Ширек ғасыр бұрын қазақ жастары арасында маскүнемді проблемасы көбірек айтылатын болса, қазір нашақорлық мәселесі ұлт саулығына кері әсер ететін басты қатерге айналды.
Кеселге қарсы кешенді құжат
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев нашақорлық проблемасын жиі көтеріп келеді. Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда ол заманның залалды кеселі туралы тағы да айтты. «Нашақорлық – ұлт саулығына зор қауіп төндіретін кесел. Есірткі жастардың жанын да, тәнін де улап жатыр. Біз есірткіні қолданудың, дайындаудың және таратудың жолын кесіп, тамырына балта шабуға тиіспіз. Әйтпесе, бүкіл еліміздің болашағы бұлыңғыр болады. Бұл мәселе мені қатты алаңдатады. Химиялық есірткілер нарықта кең ауқымда сатылуда. Криминалдық топтар жастарды осындай заңсыз әрекеттерге тартып жатыр», деді.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Ішкі істер министрлігі Есірткі бизнесіне және нашақорлыққа қарсы күреске арналған кешенді жоспар (2023-2025 жылдар) дайындап, маусым айында ол Үкімет қаулысымен бекітілді. Бұл құжатта қоғам үшін аса қауіпті әсіресе синтетикалық препараттардың таралуының жолын кесу, олардың қолжетімділік деңгейін төмендету, адамның нашақорлыққа салынғанын дер кезінде анықтау жүйесін енгізу, есірткі қолданатын адамдардың нақты есебін қалыптастыру, есірткі бизнесіне қарсы күресетін органдардың материалдық-техникалық жағдайын нығайту көзделген.
«Президент мемлекеттің есірткіге қарсы саясатының өзектілігін атап өтіп, нақты бағыттарды белгілеп, жоспарды іске асыру бойынша міндеттерді алға қойды. Оны ІІМ-нің ведомствоішілік деңгейінде сапалы және тиімді іске асыру мақсатында қолға алынатын әрбір іс-шара министрліктің тиісті қызметтеріне бекітіліп берілді. Сонымен қатар ІІМ-де кешенді жоспардың әрбір тармағын іске асыру бойынша іс-қимыл алгоритмі әзірленді. Бұл оның орындалу динамикасын апта сайынғы сегментте бақылауға мүмкіндік береді, қажет болған жағдайда біздің іс-әрекеттерімізді түзету бойынша шаралар қабылданады», дейді ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Бақытжан Әмірханов.
Қылмыс өршіп тұр
Елімізде есірткі бизнесімен байланысты қылмыстар азаймай тұр. Ішкі істер органдары оның түр-түрін таратушылар мен сатушыларды күн сайын ұстап жатыр. Бұл нашақорлар санының аз еместігін және еліміздің батыс пен шығыс, әсіресе оңтүстік пен солтүстік арасында есірткі жөнелтуге арналған транзиттік аймаққа айналғанын көрсетсе керек.
Биылдың өзінде тәртіп сақшылары 210 килодан астам түрлі синтетикалық психоактивті заттарды тәркілеген. 31 есірткі зертханасы табылып, қызметіне тыйым салынды. Қазір есірткінің түрлерімен қоса, оны сату мен тасымалдаудың да неше түрлі жолдары пайда болып жатыр. Нашақорлардың сүйікті «ермегіне» жету үшін ойлап тауып жатқан фантазияларында шек жоқ.
Мәселен, жуырда Шымкент қаласында жүргізілген рейдтік іс-шаралар барысында Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының қызметкерлері қаладағы түнгі клубтардың бірінің кіреберісінде тыйым салынған заттар бар деген күдікпен екі жасты тоқтатқан. Тексеру кезінде 22 жастағы бойжеткеннен ұнтақты заты бар шағын полиэтилен пакеті табылды. Тәртіп сақшылары дәл осындай ұнтақты оның 19 жастағы досынан да тәркіледі. Олар есірткінің бірреттік дозасын қолданып көру мақсатында шұлықтарына жасырған болып шықты.
