Жаһандану кезеңінде бәсекеге қабілетті және сұранысқа ие мамандарды даярлау өте маңызды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған жаңа Жолдауында мұны ерекше айтты.
Жоғары оқу орындарындағы білім сапасын әлемдік деңгейге сай жетілдіру қажеттілігін өмірдің өзі талап етіп отыр. Президент те болашақ дамуымыз білім саласында инновация жетістіктерін кеңінен пайдалануға байланысты екенін ескертті. Әсіресе білім беру саласындағы көптеген өзгеріс жоғары оқу орындарындағы күрделі мәселелерді анықтап берді. Жолдауда даярланатын мамандардың сапасына, үздіксіз білім мен ғылыми жетістіктерді игерудің ұлттық экономикаға тигізетін әсеріне, саланы жетілдірудің маңызына тоқталды. Қазіргі кезде басқарудың заманауи әдіс-тәсілдерін меңгерген мамандарға деген қажеттілік күннен-күнге артып келеді.
Жолдаудағы міндеттер ҚазҰУ-да бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға, жаңа білім бағдарламаларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Қазір университеттің менеджмент кафедрасында Болон үдерісіне сәйкес, шетелдің жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс орнатып, білім бағдарламасы стандартын тәжірибе жүзінде шыңдауға қол жеткізіп отыр.
Студенттер, магистранттар, докторанттар АҚШ (Вашингтон), Италия, Нидерланд, Польша, Ресей (РУДН), Чехия мемлекеттерінің университеттерінде білім алмасу бойынша академиялық тағылымдамадан өтіп жатыр. Университетіміз Ғылым және жоғары білім министрлігінің 2023-2025 жылдарға арналған ғылыми және ғылыми-техникалық жобаларын гранттық қаржыландыру конкурсында 75 жобаны жеңіп алды. Оның ішінде менеджмент кафедрасының ғалымдары үш жобаны орындайды.
Экономика және бизнес жоғары мектебінде теориялық және қолданбалы пәндерді оқытуды академиялық дәстүрге сай жоғары деңгейде жүзеге асырып келеді. Университет жоғары білікті кадрларды даярлаудың үздік отандық тәжірибесіне сүйене отырып, мемлекеттік қызметке маман даярлаудың құзыреттілігін қалыптастыруға ұмтылып келеді.
Менеджмент кафедрасының профессор-оқытушылары Мемлекет басшысының ел экономикасын жан-жақты талдап, дамудың стратегиясын көрсеткен Жолдауын жүзеге асыру бағытында ғылыми-педагогикалық шеберлігін, ізденісін арттырады деп сеніммен айта аламыз.
Оңалбек АБРАЛИЕВ,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ менеджмент кафедрасының профессоры, экономика ғылымдарының докторы