Тамыздың қорытындысы бойынша инфляция 13 пайыз болып, жыл басымен салыстырғанда (20 пайыз) біршама баяулағанына қарамастан тауарлар мен қызметтер әлі де қымбат. Jusan Analytics дерегі бойынша ел тұрғындары тапқан табысының 60-70 пайызын күнделікті шығындарына жұмсауға мәжбүр. Әрине, күнделікті шығын санаты да әр алуан. Біреу үшін ол тамақтану, киім кию болса, біреулер жалақысының басым бөлігімен несиесін жабады, қарызын өтейді.
Jusan тобы базалық шығындарға, яғни әрбір адам немесе отбасы үшін сәл де болса жайлы өмір сүруге және негізгі өмірлік қажеттіліктерді қанағаттандыруға қажетті шығындарға талдау жүргізген. Олар жасаған негізгі тұжырымдар мынадай:
Ай сайын базалық шығындарға орта есеппен 246,3 мың теңге немесе жалақының 60%-ы кетеді; Ең көп шығындар жалақы алғаннан кейінгі алғашқы 4 күн ішінде жұмсалады; Мегаполистерде жайлы өмір сүру және барлық базалық шығындар үшін кем дегенде айына 450 мың теңге қажет; Барлық базалық шығындарды қанағаттандыру үшін Алматы мен Астанада жұмыс істейтіндердің жартысына жуығында (49%) шығындарды өтеу үшін жалақы жете бермейді; Алматыда қаржылық тапшылыққа тап болатындардың саны Астанаға қарағанда 4 есе жоғары; Орташа тап өкілдеріне жалақысы 700 мыңнан 1,2 млн теңгеге дейін алатын жұмыскерлердің 4,4%-ы ғана жатады. Олардың күнделікті шығындары табыстарының 40-50%-ын құрайды; Табыстары орташа деңгейден жоғары жұмыскерлердің үлесі жұмыспен қамтылған халық ішінде бар болғаны 2% ғана.Jusan Big Data деректері бойынша 2022 жылы Астана мен Алматы жұмыскерлерінің орташа айлық жалақысы (салықтар мен әлеуметтік жарналарды төлегеннен кейін) 412,3 мың теңгені құрады. Ал осы ретте негізгі қажеттіліктерге жұмсалатын шығындар 246,3 мың теңге болды немесе жалақының 60%-ын қамтыды. Шығындардың көпшілігіне ақша негізінен жалақы алған күннен кейін төленеді. Осы күндері орта есеппен немесе айлық шығындардың 29%-ы жұмсалады. Кейінгі шығындар апта сайын біртіндеп азая береді. Осы ретте күніне ең көп жұмсалатын шығындар жалақы алғаннан кейінгі алғашқы 4 күнге тура келеді (10-12 мың теңге).
Зерттеуге сүйенсек, Алматы тұрғындары Астанаға қарағанда ақшаны айына 15%-ға көп жұмсайды екен. Жалпы, екі мегаполистегі орташа жалақы бірдей десе де болады: елордалық жұмыскерлер үшін 413 мың теңге және алматылық жұмыскерлер үшін 412 мың теңге. Алайда Алматыда базалық қажеттілік шығындары жалақының 63%-ын немесе айына 261,6 мың теңгені құраса, мұндай шығындар үлесі бас шаһарда 55% немесе 228,2 мың теңгеге тең.
«Алматы тұрғындары жалақы алғаннан кейінгі алғашқы аптада орта есеппен 76,1 мың теңге шығындайды. Одан кейінгі апталарда шығындар азайып, 4-аптада базалық шығындардың 23%-ын құрайды. Астана тұрғындары жалақы алғаннан кейінгі алғашқы аптада 64,3 мың теңге жұмсайды. Бұл Алматыға қарағанда 16%-ға төмен. Әрі қарай базалық шығындар сомасы екінші және үшінші апталарда азаяды да, төртінші аптада аздап көтеріледі, яғни 53,8 мың теңгені немесе базалық шығындардың 24%-ын құрайды. Орта есеппен Астанада күнделікті жұмсалым 8149 теңгені құраса, Алматыда бұл сома 9342 теңгеге тең», деп мәлімдейді Jusan Analytics.
Сонымен қатар зерттеу ерлердің әйелдерге қарағанда көп табыс табатынын және көп шығындайтынын растады. Jusan Big Data деректері бойынша 2022 жылы ерлердің орташа айлық жалақысы (салықтар мен әлеуметтік жарналарды төлегеннен кейін) 457,4 мың теңге болды. Бұл әйелдерге қарағанда 22%-ға жоғары. Ал нәзік жандылардың орташа жалақысы – 374,6 мың теңге. Базалық қажеттіліктерге келер болсақ, ерлер ақшаны әйелдерге қарағанда 19%-ға көп жұмсайды. Ер азаматтардың негізгі шығыны жалақысының 59%-ын немесе 269,9 мың теңгені құрады.
