Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті. Жиын барысында Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы кедендік мәселеге қатысты келісім ратификацияланды. Сондай-ақ бірқатар заң жобасы жұмысқа алынды.
Атап айтқанда, жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан-Өзбекстан кедендік шекарасы арқылы құбыржол көлігімен және электр беру желілері бойынша энергия ресурстарын өткізу кезіндегі бірлескен кедендік бақылау туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы қабылданды.
Құжат жөнінде Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев баяндама жасады. Оның айтуынша, келісім аясында Қазақстан-Өзбекстан кедендік шекарасы арқылы құбыржол көлігімен және электр беру желілері арқылы өткізілетін энергия ресурстарына бірлескен кедендік бақылау ұйымдастырылады.
Екі ел тәжірибемен және кеден саласындағы ұлттық заңнаманы бұзу фактілері туралы ақпаратпен алмаса алады. Хаттамада тараптардың кеден органдары балансында тұрған есепке алу тораптары көрсеткіштерін ай сайын алуды, сондай-ақ есепке алу аспаптарына салынған кедендік сәйкестендіру құралдарының тұтастығын, сәйкестендіру құралдарын жоюды және салуды тексеру көзделген.
«Келісімде энергия ресурстарын кедендік декларациялау және кедендік бақылау мәселелеріндегі тәжірибесі туралы, мемлекеттердің кеден істер саласындағы ұлттық заңнамасы талаптарын бұзу деректері жайында ақпарат алмасу қарастырылған», деді Е.Жамаубаев.
Мәжіліс комитеттері бірқатар жаңа заң жобасын жұмысқа қабылдады. Олардың қатарында Салық кодексі мен Салық кодексін қолданысқа енгізу, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске түзетулер, жолаушыларды автомобильмен тасымалдау саласындағы кейбір мемлекеттік функцияларды өзін-өзі реттеуге беруге қатысты өзгерістер, сондай-ақ бірқатар халықаралық құжат бар.
Сондай-ақ Бала құқықтары туралы конвенцияға хабарлар рәсіміне қатысты факультативтік хаттамаға, Қазақстан мен Қатар үкіметтері арасындағы инвестицияларды өзара көтермелеу және қорғау туралы келісімге, 2000 жылдың 7 шілдесіндегі Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтері арасындағы Азаматтардың өзара сапарларының шарттары туралы хаттамаға қатысты бес ратификациялық заң жобасы жұмысқа алынды.
Бұдан кейін депутаттар тиісті мемлекеттік органдар басшыларына елдегі ахуалға қатысты бірқатар сауалын жолдады. Премьер-министр Әлихан Смайыловқа қойған сұрағында «Amanat» фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев теміржол көлігінің қазіргі жағдайына алаңдаушылық білдірді.
«Жаз келсе болды, қоғамда теміржол жолаушылары тасымалына қатысты шағым да көбейеді. Жылда қайталанатын жағдай. Теміржол жолаушылар тасымалы сапасының төмендігі сын көтермейді. Себебі жолаушылар құрамының көп бөлігі – кеңес заманының мұрасы. Жыл сайын біз вагондар паркін жаңарту мәселесін көтеріп келеміз. Көптеген уәде бар, бірақ іс жүзінде жоспарланған қарқындар сақталмайды.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, қазіргі уақытта жылжымалы теміржол құрамының паркі 138 мың бірлікті құрайды, орташа тозуы 55 пайыз. Министрлік 2025-2030 жылдар аралығында вагондар паркін жаңартуды жоспарлап отыр. Осы орайда, ескере кететін жайт «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы 1997 жылы құрылды. Яғни 26 жыл күткеніміз аздай, енді тағы да 7 жыл күтуіміз керек. Күткен үмітіміз ақталатынына, вагондар паркін жаңарту жұмысы тиімді болатынына сеніміміз аз. 2030 жылы қалған вагондар ескіріп, теміржол құрамы паркінің тозуы 55 пайыздан да асып кетпейтініне кім кепіл?», деді Е.Бейсенбаев.
Депутат вагондардың әбден тозғанын, одан қала берді жазда билет табылмайтынына наразылық білдірді. Бұл аз десеңіз, жол жүру ақысы да қымбат. Е.Бейсенбаевтың айтуынша, тапшы маршруттарға билеттерді сатып алу кезінде тек жоғарғы орындар қолжетімді. Бұл жыл сайынғы теміржол билеттер құнын субсидиялауға қомақты қаражаттар бөлінуіне қарамастан орын алып отыр.
«Қымбат бағасына сапасы сай келмейтін пойыздар жиі кешігеді. Соңғы кездері сапардағы азаматтарымыз үшін пойыздардың 1-2 сағат кешігуі үйреншікті жайт болып қалды. Бұл уақытты жоғалтуға ғана емес, кейде қаржылай шығындарға әкеледі, өйткені трансфермен келе жатқан жолаушылар келесі пойызға кешігіп қалады. Бірақ бұл үшін жауапкершілікті өз мойнына алуға ешкім асықпайды», деді Е.Бейсенбаев.
Депутат Гүлдара Нұрымова Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға оңтүстік өңірлердегі су тапшылығына байланысты туындаған төтенше жағдай туралы мәселе көтерді. Оның айтуынша, биыл оңтүстік өңірлердегі шаруа қожалықтары үшін қиын болып отыр. Соның ішінде, Жамбыл облысының 6 ауданында төтенше жағдай жарияланды.
