Қызылордада патрульдік полиция қызметкерлері 25 келіден аса есірткі затын тасымалдаған екі азаматты құрықтады, деп хабарлайды Egemen.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Қарасора» іс-шарасы барысында Қызылорда облысы Арал ауданы тұсында Самара - Шымкент тасжолында жол ережесін бұзған Toyota автокөлігі тоқтатылды. Тексеру барысында көліктен сөмкеге салынған жасыл түсті зат анықталып, айғақ зат ретінде алынды.
Сараптама қорытындысында күдікті заттың 25,2 келіден астам «кептірілген марихуана» екендігі нақтыланды. Автокөлікті тізгіндеген 43 жастағы жүргізуші мен 43 жастағы жолаушысы Атырау облысының тұрғындары болып шықты. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 296-бабының 4-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізіліп жатыр. Тиісті сараптамалар тағайындалды», делінген хабарламада.