Ауылдағылар дүкеннен нан сатып алмайтын. Әр отбасында ақ жаулықты аналар бірі тандырға, енді бірі табаға салып, ас атасы – нанды өздері жабатын. Ілгеріде. Кейінірек оған заманауи дерлік қысқа толқынды пештерде пісіретіндер қосылды. Бүгінде нанды және нан өнімдерін дүкеннен сатып алатындардың қатары қалыңдай түскен. Оның себебі де көп. Соның бірі – сапасы, яғни ерекше дәмінде болса керек. Мысалы, Созақ ауданындағы Жуантөбе ауылының тұрғындары Аманқыз пісірген нанды тұтынады, той-жиын өткізетіндері де соған тапсырыс береді.
Көршілес ауылдардан келіп тапсырыс берушілер де, тұрақты тұтынушылары да көп. Жұрт сүйсіне жейтін нан пісірудің сырын да сұрағанбыз Аманқыз анадан.
«Нанды қолмен ашытамын, барлық жұмысты қолмен істеймін. Ауылдағылардың көбісі «Сенің қолыңнан шыққан нан тәтті болады», деп шабыттандырып қояды. Әрине, өзің сүйген іске ынта-шынтаңмен кіріссең, сүйіспеншілікпен беріле атқарсаң, оң нәтиже болады. Әрбір істе адалдықтың алар орны ерекше, нан жапқанда, нан-тоқаш өнімдерін пісіргенде адал ас деген дініміз бен діліміздегі киелі ұғым санамда сайрап тұрады. Еңбегіме берілген баға да ынталандырады, жауапкершілікті сездіреді», дейді Аманқыз Орынбасарқызы.
Жұрт айтқан жақсы лебізге балаша қуанатын Аманқызды ауылдастары кеңпейіл, елгезек, ашық-жарқын ана деп таниды. Жуантөбеге келін болып түскен алғашқы жылдары Аманқыз I топтағы мүгедек қайын атасына қарайлап, үй шаруасынан шыға алмаған. Атасының жағдайын жасап, қыздарының тәрбиесі мен біліміне көңіл бөлуге де үлгеретін. Кейінірек «Оңтүстік жарық» энергетикалық ұйымында есепші болды, одан кейін он жыл мемлекеттік балабақшада шаруашылық бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. Міне, сол кезден-ақ негізгі жұмысынан бөлек нан пісіріп, сатуға шығара бастапты. Ел ішін індет жайлаған пандемия кезінде наубайхана ісіне толық кірісіп, нан өнімдерінің бірнеше түрін ауылдастарына ұсынған. Бұл орайда бойжетіп қалған қыздары көмектесе бастап, нанмен қоса басқа да тағам түрлеріне тапсырыс қабылдайтын болған. Уақыт өте келе самса, қаттама, бәліш тағы да басқа тәтті нан өнімдерін шығара бастады. Бүгінде фастфуд өнімдерін де қолға алып, нәсібін ұлғайтып отыр.
«Осы кәсіппен айналысқалы үйге береке кіріп, көп жайтқа басқаша қарай бастадым. Шынайы еңбектің ырысы мен несібесі мол. Жалпы, өзім – үй шаруасындағы анамын. Мамандығым – есепші-экономист. Осы ауылға келін болып түскеніме 28 жыл болыпты. Бес қызым бар, үлкені тұрмыста, екеуі мектепте оқиды. Әрдайым қолдау көрсетіп отыратын күйеуім зауытта жүргізуші болып жұмыс істейді. Ең алғаш кәсібімді 2018 жылы нан жабу ісімен бастадым. Ауылда 2 мыңнан аса тұрғын бар, күніне 150-дей нан жабамын. Уақыт өте келе түрлі тәтті нан өнімдерін шығарып, бұл кәсіпке деген қызығушылығым арта түсті. Осылайша, наубайханада кәсіби маман ретінде жұмыс істеуді ұйғарып, чикен, котлет, балық және лаваш, фастфуд өнімдерін пісіруді де қолға алдым. Ауылым аудан орталығынан шалғай орналасқандықтан, сұраныстың басым көпшілігі жергілікті тұрғындар тарапынан түседі. Халықтың арқасында табыс тауып отырған соң барынша сұранысқа сай үлгеріп, көптің көңілінен шығуға тырысамын», дейді кәсіпкер Аманқыз Нәлібек.