«Осыған дейін облыста қолданыстағы суармалы жерлерді ағын сумен қамтуды жақсарту мақсатында 2019 жылдан бастап Халықаралық қаржы институттарының несиесі есебінен жалпы құны 40,0 млрд теңгені құрайтын 2 жоба жүзеге асырыла бастаған. Аталған жобалардың әкімшісі Су ресурстары комитетінің «Қазсушар» кәсіпорны. Айта кету керек, аталған 2 жоба 2021 жылы бітіп, жалпы 114 мың гектар алқапты сумен қамтуы керек еді.
Алайда жобалау-сметалық құжаттаманың сапасыз әзірленуіне, жосықсыз мердігерлердің жұмысына және «Қазсушар» кәсіпорны тарапынан бақылаудың әлсіздігіне байланысты жобалардың аяқталуы ағымдағы жылдың желтоқсанына ауыстырылған. Жұмыстың уақтылы аяқталатыны үлкен күмән туғызады. Оған қоса, атқарылған жұмыстардың сапасы сын көтермейді. Бүгінгі таңда жобалар аясында жоспардағы 54 мың гектардың тек 34 мың алқабы ғана ағын сумен қамтылған», деді Г.Нұрымова.
Депутат жауаптылардың салғырттығы салдарынан 20 мың гектарға жуық жерді иеленіп отырған шаруалар шығынға батқанын атап өтті. Олардың шығындарын өтеу бойынша Үкіметтен бөлінетін қаржы әр зардап шеккен шаруаға әділ түрде жетуі керек. Г.Нұрымова шаруаларды сумен қамтуға қатысты сырттан алынған қарыздарды қалай және кім өтейтініне, бұған нақты кім жауапты екенін сұрады.
Депутат Дәулет Мұқаев Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға жолдаған сауалында жастарға 5 жыл мерзімге берілетін пәтерді жалға алуға қатысты мәселе көтерді. Депутаттың айтуынша, Жастар жылында жастар қуана қабыл алған, жұмысшы жастарға берілген жалдамалы пәтерлер бүгінде жастардың басты мәселесіне айналып отыр.
«Астана, Алматы, Шымкент қалаларында 2019 жылдан бері жалдамалы пәтерге орныққан жастардың саны 10 000-ға жуықтады. Бұл аудан халқымен парапар екенін ескерсек, назар аударарлық мәселе. Иә, бұл жастарға өз баспанасын алуға қаржы жинау мақсатында берілген үлкен мүмкіндік еді. Әйтсе де, Үкімет бұл бағдарламаны қабылдағанда өзге де факторларды ескеруді назардан тыс қалдырған сыңайлы. 2019 жылы баспана алған жастардың баспананы босатуына да 1 жылдан аз уақыт қалды. Бүгінде мегаполистердегі жастардың далада қалу қаупі жоғары.
2019 жылы баспана алған жастар әлемдік пандемиямен қатар келіп, 42 500 теңгеге қарап қалғанын ескерсек ақша жинау мүмкіндігі болмады. Бағдарлама ең алғашында 5 жылға берілсе, кейінгі жылдары 3 жылға тағы қысқарды. Бүгінгі таңда елімізде инфляция деңгейі де шарықтап, үй бағасы жылдан-жылға өсті. Шындыққа тура қарасақ, баспанаға қаржы жинаудан, қымбатшылық қыспаққа алып күнкөріс мәселесі алдыңғы орынға шықты», деді Д.Мұқаев.
Екіншіден, жастар саясаты туралы заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, жастар санаты 29 жастан 35 жасқа дейін өсті. Сәйкесінше үй алған жастар бүгін де жастар санатынан шықпады. Депутат осы 5 жылда балалы болған жастар қайда қалатынына алаңдап отыр. Ал елде жастарға арналған бірыңғай мемлекеттік баспана бағдарламасы жоқ.
«Үшіншіден, жалдамалы пәтер алған жастар өзге де мемлекеттік бағдарламалар мен үй кезегінде тұру мүмкіндігінен айырылған. Ақшасын жинап, түйіп отырған жастар, басқа бағдарламаға қатыса алмаса, қалай баспаналы болмақ? Төртіншіден, бүгінде елде баспана алуға тиімді бағдарлама жоқтың қасы. «7-20-25» аты бар заты жоқ бағдарлама, ал «Otbasy bank» арқылы 50 пайыз бастапқы жарна жинау 5 жылда мүмкін де емес! 2019-2020 жылдардан бері нарықтағы үй бағасы 2 есе өскен.
«Көп қайда болса, шындық сонда» демекші, жастардың назына назар аудару қажет. Жоғарыда аталған факторларды ескере отырып, жастардың тиімді баспана алуына жағдай жасау және кемі 10 пайыздық бастапқы жарнамен өздері тұрып жатқан баспанасын сатып алуға мүмкіндік беру мәселелесін қарастыруды сұраймын. Және де нарықтағы «Елорда, Алматы жастары» ипотекалық бағдарламалары секілді пайыздық мөлшерлемесі де 5 пайыздан аспауға тиіс», деді Д.Мұқаев.