Малдыбаевтар отбасының өнерде ойып алар орны бар. Әсіресе отағасы күйші-композитор Аман Малдыбаевтың «Көне Тараз» күйі музыка майталмандары тарапынан жоғары бағаланғаны белгілі. Расында да Аман Малдыбаевтың сол бір шертпе күйі тыңдарманды толғандырмай қоймайды. Күйдегі эпикалық сарынның арыны жұртты елең еткізері даусыз.
Шынында да «Көне Тараз» күйін тыңдаған кісінің көз алдына көне шаһардың байырғы тарихы елестейтіні даусыз. Оның «Жалын кешкен» әні де уақытында хит болғанын ешкім ұмытқан жоқ. Жарты ғасыр бойы қолынан домбырасын тастамаған Аман Малдыбаевтың отбасы мүшелерінің де өнерге аңсары ауған.
Оның үш ұлы – үш бәйтерегі. Қолынан қасиетті домбырасын тастамайтын әке тәлімін алған Әлібегі уақытында Аманмен бірге Германияның он шаһарын шарлап, қазақ өнерін қарт құрлықта насихаттады. Саксофоннан сызылтып саз төгетін оның өнерін жұртшылық жоғары бағалайтыны ақиқат. Өйткені ол – кәсіби музыкант ретінде өзін мойындатып үлгерген талант иесі. Қайбір жылы Әлібек оқушылар арасында өткен халықаралық «Азия дауысы» байқауында лауреат атанды.
Ортаншы ұлы Рүстем де өнерімен дараланып, талай додаларда үздіктер қатарынан көрінді. Ол Беларусь елінде өткен халықаралық ән конкурсында 1 орын иеленсе, Мәскеу мен Новосібірде ұйымдастырылған әншілер байқауында дипломант атанған.
Өнерлі отбасының сүт кенжесі Қазыбекті жұрт қобызшы ретінде жақсы таниды. Жас қобызшылар арасында ұйымдастырылған халықаралық «Жез киік» байқауында үздіктер қатарынан көрініп, лауреат атанған ол жас орындаушылар арасында ұйымдастырылған республикалық аламанда екінші орын иеленген.
Малдыбаевтар отбасына өнер генетикалық жолмен дарыған секілді. Мұны Аман Малдыбаевтың сөзі де айғақтай түсетіндей. Оның сөзіне сенсек, ата-анасы айтыс ақыны болған көрінеді.
«Әкем мен анам да ақындыққа жақындығы бар кісілер еді. Екеуі жиі айтысады екен. Көбінесе шеберлігі басым әкем жеңісті бермейтін көрінеді. Мұны анамның «Әкеңе айтыста жеңілгеннен кейін тұрмысқа шықтым» деген сөзінен де аңғаруға болады. Қысқасы, біздің әулетке өнер арғы жақтан тараған-ау», дейді ол өткен шаққа көз жүгіртіп.
Үш ұлы да әке жолын жалғастырып, түрлі музыкалық аспапты игеріп, өнерге бет бұрғанына еш өкінбейді. Олар қазақ өнерінің байрағын қай кезде де биіктен көргісі келеді.
«Шыны керек, мені өнерге әкем баулыды. Сол үшін де әкеме дән ризамын. Ол кісі қай кезде де қолдан келген көмегін аяған емес. Әжемнің тұңғыш немересі болғандықтан сол кісінің де аңызға толы әңгімесін көп естіп өстім. Осының барлығы да мені өнер әлеміне жетелей түскені анық. Өз басым осы жолды таңдағаныма шын қуанамын», дейді үйдің тұңғышы Әлібек.
Өнер қонған отбасының отағасы Аман балаларын құрсақта жатқан кезінде-ақ күй күмбірімен сусындатқан. Айтуынша, үш ұлдың өнерге бет бұруына осы бір қадамы да әсер етсе керек.
«Ұлдарым анасының құрсағында жатқанда ай-күні жақындап қалған келіншегімнің қасында отырып, төкпе күй тартып, шертпе күй шертетінмін. Қазақтың ғажап күйлерін балаларымның санасына құрсақта жатқан кезінен бастап сіңіргім келді. Олар дүниеге келген соң да бесігін тербетіп отырып, талай рет ән айтып, күй тарттым. Үшеуін де осылайша өмірге келмей тұрып ұлттық музыкамен тәрбиеледім. Соның да әсері бар шығар», дейді А.Малдыбаев.
Жүрегі өнер деп соққан А.Малдыбаев – қай кезде де жаңа бір идеяны іске асыруға ұмтылып тұратын адам. Тынымсыз ізденістің нәтижесінде ол 1989 жылы «Әулиеата өрендері», 1991 жылы «Шежіре» фольклорлық ансамблін құрып, оған өзі жетекшілік етті. Өнер ұжымдарының репертуарын толықтыру үшін тынымсыз еңбектенді.
Бүгінде қазақ эстрадасында маңдайы жарқырап жүрген белгілі әнші Досымжан Таңатаров алғашқы өнер жолын А.Малдыбаев құрған ансамбльде бастағанын біреу білсе, біреу білмес. Осыдан-ақ Малдыбаев мектебінің мықты екенін аңғару қиын емес шығар. Өйткені тек Досымжан ғана емес, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, інісі Мадияр Малдыбаев, республикалық конкурстардың лауреаты Нұрлыбек Қадырбергенов, әншілер Құралай Ғайымова, Гүлшат Сопбекова, Жанар Үстемірова сынды таланттар да Малдыбаевтың тәлімін тыңдап, дәрісін алған.
Қазақ музыкасының «Алтын қорына» енген «Көне Тараздан» бөлек, «Мұңды саз», «Шоқай датқа», «Мұңлы тамшылар» секілді өзге күйлері де тыңдарманын тапқан. Сондай-ақ А.Малдыбаевтың «Жалын кешкен», «Жастар маршы», «Наз сезім», «Аққу әні» секілді әндері де жүректерге жеткен.
Тегінде өнерсүйер қауым А.Малдыбаевты белгілі күйші-композитор ретінде ғана танып жүрген кезде ол өзінің актерлік қабілеті мен шеберлігін де көрсетті. Белгілі режиссер Ермек Тұрсыновтың «Шал» атты көркем фильмінде негізгі кейіпкерлердің бірі Қалтайдың образын қал-қадерінше ашуға тырысты.
«Бұл өзі бір қызық дүние ғой. Әуелде киноға түсемін деп кім ойлапты? Көркем фильмге түсу идеясы маған расында да қатты ұнады. Өзімді басқа қырымнан байқап көруге мүмкіндік берілді. Ондай мүмкіндіктен қалай бас тартасың? Бұл өмірімнің жарқын сәттерінің бірі десем де болады. Қысқасы, өмірде Қалтайдың образын алып шығу маған аманатталған еді. Аманатқа қиянат жасаған жоқпын.
Қалай десек те, өнер – бізге берілген Құдайдың аманаты. Балаларымның бәрі де өзім секілді өнер әлемінен алыстамағанына шын қуанамын. Олар өз бойындағы талантты еңбекпен ұштастыра алса, әлі талай биікті бағындыратынына сенемін», дейді өнерлі отбасының отағасы.
Жамбыл облысы