«Астана Опера» ұжымының Грузия еліндегі гастрольдік сапары 23 қыркүйек күні Шота Руставели атындағы Ұлттық мемлекеттік академиялық театр сахнасында өтеді деп жоспарланып отыр. «Тбилисидегі дала үні» аталатын концерттің грузиялық тыңдарман қауымға ұсынар жаңалығы көп. Алғаш рет Тбилиси төрінде өнер көрсеткелі отырған театр жаңа бағдарламасымен тыңдарманын қуантуға асық.
Грузиялық көрермен қауымды жетекші солистер мен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдиннің жетекшілігіндегі театрдың симфониялық оркестрі мен хорының орындауында отандық шығармалардан музыка, сондай-ақ әлемдік жауһарлармен ұмытылмас кездесу күтеді.
– Жыл санап «Астана Опера» театры гастрольдерінің географиясы кеңейіп келеді. Елімізде де, шетелдерде де әртістеріміз бен музыканттарымызды құшақ жая ыстық ықыласпен қарсы алады. Шетелдегі әрбір өнер көрсету – жауапты әрі толқынысты оқиға. Себебі біз өз театрымызды таныстырып қана қоймай, еліміздің атынан өнерімізді паш етіп, шетелдіктерді ұлттық мәдениетімізбен сусындатамыз. Тәжірибеде көрініс тауып отырғандай, әлем тыңдармандарының қазақ өнеріне деген қызығушылығы айрықша. Сондықтан біз үнемі гастроль бағдарламасына отандық авторлардың туындыларын енгіземіз. Бұл – сөзсіз-ақ ұғысатын әмбебап музыка тілімен өз еліміз туралы айтудың тамаша мүмкіндігі, – деп атап өтті «Астана Опера» директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Ахмедьяров.
Грузия астанасында өтетін гастрольдік сапардың көркемдік деңгейіне жауапты маман – «Астана Опера» театры бас дирижерінің орынбасары Абзал Мұхитдин қазақ операларының музыкасы мен аспаптық нөмірлердің үлкен бөлімінен тұратын таңғалдырарлық гала-бағдарлама әзірлемек. Сонымен қатар есімдері дүние жүзіне аян композиторлардың операларынан ариялар мен ансамбльдер шырқалады.
Маэстроның айтуынша, театрдың грузин әріптестері Манана Гуния және Алла Симонишвилимен көпжылдық жемісті ынтымақтастығы Ш.Руставели атындағы театрдың фойесіндегі «Пикколо театры» жобасының операларынан костюмдер көрмесінен және концертте опера-буффаның сахналарын орындаудан көрініс таппақ.
– Біздің солисіміздің грузин операсынан арияны орындауы, сондай-ақ домбыраның ойнауы көпшілік үшін тосынсый болады, – деп бөлісті Абзал Мирасбекұлы.
Театр әртістері мен музыканттарының Тбилиси сапарына дайындығы тыңғылықты. Грузия бүкіл әлемге музыкаға, атап айтқанда, вокалды музыкаға деген ерекше сүйіспеншілігімен танымал. Бағдарламаға театрдың жетекші солистері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері – Жанат Шыбықбаев, Салтанат Ахметова, Айгүл Ниязова, Медет Шотабаев, Мейір Байнеш, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жаннат Бақтай, сондай-ақ халықаралық және ұлттық байқаулардың лауреаттары Гүлжанат Сапақова, Евгений Чайников, Татьяна Вицинская, Ержан Саипов, Артур Ғабдиевтің қатысуы жоспарланған. Театрдың опера труппасының директоры – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Жылтыркөзов.
Еске сала кетсек, өткен мерейтойлық маусымда «Астана Опера» Мәдениет министрлігінің қолдауымен Баку, Мәскеу, Минскіде, сондай-ақ Польша мен Словенияда және еліміздің көптеген өңірінде табысты өнер көрсетіп қайтты.