Ал Маңғыстау облысында Telegram қосымшасы арқылы тапсырма алып, белгіленген орындарға есірткі жасырып кетумен айналысқан 2 азамат құрықталды. Оның бірі – 34 жастағы ер адам Ақтаудағы суши-маркет желісінің басшысы болып жұмыс істеген. Басшылық қызметті тастап, «барып кел, шауып кел» болып жүргеніне қарағанда, есірткіден түсетін пайда қомақты болса керек. Екінші күдікті, 32 жастағы азамат оған заңсыз істерін орындауға көмектескен. Олардың тұрғылықты жерін тексеру барысында 692 грамм «мефедрон» синтетикалық препараты табылып, тәркіленді.
Маусым айынан бастап республика аумағында «Қарасора» жедел-алдын алу іс-шарасы өтіп жатыр. Тәртіп сақшыларының шеңгеліне ілінген қылмыскерлердің саны төбе шашыңды тік тұрғызады, ал ұсталмай жүргендері қаншама?! ІІМ-нің мәліметінше, тек 2 айдың өзінде полицейлер 678 есірткі қылмысын анықтаған. Оның ішінде 299-ы – өткізу, 126 аса ірі мөлшерде есірткіні сақтау фактісі, есірткіні тұтыну үшін ұйымдастырылған 2 притон анықталған. Ал заңсыз айналымнан тәркіленген есірткі көлемі – 8,5 тоннадан астам.
6 мың граффити өшірілді
Еліміздің барлық өңірінде әкімдердің орынбасарлары есірткіге қарсы профилактикалық іс-шаралар жоспарын бекітіп, маусым айының өзінде 1800-ден астам профилактикалық іс-шара ұйымдастырды. Оның ішінде денсаулық сақтау мекемелерімен бірлесіп 700-ден астам, үкіметтік емес ұйымдар өкілдерімен бірге 272 іс-шара өтіп, оған 118 мыңнан аса жас қамтылды.
Ішкі істер органдары тарапынан қолға алынып жатқан шаралар жайында айта келе полиция полковнигі Бақытжан Әмірханов: «Барлық өңірде ҮЕҰ-мен бірлесіп есірткі сайттарын жарнамалайтын граффити-жазуларды анықтау және бояп өшіру бойынша акциялар ұйымдастырылды. Оған 200-ден аса ерікті тартылды. Жалпы саны 6 мыңнан аса граффити өшірілді. Сондай-ақ өңірлерде есірткіге қарсы тақырыпта 169 көше баннері орнатылып, 206 LED экранда әлеуметтік бейнероликтер көрсетілді», деді.
Оның айтуынша, жазғы лагерьлерде, үйірмелерде, аула клубтарында 12 жастан асқан жеткіншектерге арналған спорттық және демалыс іс-шаралары өткізіліп, оған еріктілер мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері белсенді қатысқан. Ішкі істер министрлігі есірткі қылмыстарын жасау үшін ықтимал қауіпті орындарды анықтау бойынша жұмысты тәмамдап, енді әкімдер алдында сол орындарға бейнебақылау камераларын орналастыру бойынша бастамашылық жасауды жоспарлап отыр.
Есірткі бизнесіне және нашақорлыққа қарсы күреске арналған кешенді жоспардың аясындағы іс-шараларды іске асыруға 4 тармақ бойынша жалпы сомасы 4,2 млрд теңге бөлінген. Полиция полковнигі Бақытжан Әмірхановтың айтуынша, оның кейбір тарауларын орындау Ішкі істер министрлігіне жүктелген. Атап айтқанда, «Ирис», «Аргус» және «Тритон» аппараттық-бағдарламалық кешендерін сатып алу, аумақтық бөлімшелер үшін есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімшелерін материалдық-техникалық жарақтандыру көзделген.
Бұрын сау адам мен нашақордың арасы барынша алшақтау болса, қазір екі тараптың ортасын электронды темекі, вейп секілді зиянды дүниелер жалғап жатыр. Мамандар вейп тартуға әуестенген адамның кейін есірткіні ермек қылуы оңай екенін жасырмайды. Кейде нашақорлардың санын көбейтіп, есірткі бизнесін гүлдендіру үшін арнайы ойлап табылған жоспар емес пе деген ойға қаласың. Жастар арасында электронды темекі шегетіндердің көбеюі нашақорлық секілді кеселге шалдығу қаупін арттырғаны жасырын емес. Сондықтан бұл проблеманың күн тәртібінен түспей тұрғаны кім-кімді де болсын ойландыруы керек.