Он жылдық белесін табыспен тәмамдаған «Астана Опера» ұжымы күні кеше жаңа маусымының шымылдығын түрді. Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің әйгілі «Абай» операсымен ашылған театрдың жаңа маусымда да жаңалығы мол. Өнер ордасының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Ахмедьяров театрдың алдағы жоспарын айтты.
– «Астана Опера» елордамыздағы жас театрлардың бірі болғанына қарамастан, өзінің бай да мазмұнды репертуарымен қашан да көрерменіне зор қуаныш сыйлап келеді Он жыл бойы бас қаламыздың рухани-эстетикалық кемелденуіне қызмет етіп келе жатқан ұжым еліміз ғана емес, әлем бойынша мойындалған, тамаша талантымен танылған таңғажайып өнер ордасы деп бүгінде мақтанышпен айта аламыз. Театр репертуары әлемдік классикалық жауһарлармен ғана емес, ұлттық туындылармен де маусым сайын толығып, қазақ өнерінің көсегесін көгертуге бар күш-жігерімізді арнап қызмет ету үстіндеміз. Биыл да осы дәстүрден танбадық. Театрымыздың жаңа маусымының шымылдығы Мұхтар Әуезовтің либреттосына жазылған А.Жұбанов пен Л.Хамидидің әйгілі «Абай» операсымен түрілді. Тамаша туынды Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Алан Бөрібаевтың баян етуінде «Астана Операның» жаңа маусымына жаңаша өрнек сыйлағаны сөзсіз. 70 жылдан астам уақыт бұрын қазақстандық классикалық музыка данышпандарының қаламынан шыққан бағалы туынды еліміздің жетекші опера театрында жаңа тынысқа ие болды. «Астана Операның» бас дирижері Алан Бөрібаев шексіз таланты мен ұлттық классикаға, атап айтқанда, өзінің нағашы атасы А.Жұбановтың шығармаларына деген ерекше құрметінің арқасында «Абай» операсын еліміздің музыка өнерінің бойтұмарына айналдырды. 2018 жылы осы қойылым үшін театр Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығымен марапатталды. Тәуелсіз Қазақстанның төл бейнесіне айналған спектакль әлемнің көптеген елдерінде қойылып, көрермен қауымның ыстық ықыласына бөленді. Атақты «Абай» жаңа маусымда да көрермен көзайымына айналады деп сенеміз.
– Он жыл – театр үшін үлкен белес. Айтулы белесті артқа тастаған ұжымның жаңа маусымда көрерменіне ұсынар қандай жаңалығы бар?
– Алғашқы жылдары біз репертуарымызды классикалық қойылымдармен толықтыруға белсене күш салдық, өйткені «Астана Опера» – классикалық театр. Десек те ұлттық репертуарды да назардан тыс қалдырмадық. Қазір, керісінше, репертуарды ұлттық спектакльдермен байытуға жұмыс істеудеміз. Өзіңіз де көріп көзайым болғандай, театрымыздың өткен мерейтойлық маусымын Ахмет Жұбанов пен Ғазиза Жұбанованың «Құрманғазы» операсымен қорытындыласақ, биылғы маусымның ашылуы да қазақстандық композиторлардың туындыларын тірек етті. Алдағы маусымдарда бұл іс тіпті еселене түспек. Яғни жаңа маусым да ұлттық репертуармен жанданады. Алайда мынаны түсіну керек: біз қойылымдарды «қалыпқа» салмай, қазақ музыка мәдениетінің алтын қорына енген ұлттық туындыларға өте мұқият қараймыз және оларды әлемдік деңгейде басқа театрлардың жұмысын қайталамайтын бірегей көзқарас тұрғысынан қоямыз. Оның айқын мысалы – әңгімеміздің басында сөз еткен «Абай» операсы. Жаңа маусымды ұлттық классика туындысымен аша отырып, «Астана Опера» театры еліміздің бай мәдени байлығын сақтау мен арттырудың, отандық авторлар мен орындаушыларды танымал етудің маңыздылығын баса көрсетті деп есептеймін.
– Ғалым Алғиұлы, Астанаға ел өңірлерінен адамдар өте көп келеді, олардың кейбірі театрға дресс-код сақтап қана кіруге болады және билеттердің бағасы аса қымбат деген ойда. Осы рас па?
– Театрдың баға саясаты барынша оңтайлы десек болады. Спектакль билеттері қымбат емес, жазғы демалыстан кейінгі кезеңде. Мысалы, қыркүйек айында К.Байсейітова атындағы Камералық залдағы концерттерге билеттер шамамен 3 мың теңге тұрады, сондай-ақ театрымыздың Үлкен залында өтетін спектакльдердің бағалары да әбден қолжетімді. Дресс-кодқа келер болсақ, бұл да қате пікір. Біз тілек білдірушілердің бәрін қуана қарсы аламыз. Әрине, егер адамдар әдемі киініп келсе, құптаймыз, осы арқылы олар, ең алдымен, өздеріне мереке сыйлайды ғой. Сондықтан да театрымыздың есігі өнерді сүйіп, бағалайтын кез келген көрерменге айқара ашық!
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Назерке ЖҰМАБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»