Таяуда Будапештте отбасы қауіпсіздігіне арналған демографиялық саммит өтті. Екі жылда бір рет ұйымдастырылатын жаһандық іс-шарада отбасылық-демографиялық саясаттың Қазақстан моделі ұсынылды.
Халықаралық саммит – саясаткерлер, сарапшылар, дін, бизнес, ғылым және БАҚ өкілдері демография және отбасы институтына әсер ететін негізгі мәселелерді талқылайтын алаң. Биыл іс-шараға әлемнің 60 мемлекетінен мәртебелі меймандар шақырылған. Еліміздің атынан Мажарстан тарапының шақыруымен саммит жұмысына Мәдениет және ақпарат министрі, Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы Аида Балаева арнайы қатысты. Министр Мажарстан, Қатар, Түркия, Сербия, Словения, Марокко, Эквадор және басқа да бірқатар елдің өкілдерімен бірге министрлердің интерактивті панельдік сессиясында сөз сөйледі.
«Жас ұрпақ отбасылық институты құндылықтарын, сүйіспеншілік пен қамқорлықты сіңіреді, соның арқасында жастар болашақта шаңырақ көтеру үшін өздерін қауіпсіз әрі мықты сезіне алады», деп Аида Балаева мемлекеттің тұрақты дамуы үшін отбасы институтының маңызды рөлін атап өтті.
«Қазақстан – көпэтносты мемлекет. Елде 100-ден аса этнос пен 18 діни конфессия өкілдері тұрады», деген министр еліміздің бірқатар демографиялық ерекшелігіне де тоқталды. Бұған қоса отандастарымыздың орташа жасын да атап өтті.
«Қазақстан – жастардың елі, отандастарымыздың орташа жасы – 32 жас. Жастар халықтың 30 пайызын құрайды. Демографтар еліміздегі бірқатар тәуекелді атап көрсетіп жүр. Десе де біз мемлекеттегі жастықтың күш-жігерін елдің даму мүмкіндіктеріне айналдыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Бұған ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та ерекше мән беріп отыр», деді А.Балаева.
Сондай-ақ Аида Балаева еліміздің отбасылық-демографиялық саясатын қалыптастырудың институционалдық негіздерін, оның ішінде реформалар мен әлеуметтік қолдау жүйесін дамыту туралы жан-жақты айтып берді. Әрі қарай балаларды тәрбиелеу үдерісіне елеулі әсер ететін өзекті мәселелерге тоқталып, оларды шешу бойынша қабылданып жатқан шараларды атап өтті. Сөз арасында Аида Балаева келесі саммитте жаңа медианың құндылық бағдарларын қалыптастыруға әсері және заманауи сын-қатерлердің алдын алудағы отбасының рөлін арттыру тақырыптарын талқылауды ұсынды.
Сапар аясында Мәдениет және ақпарат министрі Мажарстанның мәдениет және инновациялар министрі Янош Чакпен және Әзербайжан Ұлттық Жиналысының төрағасы Сахиба Гафаровамен кездесті. Олар екіжақты мәдени ынтымақтастықты арттыру жайын талқылады. Әрі екі елдің отбасылық-демографиялық және мәдени-гуманитарлық қатынастар саласындағы өзара іс-қимылын арттыруға қызығушылығын білдірді.