Елдің келешегі бүгінгі жас буынның қандай құндылықпен тәрбиеленіп жатқанына байланысты. Осыны дер кезінде ұғынған Ғалымбек Қызырбекұлы осыдан 9 жыл бұрын «Электронды қазақ үйін» іске қосқан.
«Электронды қазақ үй» – тілді дамытып, рухты көтеретін, ұлттық құндылықты дәріптейтін тәрбие құралы. Мұнда дәстүрлі ән мен күй, терме, аңыз-ертегі, бесік жыры, Абайдың қара сөзі, балалар әні, жалпы көлемі 1200 аудиоматериал топтастырылған. Құрылғы балалар мен ересектер үшін де ыңғайлы етіп жасалған. Қолданушылар тиісті батырманы басу арқылы мазмұны мен жанры жағынан әртүрлі бөлімді аралап, қалағанын тыңдай алады. Жоба тек Қазақстанда ғана емес, АҚШ, Канада, Франция, Жапония, Ұлыбритания, Қытай, Моңғолия елдеріне тараған.
– Бұл жоба – менің төл балам. Бұл – қазақтың баласы. Өнімнің ішіндегі дүниелер қандай керемет болса, сыртқы сапасы да соған лайық. Балалықтан даналыққа дейінгі қазақ ауыз әдебиеті мен шығармаларын насихаттайтын заманауи құралымыз сапасыз болып жатса, мұны кім алады? Жобаны іске асырмас бұрын біз сапасына ерекше мән бердік. Қазір балалар ойнайтын ойыншыққа қараңызшы, пластиктің исі шығып тұрады. Бұл бала түгілі үлкен адамға да зиян. Қазақ үйдің сырты ас ыдыстарын шығаратын ABS-пластигінің бірінші сортынан жасалды. Қуаты 10 сағатқа шыдайды. Қуат алады. Флешка салып, колонка ретінде қолдануға да, радио тыңдауға да болады, – деді жоба авторы Ғалымбек Қызырбекұлы.
Электронды қазақ үйдегі шығармалар бес бөлімнен тұрады. Бірінші бөлім – ертегілер. Ертегілерді актер Айдос Бектемір мен диктор Сауық Жақанова оқыған. 1000 ертегінің ішінен таңдалған 150 ертегі балалардың санасына асыл қасиеттерді сіңіріп, сан алуан құбылыстың сырын ұғынуға шақырады. Екінші бөлім – балалар әндері. Әннің мәтіндік мазмұны балаларды бауырмалдық пен сүйіспеншілікке жетелейді. Үшінші бөлім – күйлер. Бұл бөлімге дәулескер күйшілердің күйлері енгізілген. Мұнда домбырамен орындалған – 315, оркестрмен орындалған 34 күй бар. Сондай-ақ қобызбен, сыбызғымен, жетігенмен, шаңқобызбен, адырнамен, шертермен, сазсырнаймен орындалған шығармаларды да тыңдауға мүмкіндік бар. Төртінші бөлімге дәстүрлі әндер, терме-толғаулар және отаншылдық рухтағы әндер топтастырылған. 114 халық әні, халық әнші-композиторларының 202 әні, 63 терме-толғау, отаншылдық рухтағы 26 ән қосылған. Бесінші бөлімге 7 бесік жыры мен Абайдың қара сөздері кірген. Айта кететіні, Абайдың қара сөздерінің актер Болат Әбділманов оқыған аудио нұсқасы бұрыннан бар екенін білеміз. Десе де, ол электронды қазақ үйі үшін хакімнің қара сөздерін қайтадан арнайы оқыпты. Бұл әрекетін Болат Әбділманов «Мен дайын аудиожазбаны ертеректе, Абайды дұрыс танымаған сәтімде оқыған едім. Ол кезде жүрегіммен түсінбеуші едім. Қазір оқысам жан жүрегіммен оқып беремін», деп түсіндіріпті. Осыдан-ақ құрылғыдағы әр бөлімнің аса ыждаһаттылықпен жасалғанын, онда сезім мен рух барын көре аламыз.
Жобаның жауапты редакторы Жарқын Сәленұлы құрылғының балаларға әсерін бақылап көрмек ниетпен қызық эксперимент жасапты. Балабақша тәрбиешілері балаларға «Электронды қазақ үйінен» күй тыңдатып сурет салғызған. Күй тыңдап салған сурет пен тыныш отырып салған суреттің арасы жер мен көктей болыпты. Күй тыңдау балаларға шабыт беріп, қиялын жетілдіре түскен. Сондай-ақ балаларға ертегілер тыңдатып, олардың тілдерінің дамығанын көрген. Жарқын Сәленұлы осы сынақты жалғастырып, мектепте 8-11-сынып оқушыларына құрылғыдағы шығармаларды тыңдатып, жақсы жетістікке жеткен. Атап айтқанда, сабақ кезінде күйді тыңдағанда рухани тұрғыда сергіп, күйдегі мазмұнды бейнелеп беруге дағдыланған. Әрі терме-толғауларды тыңдап, мәтінге талдау жасату арқылы балалардың ой-өрісінің тереңдей түскенін көрген. Жауапты редактор осы істердің барысында оқушылардың жаттау қабілетінің жақсарғанын, құймақұлақ бола түскенін аңғарған.
– Халықтың сұранысы жоғары. Араға жылдар салып, біраз үзіліс орын алды. Осы үзіліс кезінде халық қазақ үйді іздеп, сұрап жататын күйге жетті. Бұл бір мезеттік емес, өміршең тауар. Ұлттың болашағы – ұрпақ. Ал сол ұрпағымыз өзінің ұлттық сана-сезімін сезініп өсу үшін ұлттық идеология болуы керек. Бүгінгі тілі шұбарланып бара жатқан ұл-қыздарымыздың бойына ұлттық құндылықтарымыз саналатын ауыз әдебиетіндегі аңыз-әңгімелерді, ән-күйлерді және бесік жырларын жаңа технология – «Электронды қазақ үйі» сіңіруге көмектесе алады. «Әнге әуес, күйге құмар бала жаны сұлу, өмірге ғашық болып келеді» деген Мұхтар Әуезовтің сөзін ұмытпау керек, – дейді жоба авторы.
Бұл өнімнің бөлшектерін Қытайдың ішкі өлкесіндегі Шэньчжэнь қаласында арнайы тапсырыспен жасатып, елде құрастырады. Барлығы ойдағыдай жүзеге асып жатса, зауыттың ең озық техникаларын, станоктарын әкеліп, тек «Электронды қазақ үйі» ғана емес, осы тектес өзге де электронды өнімдерді сапалы әрі қолжетімді етіп өндіруді қолға алып, кемінде 40-50 адамды жұмыспен қамтымақ ойлары бар. Елдің ертеңін ойлап, бүгін талмай іс қылып жүрген азаматтар мемлекеттен қолдау күтеді.
Сіз Бауыржан Момышұлының қорқынышы жайлы естіген боларсыз. Оттан да, оқтан да қорықпаған баһадүр бесік жырын айтатын келіндердің азайып бара жатқанынан қорыққан. Немерелеріне ертегі айтып бере алмайтын әжелердің көбейіп бара жатқанынан қорыққан. Дәстүрді сыйламайтын балалардың өсіп келе жатқанынан қорыққан. Бесік жырын естіп, ертегі тыңдап, дәстүрді бойына сіңіріп өспеген баланың көкіреккөзі көр бола ма деп қорыққан. Ал «Электронды қазақ үйі» осы қорқыныштарды сейілтетін бірден-бір құрал іспетті.
Елігімай ТӨҢКЕР,
журналист