• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
08 Маусым, 2010

ЕЛОРДАҒА АРНАЛҒАН ЖЫР КЕШІ

553 рет
көрсетілді

Астанадағы Конгресс-холл са­рай­ында халықаралық “Алаш” сый­лығының лауреаты, ақын Се­рік Тұрғынбекұлының “Аспан­ның асты – Астана” атты шығар­ма­шылық кеші өтті. Кең сарайдың түндігін ақын­ның достары мен шығармашылық жолындағы әріптестері шырқаған әндер желпілдетіп жібергендей. Авторы Серік Тұрғынбекұлы болып табылатын 20-дан астам әндердің қай-қайсысы да кешке жиналған қауымның ризашылығына бөленді. Бірінен соң бірі шырқалған әндер астаналықтардың құлақ құрышын қандырды. Алдымен Астана қа­ла­лық мемлекеттік филармо­ния­сы­ның ұлт ас­паптар оркестрі орын­да­ған Нұр­ғиса Тілендиевтің “Әлқис­са” күйі­нің сүйемелдеуімен сахна төріне шыққан Серік Тұрғын­бек­ұлы өзінің “Әлқисса” деп аталатын жыр шума­ғын оқыды. Осыдан кей­ін ақынды шығармашылық ке­ші­мен құттық­тауға келген Қазақ­стан­ның халық әр­тісі Нұрғали Нү­сіп­жанов “Ақкөл­ден ұшқан аққулар”, ал Қазақ­стан­ның халық әртісі Ескендір Хасан­ға­лиев ұлы Бір­жан­мен бірге ақын­ның сөзіне жазылған “Құтты бол­сын, туған күнің!”, “Ақ періште” ән­дерін шырқады. Сон­дай-ақ бел­гілі әншілер Марат Омаров, Гүлзира Бөкей­хан­қызы арнайы келіп, өз өнерлерімен жұрт­шылықты тәнті етті. Сондай-ақ, шығармашылық кеш­те басқа да әншілердің орындау­ында “Ер­ке қыз”, “Сұлуым”, “Ер Жәні­бек”, “Ас­­тана – ару, Астана” ән­де­рі шыр­қалып, “Кейкі батыр” жә­не “Сә­­кен сұңқар” дастан­да­ры­нан үзінді оқы­лып, тыңдармандар ықы­ласына бөленді. Торғай облысы, Жангелдин ау­даны, Тосын құмында дүниеге кел­ген ақын қазақ руханиятына мол олжа салды десе де болады. Оның “Мұқағали” драмасы осы күнге дейін сахнадан түспей келе жатса, “Абай-Біржан” деп аталатын музы­калық драмасы соңғы екі жылдан бері Семей театрында үзіліссіз қойылып келе жатуы бұл сөзіміздің толық айғағы десек, “Кейкі батыр” және “Сәкеннің соңғы көктемі” драмалары театр сахналарында өз кезегін күтіп жатқан көрінеді. Соңғы жылдары ақынның “Асан ата ізімен”, “Жерорта” атты кітап­тары да жарық көріпті. Өз кешін “Аспанның асты – Ас­тана” деп атаған ақын оның сырын мемлекетіміздің елордасы – барша қазақтың мақтанышы, келе­шек ұр­пақтың қаласы екендігімен түсін­дірген. Өз сән-салтанатымен, жоғары деңгейде өткен кештен тыңдармандар үйлеріне ризашы­лықпен қайтты. Венера ТҮГЕЛБАЙ.