Ел астанасында көрнекті жазушы, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Оралхан Бөкейдің 80 жылдық мерейтойы аталып өтті. Қаламгердің өмірі мен шығармашылығына арналған көрмеден басталған іс-шаралар легі дөңгелек үстел басындағы рухани жиынға ұласты. Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Ұлттық академиялық кітапханада өткен «Шолпандай таң алдында туып батты» атты конференцияға мәдениет пен қоғам қайраткерлері, зиялы қауым мен қарапайым оқырман қауым қатысты.
Алқалы жиын басында Президент кеңесшісі Бауыржан Омаров Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың конференцияға қатысушыларға арналған құттықтау хатын оқып берді.
«Оралхан Бөкей – ұлт руханиятының көкжиегін кеңейтуге зор үлес қосқан біртуар тұлға. Қарымды қаламгер әдебиет әлеміне алғаш қадам басқан сәттен бастап шоқтығы биік шығармаларымен оқырман қауымның ықыласына бөленді. Жазушының жауһар мұралары көптеген шет тіліне аударылды, пьесалары еліміздің іргелі өнер ордаларында қойылып, көрермен көзайымына айналды. «Алтайдың Кербұғысы» атанған ерекше дарын иесінің шығармашылық жолы, азаматтық ұстанымы және қайраткерлік қасиеті – жастарға әрдайым үлгі-өнеге. Оның мол әдеби мұрасы әлі талай ұрпаққа рухани азық бола беретіні сөзсіз», делінген Президенттің құттықтау хатында.
Әдеби жиынның модераторлық тізгінін филология ғылымдарының докторы, профессор Сауытбек Абдрахманов ұстады.
«Бүгін елдің руханиятында үлкен оқиға болып жатыр. Осы отырыс халқымыздың бойындағы асыл қасиеттерді, сөз өнеріміздің ғажайып сырын аша түспек. Бұл – Оралхан Бөкейге арналған кеш. Орекеңе алғаш жолығуым өзі қызық. Бейне бір кеше ғана болғандай, әлі көз алдымнан кетпейді. 1970 жыл, ол кезде студентпін. Жазған-сызғанымды «Лениншіл жасқа» алып бардым. Кірген бетте оң жағында көзілдірік киген бір жігіт отырды. Оны танымадым. Ал Орекеңді бірден танып, жазбамды соған ұстаттым. Содан жазғанымды апарам да тұрамын. «Өткен сенбіде шықты ғой. Апта сайын шықпасаң болмай ма?» деп қалды бірде Орекең. Мен үндеместен шығып кеттім. Бір уақытта артымнан әлгі көзілдірікті жігіт ере шығып, менің көңілімді демдеді. Сөйтсем, ол Орекеңнің жақын досы, сыйлас інісіне айналған – Сағат Әшімбаев екен», деді Сауытбек Абдрахманов.
Сондай-ақ жиын барысында ғалым Сағымбай Жұмағұл баяндама жасап, қоғам қайраткері, драматург Ермек Аманшаев, абайтанушы, филология ғылымдарының докторы Тұрсын Жұртбай, сенатор Нұртөре Жүсіп, жазушылар Алдан Смайыл, Марат Мәжитов, Шәрбану Бейсенова, журналист Жарылғап Бейсенбайұлы, басқа да Оралханның көзін көрген, замандас болған қаламгерлер сөз сөйлеп, ескі жылдардағы естеліктерімен бөлісті.
Келген қонақтарға Оралхан Бөкейдің 80 жылдығына арналған мерейтойлық медаль салтанатты түрде табысталып, «Шолпандай таң алдында туып батты» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Бұл жинақта жазушы туралы жазылған естелік мақалалар топтастырылған.
Айта кетейік, жазушы мерейтойына орай Астанада жоспарланған іс-шараларға мұрындық болған – Ауылдық аймақтарды тұрақты дамыту қоры.
«Бірнеше жылдан бері Ауылдық аймақтарды тұрақты дамыту қоры республика көлемінде көптеген жобаларды жүзеге асырып келе жатыр. Аймақтардағы жобаларымызда стратегиялық, экологиялық, туристік бағытқа басымдық берген едік. Биылдан бастап біз мәдениетке көңіл бөлуді шештік. Өйткені тұрақты дамудың негізін білім беру мен экономикалық даму тұрғысынан ғана емес, ұлттық құндылықтар жағынан да қарастыруға ұмтылдық. Осы тұрғыда көрнекті жазушы Оралхан Бөкейдің мерейтойына мән беруді жөн көрдік. Катонқарағайдан бастау алған мерейтой бүгінде Астанада жалғасын тапты. Өздеріңіз білетіндей, мерейтой Алматыда республикалық айтыспен аяқталады», деді Ауылдық аймақтарды тұрақты дамыту қорының басшысы Серік Жүнісов.
Еске салсақ, Оралхан Бөкейдің 80 жылдығына арналған іс-шаралар жазушының туған жері Шығыс Қазақстан облысындағы Катонқарағай ауданынан басталды. Мерейтойды республикалық көлемде атап өту Ауылдық аймақты тұрақты дамыту қорының ұйытқы болуымен өтіп жатыр. Ендігі іс-шаралар 28-30 қыркүйек күндері Алматы қаласында жалғасады.