Той, жиындар да жиі өткізілетін өңірде қосымша тағамдарға сұраныс көп. Аманқыз Орынбасарқызы кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар аясындағы қайтарымсыз грантқа үміткер ретінде өтінім білдірген екен. Алайда мәртебесі сәйкес келмей, грант ала алмапты. Дегенмен жұмысын жалғастырып, дамыта түсу үстінде. Егер қаржылай көмек болса, іске асырғысы келетін жаңа идеялары баршылық. Мысалы, жартылай фабрикаттар шығарғысы келеді және асхана ашуды да ойлайды. Қасына көмекші алып, жаңа жұмыс орындарын ашуды көздейді.
«Нан ашуға қажетті жабдықтар алсам деймін. Әрине, алдағы уақытқа жоспар көп. Халқымыз «Ас атасы – нан» дейді. Нанды қастерлеп, қадір тұтқан. Бала кезден ата-аналарымыз нанды қадірлеуді, аяқасты етпеуді үйреткен. Үйге асығып тұрған кісі келсе, «Ең болмаса, наннан ауыз тиіңіз» дейміз. Бұл – нанның құдіретті ас екенінің белгісі. Нанмен жұмыс істеуде адалдық қажет. Сол адалдықпен, Алла бұйыртса, барлық мақсатыма жетіп, дастарқанымыздан нан үзілмесін деген ниетпен бастаған наубайхана кәсібімді дамытамын деп ойлаймын. Қазіргі таңда елімізде кәсіпкерлерді қолдау бағытында жақсы жұмыстар атқарылып, бағдарламалар жүзеге асып жатыр. Мұның шарапаты тек кәсіпкерге ғана емес, ауылды жерлердегі жұмыссыздарға да тиіп отыр. Жұмыссыздықты жоюдың бірден-бір жолы – кәсіпкерлерді қолдау. Себебі адамдарды жұмыспен қамтитындар сол – кәсіпкерлер. Жөнін тапсаң, жұмыстың жаманы жоқ. Еңбек еткенге бақыт та басын иеді. Әлем тек еңбекпен ғана жасарып, жаңарады», дейді Аманқыз Орынбасарқызы.
Қазір кәсіпкер өнімдерін аудандағы бірнеше дүкенге өткізеді. Осылайша, көпбалалы ана отбасылық кәсіпті дамытып, дәмді өнімдерін аудан нарығына шығарып, ел алғысын алып отыр.
Жалпы, ауданда Аманқыз Орынбасарқызы сияқты жеке кәсіп ашып, табыс тауып жүрген аналар аз емес. Мысалы, Шолаққорған ауылының тұрғыны Гүлнахар Мамилаева қазақтың сәндік тоқыма қолөнерін қолға алып, сұранысқа ие бұйымдар шығаруда. Алғаш кәсібін балаларға арналған сәнді үлгідегі киімдер мен ойыншықтар тігуден бастаған ол қазіргі таңда аяқкиімдер тоқып, табыс көзін арттыруда. Тапсырысқа орай балалар мен ересектерге арналған түрлі аяқкиімдер, сөмкелер тоқуда. Бала жасынан тоқуға құмар болған ол бұл істі сүйікті кәсібіне айналдырған. Оның қолынан шыққан тоқыма бұйымдары ішкі туризмді дамыту мақсатында ұйымдастырылған өңірлік көрме-байқауында көпшіліктен жоғары баға алған. Ендігі мақсаты – түйе-қой жүндерін өңдейтін заманауи техникаларды игеру арқылы үлкен кәсіп ашу. Сондай-ақ Гүлнахар Мамилаева үйде отырған қыз-келіншектерге өз білгенін үйретіп, шәкірт тәрбиелеу ісін де қолға алыпты.
Айта кетелік, халықтың табысын арттыру мақсатында Созақ ауданында 6 айда 550 жаңа жұмыс орны ашылған, жұмыссыздық деңгейі 5 пайызды құрайды.
Түркістан облысы