Ал әйелдер жалақысының 60 пайызын немесе 226,6 мың теңгені ағымдағы қажеттіліктерге жұмсайды екен.
«Егер екі қаланың арасындағы айырмашылықтарды қарайтын болсақ, Алматыда ерлер де, әйелдер де астаналықтарға қарағанда көп ақша жұмсайды. Алматылық ер азаматтар базалық қажеттіліктерге бәрінен көп шығындалады – 291,4 мың теңге. Бұл – олардың жалақысының 64 пайызы. Ең аз жұмсайтындар – астаналық әйелдер. Олардың шығындары 212,9 мың теңгеге, яғни жалақыларының 57 пайызына тең», дейді сарапшылар.
Зерттеуден шыққан тағы бір түйін – 200 мың теңгеге дейін жалақы алатын жұмыскерлер ақшасының күнделікті шығындарды өтеуге жетпейтіндігі.
«Саламатты қаржылық тұрақтылықтың негізгі қағидаттарының бірі – табыстың шығындарды өтеуі және қаржылық қауіпсіздік үшін болашаққа ақша жинақтауға мүмкіндік беруі. Алайда кейбіреулердің шығыны тапқан табысынан асып кетіп жатады. Бұл оларды кредит пен басқа қарыздарға тәуелді етеді. Лондонның экономика және саяси ғылымдар мектебі және экономикалық зерттеулер институтының зерттеулеріне сәйкес Қазақстанның әрбір екінші тұрғыны қаржылық қиындықтарға тап болады. Ресми статистика деректері бойынша 200 мың теңгеге дейін жалақы алатын жұмыскерлер негізінен мамандықты талап етпейтін жұмыстармен айналысады (тазалаушылар, аула сыпырушылар, күзетшілер, қосалқы жұмыстар), сондай-ақ бөбекжайда бала бағушы, әлеуметтік жұмыскер, малшы, даяшы, автокөлік жүргізушісі, техник, электрик секілді мамандық иелері болып жұмыс істейді. Мұндай жұмыскерлерді халықтың әлеуметтік аз қамтылған тобына жатқызуға болады. Өйткені оларға қалыпты өмір сүру салтын қамтамасыз ету үшін, әрине, қаражат жетіспейді», дейді Jusan мамандары.
Олардың пайымынша, халықтың төмен қамтылған тобына 201 мыңнан 400 мың теңгеге дейін жалақы алатын алматылықтарды және 300 мың теңгеге дейін жалақы алатын астаналықтарды жатқызуға болады. Бұл қатарда агроном, темір балқытушы, тас қалаушы, хатшы, әкімші, кассир, медбике, мейіргер және басқалар бар.
400 мыңнан 700 мың теңгеге дейін жалақы алатын жұмыскерлер орташа тап өкілдері болып саналады. Өйткені базалық қажеттіліктерге олардың 280 мыңнан 330 мың теңгеге дейін ақшасы немесе жалақының 50-70%-ы кетуі мүмкін. Олар негізінен мұнай мен газ өндіруші оператор, бағдарлық автобустардың жүргізушісі, мектеп мұғалімі, ауруханада бөлімше меңгерушісі, дәрігерлер, құрылыс және монтаж жұмыстарының ұстасы, есепші, заңгер болып қызмет атқарады. Бұл санаттағы жұмыскерлер ірі сатып алулар, саяхат жасау немесе жоғары деңгейде білім алуға қол жеткізуде шектеулерге тап болулары мүмкін.
Орта тап өкілдеріне жалақысы 700 мыңнан 1,2 млн теңгеге дейін баратын жұмыскерлерді жатқызуға болады. Олардың жалақысы базалық қажеттіліктерді айтарлықтай шектеусіз өтеуге мүмкіндік береді. Бұл шығындарға орта есеппен 380 мыңнан 450 мың теңгеге дейін немесе жалақының 40-50 пайызы жаратылады. Табыстың қалған бөлігі ай сайынғы ипотекалық төлемдерді, басқа да несиелерді төлеуге, ақша жинауға және жыл сайынғы еңбек демалысын жоспарлауға мүмкіндік береді. Ресми статистикаға сүйенсек, 2022 жылы мұндай жалақыны ұйымдар мен бөлімше жетекшілері, инженерлер, геологтер, ұшқыштар, бағдарламашылар, маркетологтер, қаржыгерлер алған.