәселелер бойынша тығыз жұмысты ілгерілетуге арналған. СІМ басшысы Еуроодақпен ынтымақтастық шең­бе­рінде Қазақстан азаматтары үшін виза­лық режімді оңтайландыру мәселесі бойын­ша италиялық тараптың қолдауына үміт артатынын жеткізді.

Өз кезегінде А.Таяни Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қуатты экономика мен гүлденген қоғам құруға бағытталған «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты халқына Жолдауында ай­тыл­ған бастамаларына және де саяси, әлеуметтік-экономикалық реформаларға қолдау білдірді. Сондай-ақ жаңа перспективалы бағыттардың бар екеніне назар аудара отырып, екі ел арасындағы қарым-қатынастың жоғары деңгейін атап өтті.

«Екі ел арасындағы мәдени ынтыма­қ­тастық өте маңызды. Италияда білім алатын қазақ­стандық жастарды көбірек көргіміз келеді. Сондай-ақ студенттеріміздің де Қа­зақ­станға келіп білім алғанын қалаймыз. Бірнеше аптадан кейін Алматыда Италияның мәдениет институтын ашамыз. Бұл аймақ­тағы алғашқы мәдени ошақ болмақ. Бұл – мәдени дипломатияны дамытуға ниетіміздің дәлелі. Италия үшін Қазақстан стра­­тегиялық серіктес, сон­дықтан біз одан әрі байланыста болып, бірге жұмыс істейміз», деді Италия А.Таяни.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар достық пен өзара тиімді ынты­мақ­тастыққа бағытталған 2009 жылғы тиісті Шарт негізіндегі қазақ-италия страте­гия­лық әріптестікті одан әрі нығайтуға бейіл­ділігін растады. Экономиканың басым секторларындағы және мәдени-гума­ни­тарлық өлшемдегі өзара іс-қимылға негіз­делген бірлескен мәлімдемеге қол қойды.